Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Газ бағасында өзгеріс болуы мүмкін

04.02.2020, 12:02 634

Халық кәдесіне асырып отырғаннан кейін коммуналдық қызметтердің де қалтаға ауырлық түспейтін, тиімді бағада болғанын тәуір көреді. Былтыр жылу, су және энергиямен жабдықтау қызметтері Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша  департаменті бақылауымен біршама төмендетілген болатын. Департамент басшылығы биыл да сол қарқынды жалғастырамыз деп отыр. Өкініштісі, газ тарифінде өзгерістер болуы мүмкін. Мұның себебін Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша  департаментінің басшысы Гүлмира Өтегенова түсіндіріп берді.

– «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы департаменттің тауарлық газды газ таратушы жүйелері арқылы тасымалдау қызметінің бағасын 34,6 пайызға төмендету туралы шешімімен келіспей, сот органына бұйрықтың күшін жою туралы талап арыз берді. Қазіргі уақытта сот ісі қозғалып, талап арыз қаралуда және осыған сәйкес бекітілген тарифтің қолданылуы тоқтатылды,- деді департамент басшысы.

Оның айтуынша, биыл жарық бағасы да өзгереді деп күтілуде. Бұл мәселеге тікелей ҚР Энергетика министрлігінің бұйрығымен қабылданған электр станциялары бағаларының өсуі және «КЕГОК» АҚ, «Қазақстан Темір жолы» ҰК» АҚ желілері бойынша электр энергиясын беру бағаларының өсуі себеп болып отыр. Осылайша Қызылорда облысының Жаңақорған, Шиелі, Сырдария, Жалағаш, Қармақшы аудандары тұтынушыларын электр энергиясымен жабдықтайтын «Шиелі жарығы» ЖШС биылдан бастап жарық бағасы 8,3 пайызға өсетінін хабарлаған болатын. Нәтижесінде 1кВт сағатқа 18,55 теңге көлемінде, яғни қолданыстағы бағасынан 4,2 пайызға өсті. Оның ішінде тұрғындар үшін 1 кВт сағатқа 17,49 теңге болды.  

Департамент жыл сайын тарифтік сметаның және инвестициялық бағдарламалардың орындалуына мониторинг жүргізіп отырады. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша 18 субъектіге 30-ға тарта уақытша өтемдік тариф енгізіліп, тарифтері 0,1-ден 88,2 пайызға төмендеген  және тұтынушыларға қайтарылған қаржы мөлшері 1,4 млрд теңгені құраған.

– «Қызылорда су жүйесі» МКК-ның ұзақ мерзімді кезеңге, яғни 2020-2024 жылдарға сумен жабдықтау қызметінің тарифі бекітілді. Атап айтқанда, 1 текше метрге ҚҚС-мен тұрғындар үшін – 45,61 теңге немесе қоланыстағы тарифпен салыстырғанда 3,6 пайызға төмендетілді,- деді департамент басышысы Гүлмира Өтегенова.

Естеріңізде болса, осыған дейін қалаға қарасты «Арай» саяжайының тұрғындары электр энергиясының әлсіздігі туралы шағымданған болатын. Оған сол маңдағы электрлік подстанцияларда ақау бар екендігі себеп болып отыр екен. Жауапты мамандар осылай дейді. Бастысы, коммуналдық қызметтер бағасы бақылауда болады деп сендірді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: