Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Гүлшара Әбдіқалықова: «Қызылорда – мен үшін аса қымбат қала»

15.02.2021, 10:45 614

Қымбатты жерлестер!

«Әркімнің туған жері – өзінің Мысыр шаһары», – демей ме халқымыз. Тоқсаныншы жылдардың басында, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Сыр өңірінің бас шаһарын бүгінгі Қызылордамен мүлде салыстыра алмайсыз.

Туған жеріме басшылыққа келгенде осыларды сағынышпен еске алып, мен де Сыр өңірінің өркендеуіне, облыс орталығының дамуына өз үлесімді қосамын деген керемет сезім кеудемді кернеді. Өзіме таныс көшелер, оқыған мектебім, жүрген жерлерім, бәрі-бәрі көзіме ыстық, мен үшін аса қымбат! Қарап тұрсаң, облыс орталығы адам танымастай, жаңғырып, кескін-келбеті айшықталып келеді. Қарқынды құрылыс алаңына айналып, қала аумағы Сырдарияның сол жағалауына қарай кеңейе түсуде. Биыл Сырдария өзенінің сол жағалауын кешенді игеру жөнінде шешім қабылданғанына 5 жыл болды. 2017 жылдан қаланың бас жоспарына сәйкес құрылыс жұмыстары басталып, қарқынды жүріп жатыр.

Бүгінге дейін 4 тұрғын кварталында 2372 пәтерді құрайтын 51 көп қабатты тұрғын үй, 320 орындық балабақша, «Orda school» жеке мектебі, «Болашақ» университетінің бас корпусы, Жастар орталығы, Қазақ Орталық атқару Комитетінің мұражайы, Шіркейлі каналының үстінен жаңа көпір бой көтеріп, облыс орталығының көркіне айналды.

Сондай-ақ, 590 пәтерді құрайтын 12 көп қабатты арендалық тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Басқа да әлеуметтік нысандар салынады.

Енді жоғарыдан көз тастағанда қала әсем гүлге оранып, жасыл-желекке бөленіп, жайқалып тұрса екен деген арманым бар. Тұрғындар үшін «Бақытты қала», кішкентайларымыз үшін «Балаға мейірімді қала» болса екен деймін. Осы ретте, жақында құрылысшылармен бірге сол жағалауда тұрғындардың демалысы мен серуендеуіне арналған «Гүл бульвары» жобасын жоспарладық. 12 га аумақта сәулеттік мүсіндер, түрлі түсті композиция, ойын алаңдары, субұрқақ, велосипед, ролик үшін алаңдар орналасып, Сыр өлкесін жерсінетін ағаштар мен ең әдемі гүлдердің бірнеше түрі отырғызылатын болады.

Сонымен бірге, көптен көптің көкейінде келе жатқан өзекті мәселелерді жуық арада шешсек деген ойымыз да бар.

Әрбір қала үшін жол қатынасындағы басты мәселелердің бірі – бұл көлік кептелісі. Осыны ретке келтіру мақсатында жуырда Сырдария өзенінің сол жағалауындағы бас көшенің «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автотрассасымен жанасатын жерінде көлік айрығын салу» жобасы бойынша көлік айрығының іргетасын қаладық, 2022 жылы аяқталады деп күтеміз. Сондай-ақ, халықты көптен толғандырып жүрген мәселе – «Қорқыт ата» әуежайының терминалы.

Үлкен қалалардағыдай ірі әуежайды салуға бюджетіміз көтере бермейді. Сондықтан, алыс сапарларға осы әуежай арқылы ұшатын жолаушыларға жайлы болуы үшін реконструкциялау және кеңейтуге қатысты жобаны қолға алып отырмыз. Қазіргі таңда жобалық сметалық құжаттамасы әзірленуде. 2022 жылы ақталады деп жоспарлап отырмыз. Терминал толық іске қосылғанда сағатына 150 жолаушыға қызмет көрсететін болады.

Қадірлі жерлестерім!

Сүйікті қаламыз Қызылорданың бүгінгідей құлпырып, жасарып, жайнай түсуінде сіздердің әрбіріңіздің қосқан үлестеріңіз зор деп білемін. Сіз бен біз ауызбіршілікте еңбек етсек, ол – өңіріміздің жемісі!Ынтымағымыз артып, Сыр елі көркейе берсін!

Гүлшара Әбдіқалықованың фейсбук парақшасынан алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: