Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Халық билікті қалай бақылай алады?

04.02.2021, 13:30 587

«Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық».
ҚР Конституциясының 3-бабы

Демократиялық елдерде билікті халықтың өзі сайлай­ды  және сол  биліктің іс-әрекеттерін өзі бақылайды. Бақылаудың жолдары мен тәсілдері және оны жүзеге асыратын субъектілер де жетерлік. Әдетте, қоғамдық бақылаудың басты «сарбаздары» тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары болып табылады. Биліктегі партия тағайындаған атқарушы биліктің іс-әрекетін қас қақпай бақылайтын тағы бір күш – парламентке өтпей қалған оппозициялық партиялар. Биліктің жаңсақ басқан қадамын, нәтижесіз жұмыс­тары мен жемқорлықтың деректерін халықтың алдына­ жайып салып, келесі сайлауда бас көте­ріп, жұрттың бетіне қарай алмайтын дәрежеге жет­кізу – солардың міндеті. Демек «Ауыл» мен «Адал» партия­лары – қоғамдық бақылаудың ең басты саяси күштері (Егер олардың шын мәніндегі партия екендіктері рас болса…).

Бақылауды мемлекеттік органдар да жүргізеді. Парла­менттің Есеп комиссиясы, жемқорлыққа қарсы күрес агенттіктері сияқты арнайы субъектілер – үкіметтің жаңсақ басқан қадамын қалт еткізбей бақылап отыратын орындар. Алайда, мойындауымыз керек, халықтың оларға деген сенімі өте төмен. Есеп комиссиясының жария­лаған ақпараттарын естігенде жағамызды ұстаймыз, бірақ бюджеттің миллиардтаған ақшасын тиімсіз жұмсаған (не болмаса керектеріне жарата алмаған) министр­ліктердің, лауазымды тұлғалардың қатаң жауап­қа тартылғанын естіген емеспіз. Жауапқа тартылса да, мерзімін толық өтеп шыққанын көрген емеспіз. Алик Шпекбаевтың агенттігі де ақ тер, қара тер болып жұмыс істеп, жыл сайын министрі (вице-министрі бар), әкімі бар жүздеген адамдардың үстінен іс қозғайды, бірақ қазақ атамыз айтқандай, қарғалар… қарғалардың… бірнәрсесін шұқымайтын сияқты.

Демек, ең басты бақылаушы – халықтың, азаматтық қоғамның өзі болуы керек. Сан түрлі бағыттағы қоғамдық ұйымдар (бізде оларды «үкіметтік емес ұйымдар» деп атайды) үкіметтің де, заң шығарушы органдар мен прокуратураның да жұмыстарын бақылай білуі шарт. Былтырдан бері дайындалып жатқан «ҚР Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасы осы қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға  арнал­ған  аса  қажетті құжаттардың бірі болуы керек. Жоба­ның алғашқы оқылымының жақындап қалғанын ескере отырып, оқырмандарға және парламент өкілдеріне ой салу мақсатында төмендегі ескертпелерді, жеке пікірімді алда­рыңызға тартамыз. (Барлық ұсыныстарды толық беруге газет бетінің көтермейтінін ескере отырып, негізгі деген пікірлермен шектелдік). Қарамен берілген сөйлемдер  заң  жобасындағы  мәтіннен  алынған.

1. «қоғамдық бақылау субъектілері – корпоративтік қорларды қоспағанда, өздерінің жарғыларына сәйкес қоғамдық бақылауды жүзеге асыратын және үкіметтік емес ұйымдардың дерекқорына енгізілген коммерциялық емес ұйымдар»; (1-тарау, 1-бап, 3-тармақ)

Бұл жерде қоғамдық бақылауды кімдер жүргізе алатындығы айтылған. Өз басым бұл анықтамамен келіскім келмейді. Естеріңізде болса, сайлау алдында Орталық сайлау комиссиясының «сайлауды бақылау құқығы тек қана Жарғыларында адам құқығы мен еркіндігін қорғау мақсатын қойған қоғамдық ұйымдарға беріледі»  деген қаулы қабылдап  («ҚР   Сайлау  туралы» заңын белден  баса отырып), азаматтық қоғамның сайлауды бақылау процесіне  араласуын  шектеуге тарысқан  болатын.  Бұл  шектеу – билік орындарының халық өкілдерін бақылау мәселесіне араластырмауға бағытталған тұрақты тәсіліне айналған сияқты. Егер біз демократиялық ел боламыз десек, халықтың бақылау қызметін барынша кеңейтуге тырысуымыз керек. Ал бұл заң бойынша жиырма мыңнан астам қоғамдық ұйымның екі-үш пайызы ғана мемлекеттің жұмысына бақылау жасай алады. Бұны қазақ «саптаяққа ас құйып, сабына қарауыл қойған» дейді. Меніңше, халықтың бақылауын шектейтін бұндай бап заң жобасынан алынып тасталынуы қажет. Кез келген қоғамдық ұйымға, керек десеңіз, азаматтардың ынталы топтарына да бақылау процесін жүргізетін құқық берілуі шарт

2. «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңында көзделген тәртіпте қоғамдық бақылау объектілерінен ақпарат сұрату»; (2-тарау, 5-бап, 2-тармақ)

Ашығын айту керек, «сұрату» деген сөз маған ұнамайды. Егер «қоғамдық бақылау объектісі» халықтың (қоғамның) ақшасына жұмыс істесе, халықтың ақшасын игеретін болса, халықтың (қоғамның) олардан рұқсат сұрауы – ақылға симайтын мәселе. Екіншіден, сұраған ақпаратты бермесе, не бергісі келмесе, не істейсің? Ол ақпараттарды алудың басқа қандай жолы бар? Ол жөнінде ешқандай мағлұмат көре алмадым. Сондықтан, бұл жерде «ақпаратты сұрату» емес «ақпаратты талап ету», немесе «ақпаратты алу» деген сөз тіркесін қолданған дұрыс.

3. «қоғамдық бақылау объектілерінің әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шағым жасау»; (2-тарау, 5-бап, 8-тармақ)

«Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шағым жасау» – тым бұлыңғыр, нақты жауапты органды таба алмайтын, солқылдақ бап. (Осы жерде айта кету керек, заң жобасының өн бойында Қазақстандағы заңдарды бақылайтын басты орган – Прокуратураның аты аталмайды…). Меніңше, осы жерге «Қоғамдық бақылаудың нәтижесінде ҚР заңдарының бұзылғаны анықталса, барлық жиналған деректер нақты шара қолдану үшін Прокуратураға жіберілуі тиіс» деген бапты кіргізген дұрыс сияқты.

4. «қоғамдық бақылау нәтижелері бойынша ұсынымдар қабылданғанға дейін қоғамдық бақылауды жүзеге асыру барысы туралы, сондай-ақ шындыққа сәйкес келмейтін ақпараттың жариялануына жол бермеу»; (2-тарау, 5-бап, 10-тармақ)

Қоғамдық ұйымдардың басты міндеті – белгілі бір мәселеге қоғамдық көзқарас қалыптастыру. Сондықтан, олар өздерінің бақылау процесінде туындаған мәселелерін қоғам талқылауына үздіксіз ұсынып отырады. Егер олардың таратқан мәліметтері «шындыққа сәйкес келмейтін» ақпарат болса, екінші жақтың сотқа жүгінуіне болады. Сондықтан қоғамдық бақылауды жүзеге асыру барысы туралы ақпарат қоғамдық желіде үздіксіз жүруі керек. Оны заң арқылы шектеуге болмайды деп ойлаймын.

5. «қоғамдық бақылаудың пәніне кірмейтін және қолжетімділігі шек­теулі ақпаратқа жатқызылған мәлі­меттерді ұсынбау»; (2-тарау, 6-бап, 1-тармақ)

Жемқорлықтың заңды панасының («крышасының») бірі – «қолжетімділігі шектеулі ақпарат» пен «қоғамдық бақылаудың пәніне» кірмейтін мәлімет. Әлі есімде, 2017 жылы Жер комиссиясында қазақ жерінің ең шұрайлы бөлігін арендаға алып отырған жер алпауыттары туралы мәлімет сұрағанымда үкімет «Жеке тұлғаға қатысты мәселенің құпиялығы» деген сылтаумен жүз мыңдаған гектар жерді иемденіп отырған адамдардың аты-жөндерін көрсетуден бас тартты. Соның салдарынан бұл дерек қоғамның құлағына жетпеді. Ең қызығы, жер – олардың жекеменшігі емес, жалға алған жылжымайтын меншік болатын, бірақ осы заңдарға арқа сүйенген билік біздерге жердің қожайындарын көрсетпеуге тырысты. Ертең қоғамдық бақылауды жүргізетін қоғамдық ұйымдардың алдынан осы баптың шықпасына ешкім кепілдік бере алмайды. Сондықтан, тағы қайталауға тура келеді, егер қаржы мемлекеттікі (демек, халықтікі ) болса, кез келген мәлімет берілуі керек.

6. «қоғамдық бақылауды жүзеге асыру туралы келісім болмаған жағдайларда, қоғамдық бақылау субъектілеріне қоғамдық тыңдауды, қоғамдық сараптаманы және қоғамдық мониторингті қоғамдық бақылау объектілеріне бару арқылы іске асыруға жол бермеу»; (2-тарау, 6-бап, 2-тармақ)

Қандай объекті «мені тексеріңдер» деп қарап тұрады. Осы уақытқа дейін (мен алты жыл сайлауды бақылайтын республикалық ұйымның басшысы болдым, мемлекеттік тілдің  қолданылуын  бақылайтын жұмыстарға да белсене ат  салыстым) қоғамдық бақылауды жүргізуге келісім берген объектілерді көрген жоқпын. Ал егер олар рұқсат бермесе, «қоғамдық тыңдауды», «қоғамдық сараптаманы», «қоғамдық мониторингті» бақылау объектілеріне бару арқылы іске асыра алмайды екенбіз. Онда «Қоғамдық бақылау» туралы заң қабылдаудың да қажеті жоқ сияқты.

7. «Қоғамдық бақылау субъектісі қоғамдық бақылау объектісінің келісімін алған жағдайда қоғамдық мониторинг топтарын құра алады»; (2-тарау, 12-бап, 2-тармақ)

Былтыр қазақ тілінің қолдану мәселесі белсенді түрде көтерілген уақытта Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бұйрығымен Мемлекеттік тілдің қолданыстағы жағдайын тексеру мақсатында әкімшілік қызметкерлері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен журналистерден жасақталған арнайы мониторингтік топ құрылып, бес-алты ай белсенді жұмыс істеп, талай заңсыздықтардың бетін ашты. Айта кету керек, біздер мониторинг жасаған сауда орталықтары әкімшілігінің, дүкендер қожайындарының көпшілігі тексеру жүргізуге тікелей қарсы шықты, кейбір жерде жаға жұлысуға дейін бардық. Енді осы заң бойынша олардың «келісімін алу» керек екен. Меніңше, келісім сұрау емес, оларды тексеру болатыны туралы хабарландыру, құлақтандыру жетіп жатыр. Мүмкін, ол да артық болар. Себебі, хабарландыру алған объект біздің алдымызға күнделікті болмысты емес, жылтыраған, алдамшы көріністі дайындап қояды (Президент базарға келгенде еттің бағасын екі есе түсіріп қоятыны сияқты). Сонымен бірге, «егер келісім бермесе» не істеуіміз керек деген заңды сұрақ та туады. Ал заң жобасы ондай жағдайда қандай іс-әрекет болатыны туралы жақ ашпаған.

8. «Қоғамдық тыңдаулар қо­ғам­дық бақылау объектісімен келі­сіл­геннен кейін өткізіледі»; (6-бап)

«Қоғамдық тыңдау» – азаматтық қоғам өкілдерінің атқарушы билікті бақылаудағы ең бір тиімді тәсілдерінің бірі. Қоғамдық тыңдауға шақырылған министрліктің өкілдері не министрдің өзі қоғам өкілдерінің сұрақтарына тікелей жауап беріп, өздерінің іс-әрекеттерінің дұрыстығын халықтың алдында қорғауға тырысады да, қоғам өкілдері өздерінің көзқарастарын, дәлелдерін келтіріп, сол мәселеге байланысты ашық пікірталас болады. Әлі есімде, бірде Ақтау қаласындағы Н.Жантөрин атындағы драма театрда Ақтаудың маңынан атом электр станциясын салу туралы мәселеге байланысты Қоғамдық тыңдау өткізілді. Сол уақыттағы Қазатомның басшысы Жәкішов бастаған мамандарға Қазақ елінің сегіз облысынан жиналған халық өкілдері қарсы тұрып, өздерінің көзқарастарын нақты дәлелдермен қорғап шықты. Осы Қоғамдық тыңдаудың (өте мәдениетті, сындарлы өткен отырыстың) нәтижесінің Маңғыстауға АЭС-ті салдырмауға үлкен әсер еткені анық. Өкінішке қарай, көп жағдайда, қоғамдық бақылау объектілерінің өкілдері Қоғамдық тыңдаудан, ашық пікірталастан ат-тонын ала қашады. Келмеуге, қатыспауға тырысады. Ондай уақытта біздер төрге бос үстел қойып, алдына шақырылған министрдің аты-жөнін жазып қоямыз. Ал мына заң жобасындағы «қоғамдық бақылау объектісінің келісімін алу» шартын – халыққа, қоғамға емес, билікке жасалған жақсылық деп қабылдауымыз керек.

Заң жобасындғы жоғарыдағы кейбір баптарды саралау, сұрақтар туындаған жерлерін көрсету «Қоғамдық бақылау туралы»  заңның  қажеттілін жоққа шығармайды.  Оның,  менің пайымдауымша, кемшін деп тапқан  тұстарына  көңіл  аударту – заңның қоғамдық өмірде тиімді жұмыс істеуіне көмектесу. Осыған орай, тағы бір екі мәселеге көңіл аударғым келеді.

Заңда Бақылау мен Мониторинг жасау мәселесінің бөліп көрсетілгені немесе нақтыланғаны дұрыс сияқты. Бұлар екі түрлі мәселе. Қоғамдық ұйымдар, көп жағдайда, мониторингпен айналысады. Екіншіден, халықтың тарапынан жасалатын бақылау қоғамдық ұйымдармен шектелмеуі керек деп ойлаймын. Жүздеген ауылдарда қоғамдық ұйымдар атымен жоқ, бірақ ол жерлерде де сан түрлі объектілер салынып, құрылыс жүргізіліп, жолдар төселіп жатыр. Сол жұмыстарға кеткен бюджеттік ақшаларды жергілікті тұрғындар қалай бақылай алады? (Өткен жолы сенатор Мұрат Бақтиярұлы өзінің бір жазбасында шағын ауылда салынған объектіге кеткен шығынға күмән келтірген болатын). Дәл сондай, салынған нысанның ресми көрсетілген шығыны ақылға симайтын болса, осындай күмән тудыратын құрылыстарды, жолдарды, т.т. жергілікті қауым, қоғам, халық қалай бақылауы керек? Заң жобасында бұл мәселе мүлдем қарастырылмаған. Мүмкін, осындай жағдайда жергілікті тұрғындардан құралған ынталы (кейде «бастамашыл» деген сөз де қолданылады) топ мүшелеріне бақылау жасау құқығы берілу керек шығар. 

Соңғы уақытта азаматтардың ынталы топтары, блогерлер, жеке азаматтар Парламент депутаттарынан күдерлерін үзген болулары керек, заң жобаларына жіті көз сала бастаған сияқты. Бұл – халықтың саяси сауатының жетіле түскенінің көрсеткіші.

Дос  КӨШІМ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: