Жастар десе көз алдымызға қамшының сабындай қысқа ғұмырында жасындай жарқылдап өткен Ғани Мұратбаевтың бейнесі оралатыны анық. Қазалы өңірінен түлеп, жарты әлемге үстемдігін жүргізген алып империя Кеңес өкіметіне есімі кеңінен мәлім болған жастар жетекшісінің ұлағатты жолы көпшіліктің жадынан шыға қойған жоқ. «Ғанидың ізбасары». Осынау бір ауыз сөз Ғанидың жерлестеріне көздің қарашығындай қастерлі. Біз жуырда Ғани өңірге келген топырақ Қазалы ауданындағы жастардың тыныс-тіршілігімен етене танысуды жөн санап, «Халық» газеті редакциясы тарапынан тиісті орынға ресми хат жолдаған едік. Жауап көп күттірмеді.
Қазалы аудандық ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нен келген 09.04.2021ж. 01-9/126 санды хат қолымызға тиді. Онда «Статистикалық мәліметтерге сәйкес, Қазалы ауданы халқының 24 пайызын, яғни 18556 жастар құрап отыр. Оның ішінде ауыл жастары 17611 болса, қала жастары 945 жасты (бөлініске сәйкес ерлер – 9706, әйелдер – 8850) құрайды. Аудан орталығындағы орта арнаулы оқу орындарында 1501 студент жастар білім алуда. 14 пен 18 жас аралығындағы оқушылар саны 14 мың 551 болып отыр. Қазалы ауданы бойынша бүгінгі таңда жақын және шет мемлекетте оқып жатқан нақты студенттер саны 10 жасты құрап отыр» деп жазылыпты.
2020 жылы Жастар орталығының ұйымдастыруымен 306 іс-шара өткізілген. Олардың арасында волонтерлық, қайырымдылық, құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы, мәдени-көпшілік, спорттық, онлайн ұйымдастырылған шаралар, шығармашылықты дамыту, кеңес беру акциялары, карантин шараларын сақтау бойынша насихаттық жұмыстар, кездесулер, сұхбаттар, байқаулар, NEET жастарды кәсіпкерлік бағытта оқыту тағы басқа да шаралар бар.
Қолдағы деректен Қазалы аудандық ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» ауыз толтырып айтарлықтай игі істердің (ресурстық орталықтар қызметінің 14 бағыты бойынша) басы-қасында жүргенін аңғарғандай әсер алдық. Жастарды жұмысқа орналастыру және кәсіптік бағдар беруге, дайындауға жәрдемдесу мақсатында аудан жастарының бастамасымен «Жас құрылысшы» еңбек жасағының бағыты бойынша ауданда жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарына (Ғ.Мұратбаев ауылдық округіндегі «көгілдір отын» жүргізу, жол жөндеу, т.б., Әйтеке би кентіндегі №226 гимназия мектебінің жөндеу жұмыстарына, «Қазалы Жолшы» ЖШС жол жөндеуге, «Нұрлан-Ж» ЖШС-не (Әйтеке би кентінің орталық көшелерін әсемдеу), қосымша шағын кәсіпкерлерге) 60 жас жұмыспен қамтылыпты. Қазалы қаласының ерікті жастарының ұйымдастыруымен жалғыз басты әкеге және Құмжиек ауылдық округінің ерікті жастары ІІ топ мүмкіндігі шектеулі тұрғынына ауыл демеушілігімен баспана салып беріпті. Бұндай игі істер Арықбалық, Мұратбаев ауылдық округінде де көрініс тапқан. Өте құптарлық іс.
Сондай-ақ, «Жас кеңесші» жобасы аясында өткен жылдың өзінде 50-ге жуық кеңес беру шарасы өткізілген екен. Оның ішінде «Жас отбасыларға» кеңес беру бағытында «Халыққа қызмет көрсету орталығы» мен «Халық банк» АҚ ғимаратында, халық көп шоғырланатын «Арзан» супермаркеті, теміржол вокзалы, жұмыспен қамту орталықтарында жастарға құқықтық кеңес пен бос жұмыс орындары туралы жәрмеңке, «Дипломмен – ауылға», «Серпін», «Нұрлы Жер» бағдарламалары бойынша кеңестер беріліпті. Атап өтерлігі, елімізде жарияланған карантин режимдеріне сәйкес, 2020 жылдың наурыз айының орта шенінен бастап барша іс-шаралар тоқтатылғаны әмбеге аян. Алайда Қазалы аудандық ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшылығы мұның да шешімін тауыпты. Осылайша «Жас кеңесші» жобасын онлайн форматқа көшіріп, жастар мен жас отбасыларға әлеуметтік желілерде кеңес алу парақшаларын тұрақты түрде жариялап отырыпты.
Кеңес беру шарасы «Жастар ресурстық орталығы» жанындағы «Сұхбат times» бағдарламасы арқылы әлеуметтік бөлімдерден, білім, денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы салаларының жауапты мамандары қатыстырылып, тікелей эфир арқылы сұрақ-жауап алмасу онлайн, бейресми білім беру арқылы жастардың өмірлік маңызды дағдыларын, құзыретін және дербестігін дамыту бағытында жастар орталығының бастамасымен «Ағылшын тілі» пәнінен оқыту курстары ұйымдастырылып, одан 30-ға жуық жастар тегін дәріс алды. Бұдан бөлек, жастарды өмірлік маңызды дағдыларға дербестігін дамыту мақсатында әлеуметтік желі белсенділерімен басқосулар, әлеуметтік жобалар дағдыларын дамыту тақырыбында семинар-тренингтер өткізілгенге ұқсайды. Оған қоса жастар арасында сандық сауаттылықты арттыруға және жаңа технологияларды дамытуға жәрдемдесу мақсатында елімізде жарияланған төтенше жағдайлар кезінде ауданымыздың ерікті жастары әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға электрондық жүйе арқылы (egov.kz) бір жолғы жәрдемақы алу үшін құжат рәсімдеу уақытында тегін қызметтер көрсетіп, оларға оқыту курстары ұйымдастырылып, 400-ге жуық аудан тұрғыны тегін қызметтер алыпты. Мұнан өзге де атқарылған жұмыстар аз емес. Бірақ… Бәрін бірдей тізбектеп шығудың орайы түспеді…
– Жастарды қолдау – мемлекет саясатының бір тармағы. Осы тұста аудан әкімі Мұрат Нәлхожаұлы аудан жастарын назардан тыс қалдырған емес. Әкімдік тарапынан беріліп жатқан қолдаулардың дәлелі ретінде біздің іске асырып жатқан барлық жұмыстарымызды айтуға болады. Қазіргі таңда аудан жастарына «Жастар үйі» берілуі жоспарланып отыр. Онда коворкинг орталығынан бастау алатын барлық бағыттағы түрлі үйірмелер, шығармашыл жастардың орталығы тағы да басқа көптеген жобалар іске асырылуы бағытталып отыр. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың наурызында аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен әкімдік жанындағы жастар істері жөніндегі кеңес отырысы өткізілді. Басқосуда күн тәртібінде қаралған негізгі мәселе – ауданда жастар саясаты бойынша өткен жылы атқарылған жұмыстар мен биылғы жылғы атқарылуға тиісті міндеттер туралы баяндалды. Кеңес отырысында кеңес мүшелеріне, аудан әкіміне бірқатар тиісті ұсыныстар айтылып, жастарға қатысты бірнеше бағдарламалар талқыланды. Кеңес отырысында хаттама әзірленіп, тиісті салаларға жолданды, – дейді Қазалы аудандық ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры А.Дәрібаев.
Мұның өзі жастар жұмысына Қазалы ауданы әкімі Мұрат Ергешбаевтың сергек қарайтынын аңғартып тұрғандай.
Дұрыс-ақ… Десе де, төмендегі жайтты да шолып шығуды жөн санадық.
«Жастар ресурстық орталығы» Қазалы аудандық орталық ауруханасымен бірлесе отырып жастарға психологиялық және эмоциялық мәселелер бойынша кеңестер беріп келеді. Атап айтқанда, Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысатын жастармен жекелей жұмыстар жүргізілді. Арнайы психолог мамандарымен 2020 жылы аудан жастарының қатысуымен карантин талаптарын сақтай отырып 5 мәрте семинар-тренингтер ұйымдастырылды. Осы тұрғыда, «Жастар денсаулық орталығы» Қазалы аудандық филиалы аудан жастарымен мүлде байланыста жоқ десек те болады. Тек білім беру ұйымдарының жоспарларында бекітілген акцияларға ғана қатысып, сол шараларды өздерінің ықпалына қарай пайдаланып келеді. Жастарға психологиялық тұрғыдан кеңес беретін – жастар денсаулық орталығы. Аудан әкімі жанындағы жастар істері жөніндегі кеңес отырысында бірнеше ұсыныстар айтылды. Пробация есебінде тіркеуде тұрған жастармен адресті түрде жұмыстар жүргізіп келеміз.
Жастар арасында құқықбұзушылық санының үлесі 2020 жыл бойынша 12 жасты құрап отыр. Ал оның ішінде басым бөлігі ұрлық, бұзақылық қылмыстарына жол берген. Аудан бойынша қолайсыз отбасылар бойынша 6 кәмелетке толмаған жас бақылауда тұр. 2020 жылы кәмелетке толмаған 4 жас есепте тұр (ұрлық қылмысы – 1, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру қылмысы – 2 және 1 жас зорлау қылмысы бойынша). Осы мәселелердің алдын алу барысында «Жастар. Қоғам. Болашақ» жобасы аясында құқық қорғау органдарының қатысуымен жыл басынан бері 60-қа жуық рейд жұмыстары, 10 мәрте аудандық конференция өткізілді. Аталған шаралар осы жылы да өз жалғасын табуда. Маргинал жастардың бірі пробация қызметінде есепте тұрған жастар болып табылады. Аудан бойынша тізімде тұрған 28 жаспен кездесу өткізілді, бұл жүздесуге барлық сала мамандары тартылды. Биылғы жылы пробацияда тұрған жастармен жұмысты күшейту мақсатында ҚАЖ департаментімен бірлескен іс-шара жоспары әзірленіп, жұмыстар жүргізілуде.
2020 жылғы мәліметтер бойынша ресми түрде 252 жас жұмыссыз ретінде тіркелген, бұл аудан жастарының 1,4%-ын құрайды. Қазіргі таңда қала, кент және ауылдық округ әкімдері жұмыссыздық деңгейін төмендету үшін жұмыссыз жастардың басым бөлігін, яғни 985 жасты өзін-өзі жұмыспен қамтушы ретінде көрсетіп берген, алайда бұл жастардың нақты жұмыс атауы көрсетілмегендіктен бұл жастар да жұмыссыз болып табылады. Бүгінгі күні аудан бойынша бюджеттік мекемелерде 21 зейнеткер жұмыс істеуде, оның ішінде еш қажеттілігі туындамайтын мамандар да бар. Мысалы, бір ауылдық округте көлік жүргізуші маманын ұстап отырса, бір мектеп директоры мектеп кітапханашысының, тағы бір мектептің директоры бұрынғы мектеп директорын қосымша сабақтар үшін уақытын ұзартқан. Осы сынды жағдайлар басқа мекемелерде де кездеседі. 2021 жылы бюджеттік мекемелерден 41 маман зейнеткерлікке шығады деп жоспарланған, алайда осы орындарға алдын ала жастарды бейімдеу үшін «Жастар тәжірибесі» бойынша мекеме басшылығы өтінім бермеген. Бұл өз кезегінде мемлекеттік бағдарламаларды тиімсіз қолдану деп есептейміз. Маман тапшылығын болдырмау үшін зейнет жасына жақындаған мамандардың жұмыс тәжірибесін пайдалана отырып «Жастар тәжірибесін» жандандыру керек деп есептейміз. Зейнет жасына келген мамандарды жастармен ауыстыру арқылы жұмыссыздық деңгейін біршама төмендете аламыз, сонымен қатар үлкен қалаларда жүрген тәжірибелі, талантты жастарды тартуға мүмкіндік берері анық. Жұмыспен қамтудың бір бөлігі ретінде ақылы қоғамдық жұмыстар жыл сайын жүргізіледі, 2020 жылы ақылы қоғамдық жұмыстарға 256 жас уақытша жұмысқа жіберілген болса, 56 жас ауылдық округтерге, 200 жас кент орталығына жіберілген. Өркендеу ауылдық округіне ешқандай жас жіберілмеген.
Жастар тәжірибесі бойынша 2020 жылы барлығы 35 жас жіберілген болса, бұл жастардың 99,9%-ы кент орталығына бағытталған. Сонда өзге ауылдық округтер бұл бағдарламаны пайдаланбайды ма?
2020 жылы мектеп бітіруші түлектерден алынған сауалнама нәтижесі бойынша 50,3% түлек педагогика саласын, 23,3%-ы медицина саласын таңдап көрсеткен болса, 2,7% түлек «әлі мамандық таңдамадық» деп берген. Қоғамдағы жұмыссыздық деңгейінің жылдан-жылға артып келе жатқаны да мектеп қабырғасында кәсіби бағдардың дұрыс берілмегендігі деп есептейміз, осының салдарынан жастар мамандықты емес, грант үшін таңдау жасап жүргені жасырын емес. «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2020 жылы тұрғын үй алған жастар саны 81-ді құраса, 112 жас көтерме жәрдемақы алған. Пайдаланушы жастардың басым бөлігі – білім, денсаулық салалары. Осы бағытта жас мамандар жастар орталығына арыз-шағыммен көптеп келуде. Жастар үшін басты мәселе – тұрғын үй алу, бұл жөнінде Қазалы ауданы ауыл шаруашылығы бөлімі мамандарының дұрыс ақпарат бермеуі салдарынан құжат дайындау барысында бір жерге 3-4 мәрте барып, уақыт жоғалтуы, сөйтіп жүргенде кезектілікке ілінбеуі туралы айтып отыр.
Адам жанының арашасы ақ халатты жандардың қадірін пандемия дәлелдеп бергені рас. Алайда бірнеше жылдан бері аты бар, заты жоқ «Жастар денсаулық орталығы» мекемесінің аудан жастарымен мүлдем байланысы жоқ, қағаз жүзінде ғана жұмыс істеуде. Қазалы ауданы екі бірдей экологиялық апат аймағының ортасында орналасқан, сондықтан «Жастар денсаулық орталығы» мекемесінің маңыздылығы жоғары болып отыр. 2020 жылы Алға ауылдық округінде болған өз-өзіне қол жұмсау дерегі белгісіз жағдайда қалып кетті», – дейді біздегі мәліметте.
Халық-хабар
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!