Кеше биліктің тапсырмасы бойынша конституциялық түзетулермен айналысып жатқан жұмыс тобы «Назарбаев тәуелсіз елдің негізін қалаушы» ретіндегі мәртебесін Конституцияда бекітпек пиғылы көрінді. Билік ұстанған шешім осындай екен. Бұл жаңсақ ұйғарым қайдан шыққан және оның қандай негізі бар?
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында халықтың Нұрсұлтан Назарбаевқа сенімі орасан зор болды. Халық үшін, ұлт үшін еңбек етеді деп сендік. 1997 жылы «Элита Казахстана» деген кітапта «Сіздің кумиріңіз кім?» деген сұраққа өз басым Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) пен Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін атаппын. Халықтың сенгендігі соншалық, 1993 және 1995 жылдары Жоғарғы Кеңесті екі рет таратып жібергені, 1993 жылы қабылданған Конституцияны үш жылға жеткізбей жаңа Конституциямен алмастырғаны күмән туғызса да қолдау білдіріп жатты. Біртіндеп көзіміз ашыла бастады. Сөйтсек, Н.Назарбаев өзіне қарсы шыққан тұлғаларды біртіндеп саяси сахнадан ығыстырып, жеке-дара билікке сол кезде-ақ ұмтылған екен.
Иә, Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбегін мүлде жоққа шығаруға болмайды. Өз басым Назарбаевтың екі еңбегін бөлекше атар едім. Біріншісі, 1998 жылы ел кіндігін Алматыдан Ақмолаға ауыстыруы. Екіншісі, Қазақстанның көрші елдермен шекарасын анықтап, делимитациялық және демаркациялық жұмыстарды жасатуы. Президент ретінде атқарған қалған жұмыстары өзінің қызметтік міндеттеріне кіреді.
Конституцияға өзгерістер жасау жөніндегі жұмыс тобы мүшелерінің бірі: «Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы. Осы мәртебесі анықталатын болады. Оның маңызы зор, себебі оның сіңірген еңбегін, нақты бар фактілерді бәрі біледі, барлық әлем көріп отыр», – дейді жағымпаздық жалауын шабытпен желбіретіп.
«Тұңғыш президент» деп отырғандары олардың түсінігінде – Нұрсұлтан Назарбаев. Бірақ ол тұңғыш президент емес қой. Қазақ мемлекетінің тұңғыш президенті Әлихан Бөкейханов екендігін мектеп оқушыларына дейін біледі. Қараңыз: «1917 ж. желтоқсанында Екінші жалпықазақ съезінде Алаш автономиясы жарияланып, Ә.Бөкейхан сол алғашқы Қазақ республикасының тұңғыш төрағасы (президенті) болып сайланды» (https://kk.wikipedia.org).
Назарбаевты «тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы» деп әспенсіту де шындыққа үйлеспейді. Қазақстан тарихи тұжырым бойынша Алтын Орда мемлекетінің мұрагері. Қазақ хандығы соның орнында пайда болды. Қазақ жері патшалық Ресей бодандығына өткенге дейін де тәуелсіз болғанын еске алайық.
«Қазақстан» сөзінің авторы да Назарбаев емес. Еліміздің «Қазақстан» деп аталуы 1925 жылдан басталады. Сол жылы сәуірде Ақмешітте өткен Кеңестердің V құрылтайының шешімі бойынша бұған дейін Қырғыз АССР-і болып келген республика атауы Қазақ АССР-і, яғни Қазақстан болып өзгерген. Ол кезде Назарбаев дүниеге әлі келмеген.
Қазақ мемлекеттілігінің пайда болуы ең алдымен қазақ халқына, оның азаттық үшін күресіне тікелей байланысты. 1731 жылдан 1991 жылға дейін 260 жылда отаршыл патшалық Ресей мен кеңестік-большевиктік бодандыққа қарсы қазақ халқы 400-ден астам көтеріліс жасаған екен. Соның ең соңғысы – баршамызға белгілі 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі. Міне, тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаған азаттық сүйгіш сол – Қазақ халқы. Қазақ халқының қол жеткізген жеңістерін Назарбаевқа тели салу бұл масқара, ұят жағдай! Мұндай әділетсіздік халықтың ашу-ызасын туғызады!
Жалақы алып атқарған қызметі үшін Назарбаевты әспеттеудің қажеті жоқ. Әрі түрлі айла-шарғымен елімізді 30 жыл билеген бұл азамат тәуелсіздіктің тірегі болып табылатын ауыл шаруашылығын 1990 жылғы деңгейіне де жеткізе алмады. Азық-түліктің 80 пайыздан астамы шетелден тасылады. Қазақстанның сыртқы қарызы бүгінгі таңда 160,9 млрд долларды құрап отыр. Excluzive порталы Коррупция мен криминалдық қылмыстарды тергеу жөніндегі халықаралық (OCCRP) ұйымына сілтеме жасай отырып Қазақстанның алғашқы президентіне тәуелді төрт қайырымдылық қоры оның миллиардтаған доллар активтерін қалай бүркемелеп отырғанын жазады. Оның отбасы мүшелерінің де экономикалық ахуалы қайыршылық деңгейде еместігін білеміз.
Нұрсұлтан Назарбаев өз отбасы мүшелеріне жағдай жасағанымен қазақ халқына «екі сиырдан» басқа бәлендей игіліктер жасай алмады. Есесіне қазақ халқына жасаған қиянаты жетерлік. Соларға тоқталып өтелік.
Ең басты қиянаты – қазақ халқының ұлттық мемлекеттігін ұрлап, жалпақшешей азаматтық мемлекет қалыптастырғаны. 1995 жылғы Конституцияда Қазақстан – мемлекет құраушы қазақ халқының мемлекеттілігі екендігі, оның 400 реттен астам бодандыққа қарсы көтерілісінің жемісі екендігі тұжырымдалмады. Қазақ халқының мәртебесі диаспора деңгейіне түсірілді.
Екінші қиянаты – мемлекеттік тілі қазақ тілі екендігіне қарамастан мемлекеттік органдарда көрші мемлекеттің мемлекеттік тілін аспандатқаны.
Үшінші қиянаты – халықпен ақылдаспай 1995 жылы Қазақстанның ядролық қаруын Ресейге беріп жібергені. Ресей ешбір келісімшартқа қарамайды. Қазір Украинада жүріп жатқан соғыс Назарбаевтың да сол тұста үлкен қателік жібергенін дәлелдейді. Егер біз ядролық держава күйінде қалғанда Ресейге қарап жалтақтамас едік.
Төртінші қиянаты – 1994 жылы Ресеймен одақтас болу туралы идея көтеріп, соның салдарынан Еуразиялық одақ сияқты елімізге түк пайдасы жоқ, алайда Қазақстанды Ресейдің экономикалық, әскери, саяси ықпалына тығып бергені.
Бесінші қиянаты – 1995 жылы қабылданған 98 баптан тұратын Конституцияға ширек ғасырда Парламент арқылы бес рет: 1998 жылы – 19, 2007 жылы – 41, 2011 жылы – бір, 2017 жылы – 31, 2019 жылы – бір, барлығы 93 өзгеріс пен толықтыру енгізіп, Қазақ елінде демократиялық бағыттан алшақ, авторитарлық режим орнатқаны. Конституциялық өзгерістердің басым көпшілігі президент құзыретін кеңейтуге арналды. Адам құқықтары жайлы баптар өзгерместен қалды.
Конституцияның 3-бабының үшінші тармағында: «Қазақстан Республикасында билікті ешкім де иемденіп кете алмайды. Билікті иемденіп кетушілік заң бойынша қудаланады» делінген. Бірақ Қ.Тоқаев президенттік лауазымға келгеніне қарамастан Н.Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы лауазымын тапсырмастан одан жоғары тұрған күштік құрылым басшысы ретінде билік жүргізгенін қалай бағалаймыз?
Күні кеше қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанның 44 қаласы мен 26 ірі елді мекенінде бейбіт халық көшеге шығып, саяси тұрғыдан жалғыз «Шал, кет!» деп талап қойғаны есте. Халық Назарбаевты жек көреді. Міне, осындай жағдайда Назарбаев есімін Конституцияға кіргіземіз деу – халықты мазақ ету. Ал халықпен ойнауға болмайды! Сондықтан мұндай әбес қадамнан бас тартқан абзал!
Жазушы-публицист
Марат Бәйділдаұлы (Тоқашбаев).
Әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!