Қала аумағындағы көкейтесті мәселелер тасада қалмайды. Демалыс күндері қала көшелерін өзі аралап, өзекті мәселелерді күн тәртібінен түсірмейтін қала әкімі сәрсенбіде өткен аппарат отырысында қол астындағыларды сынға алды. Жұмысына бейжай қарайтындар әкімнің қырына ілініп, жиналған ақжағалылар бірнеше тапсырма алды. Шаһардағы ауызсу мәселесіне ерекше тоқталып, сапаны жоғарылату керек екенін жеткізді. Сондай-ақ, ағымдағы жылы өтетін халық санағы кемшіліксіз өтуін басты назарда ұстау керегін айтып өтті.
Қала әкімі Ғанибек Қазантаевтың төрағалығымен өткен апараттық мәжілістің күн тәртібінде 4 бірдей мәселе қаралды. Мінберге алғашқы болып облыстық статистика департаментінің басшысы М.Баекеева шықты. Бұл жылғы халық санағы бұрынғыдан өзгерек болмақ. Өткен жылдың қазан айына жоспарланған халық санағы пандемия әсерінен ағымдағы жылдың қыркүйек-қазан айларында өткізілетін болады. Қазіргі таңда ұлттық халық санағының девизі мен логотипі белгіленіп қойылды. «Қазақстанда әркім маңызды» ұранымен өтетін санақ екі кезеңнен тұрады. Алғашқы кезең 1-30 маусым аралығында өтпек. Бұл уақытта тұрғынжайларды нақтылап, санақ учаскелеріне бөлінеді. Екінші кезең 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында өтеді. Бұл уақытта жаппай халық санағынан өткізу жұмыстары жүргізіледі. 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында онлайн режимде, қалған уақытта планшет құрылғысымен өтпек. Санақты дәл жүргізу қиын болайын деп тұр. Себебі, кейбір кент, ауыл әкімдігінде қайтыс болған немес көшіп кеткен адамдар тізімнен шығарылмаған көрінеді. Тиісінше, ол департамент статистикаларымен сәйкес келмеуде. Қызылорда қаласы әкімшілігі бойынша 6602 сәйкес емес ЖСН бар екені анықталуда. Қазіргі таңда ауыл, кент әкімдері сәйкес емес ЖСН-мен жұмыс істеуде. Бұл олқылық 1 маусымға дейін толық шешілу керек. Сондай-ақ, көше атаулары мен нөмірлерін ретке келтіруді де бір жолға қоюдың маңызы жоғары.
Қала әкімі сәйкес келмейтін ЖСН-дар саны бойынша алдыңғы орында Тасбөгет кенті тұрғанын айтып, кент әкіміне тез арада мәселені шешуді тапсырды. Сондай-ақ, бірнеше сала басшыларына халық санағын оңтайландыру үшін түрлі тапсырмалар беріліп, әкім орынбасары Бектас Балғабайұлына берілген тапсырмалардың орындалуын бақылауды жүктеді.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе – қаладағы «қызыл сызық» талабын сақтамай салынған нысандар. Қала ішінде тұрғын үй немесе кәсіптік ғимарат салып жатқан азаматтар «қызыл сызық» талабын мүлдем орындамайтын көрінеді. Құрылыс барысында өзіне тиесілі емес жерді де қоршап алып, өз ғимаратын салуды жалғастыра береді екен. Шынында бұл көше қозғалысына көп зиянын тигізеді. Жалпы, қалалық сәулет және қалақұрылысы бөлімі біршама тірлік тындырған екен. Тіпті, «қызыл сызық» талабын бұзғандармен күресіп, 15 нысанды анықтапты. Десе де, қала әкімінің айтуынша, әкімдік аппаратының қызметкерлері 1 күндік тексеріс жүргізгеннің өзінде талапты бұзған 30-дан аса ғимаратты анықтаған. «Бұл – бір күндік ғана көрсеткіш. Сіздер сонда не бітіріп отырсыздар?» деп бөлім басшысын сынға алған әкім бұл мәселені түп-тамырымен шешуді тапсырды. Арнайы мониторинг жүргізіп, нысан салынбас бұрын ғимарат иелеріне ескерту қажет екенін айтып өтті.
Одан бөлек, қалалықтардың әскерден қашуы белең алып тұр. Өңірдегі басқа аудандар жастарды әскери борышын өтеуге шақыруда жылда 100 пайыздық көрсеткішке қол жеткізеді. Жеткізумен қоймай, жоспардан асырып отырады екен. Ал Қызылорда қаласы болса жоспарды еңсере алмай келеді. Оның үстіне бұл – бір жылдық көрсеткіш емес, бірнеше жылдар бойы жалғасып келе жатқан құбылыс. Қала жастарының әскерден қашуының себебі – басқарманың жұмысындағы жүйесіздік. Әкім бұл жағдайды осылай бағалады. Сондай-ақ, бұл мәселе тек басқарманың емес, қала әкімдігімен бірігіп шешетін жағдай екенін айтты.
Күн тәртібіндегі соңғы мәселе – ауызсу сапасы. Қалада соңғы уақытта су сапасы төмендеп кеткені жасырын емес. Осы тұрғыда, әкім үш күн бойы лай су тұтынғанын айтып, бұл жағдайдың мүлдем қайталанбауын тапсырды. Сондай-ақ, «Қызылорда су жүйесі» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны өз қызметкерлеріне айлық төлей алмай отырған көрінеді. Бұған себеп – тұрғындардың су ақысын уақытылы төлемеуі. Мекеме басшысы тұрғындардың ақы төлеу мәдениеті төмендігін айтып шағымданған, десе де әкім «төлеу мәдениеті емес, керісінше талап төмен» деп мекеме басшысының өзіне жұмысты жүйелеп, келесі жартыжылдыққа дейін жағдайды реттеуді тапсырды. Сондай-ақ, кәріз жүйелерін заңға сәйкес реттілікке келтіруді міндеттеді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!