Қала әкімі Ғанибек Қазантаевтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде алдымен кадрлық өзгерістер таныстырылды. Атап айтар болсақ, бұдан былай спорт, ішкі саясат, мәдениет, және әлеуметтік салаларға Бектас Нұридинов, ал кәсіпкерлік, қаржы және экономика, ауылшаруашылық салаларына Ғабит Жаңабаев жетекшілік жасамақ. Сонымен, алқалы жиында шаһарда жыл басынан бері атқарылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар қорытындысы қаралды.
Алғашқысы «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасының 9 айлық қорытындысы, «Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының 9 айлық қорытындысының орындалуы назардан тыс қалмады. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалуы туралы мәселелер қозғалды.
Пандемиялық ахуалға сәйкес орта және шағын кәсіптің дамуына кері әсерін тигізуде. Дей тұрғанмен азаматтарға қолдау көрсету мақсатында біршама бағдарламалар жүргізілуде. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 24 желтоқсандағы № 968 қаулысы бойынша «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасында істелген жұмыстың нәтижесін қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Бағлан Амангелдиев баяндады.
– Осы жылдың 1 қыркүйегіне қала бойынша 26 594 шағын кәсіпкерлік субъектісі (заңды тұлға – 6081, дара кәсіпкерлер – 18854, шаруа қожалықтары – 1659) тіркелген. Оның ішінде нақты жұмыс істеп тұрғаны 22 606 нысанды құрап (заңды тұлға – 4340, дара кәсіпкерлер – 16749 және шаруа қожалықтары – 1517), өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 104,4%-ды көрсетуде. Облыс бойынша жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 44,7%-ы Қызылорда қаласының үлесінде, – деді.
Жыл басынан бері мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жалпы құны 13,4 млрд теңгені құрайтын 1349 жоба қолдау алған. Бұдан бөлек, қаржы ұйымдарының өз қаражаты есебінен 333,4 млн теңгені құрайтын 28 жоба қаржыландырылыпты. Оның ішінде «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында бүгінгі таңда жалпы құны 11,5 млрд теңгені құрайтын 653 жоба қаржыландырылып, ал қалаға қарасты елді мекендер тарапынан жоба құны 634,7 млн теңгені құрайтын 41 жоба қолдау тапты.
Айта кету керек, «Қарапайым заттар экономикасын дамыту» бағдарламасы бойынша басымдық берілген жобаларды жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы аясында жоба құны 937 млн теңгені құрайтын 6 жоба қаржыландырылды. Алайда, атқарылған жұмысқа шаһар басшысы Ғанибек Қонысбекұлының көңілі толмады. Төмен нәтиже екенін ескертіп, бұл мәселе өткен жолы да қайталанғанын тілге тиек етті. Статистика бойынша аудандардың көрсеткішінен әлдеқайда артта қалып қойыпты. Қала әкімі ескерту жасап, жауапты азаматтарға атқаруға міндетті тапсырмаларды жүктеді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – 2017 жылдан бастап «Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының орындалуы. Бұл бағдарламаның басты мақсаты – халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту. Осы бағдарлама аясында бірінші бағыт – бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқамерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету, жаппай кәсіпкерлікті дамыту және халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту. Аталған бағыттар бойынша межелеген жоспардың толығымен орындалуына жауапты қызметкерлер жұмыс істеуде. Қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтардың хал-актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Кенжегүл Құрақбаева:
– 2021 жылдың 1 қазанына қалалық жұмыспен қамту орталығына жұмыс іздеуші ретінде хабарласқан азаматтардың саны – 11 186, оның ішінде жұмысқа орналасқан азаматтар – 6027, тұрақты жұмысқа орналасқаны – 5011, хабарласқандар қатарынан жұмысқа орналасқандар үлесі 44,8 пайызға орындалды. 2021 жылдың 27 тамызда облыстық өңірлік комиссиямен бекітілген тізімге сәйкес тек «Альфа Құрылыс» ЖШС тарапынан сырлаушыға – 18 адам, қазандық операторына – 10 адам, слесарь-сантехникке – 7 адам, барлығы 35 адам оқуға жолданып, 2 555 мың теңге игерілді. Бүгінде оқу курстарын аяқтаған 16 адамды «Альфа Құрылыс» ЖШС тұрақты жұмыспен қамтыды. Қалған 19 адам оқып жатыр, – деді бөлім басшысы.
Статистикаға сүйене отырып, «Аудандардан нәтижеміз неге төмен?» деді Ғанибек Қонысбекұлы. Бұл сауалға Кенжегүл Құрақбаева «Аудандарда халық саны аз, сол себепті пайыздық көрсеткіші жоғары болады» деп жауап қатты. Мүмкіндікке толы қалада нәтиженің ауыз толтырып айтатындай емес екенін және жауапкершіліктің төмен екенін қала әкімі ескерте кетті.
Жыл басында жаңа бизнес – идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беруге республикалық бюджеттен 660 адамға 385044 мың теңге қаражат бөлініпті. 654 қайтарымсыз грант алған азаматтардың ішінде 578-і өз кәсібін жүргізуде. Осы мүмкіндікті дұрыс бағытта қолдана алмаған 76 кәсіпкерге сотқа арыз беріліп, оның 59 адамына сот оң шешімін қабылдап, 17-сіне сот ісі қаралуда.
– Қызылорда қаласы бойынша ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 4,1 млрд теңгені құрап, өнімнің нақты көлемінің индексі өткен жылмен салыстырғанда 2,9 пайызға артып, өсімдік шаруашылығы – 103,3, мал шаруашылығының өнімдері 102,6 пайызды құрады. Ауыл шаруашылығы құрылымдарында 8905 гектарға ауылшаруашылық дақылдары орналастырылып, оның ішінде негізгі дақыл күріш – 4113 гектар, дәндік дақыл – 657 гектар, майлы дақыл – 40 гектар, бау-бақша, көкөніс – 2818 гектар, мал азықтық дақылдары 1278 гектарға егілді. «КазАгроМир» ЖШС құны – 1,1 млрд теңгені құрайтын Ақсуат ауылдық округінде көлемі 2,2 гектар автоматтандырылған кешенді жылыжай құрылысы жұмыс істеуде. Автоматтандырылған жылыжай кешені былтыр іске қосылып, 165 тонна қияр өнімін өндірсе, ағымдағы жылы 120 тонна қияр өндіріп, қала аумағындағы сауда үйлеріне төмен бағада өткізді, – деді қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрбек Әзірбекұлы.
Аппарат мәжілісінде қала әкімі Ғанибек Қазантаев жыл аяғына дейін уақыт беріп, көрсетілген межеге сәйкес жұмыстар атқаруды жауаптыларға міндеттеді.
Азамат АБИМОЛДА
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!