Футбол – әрқашан жаңа есімдер мен жас таланттарға толы спорт. Бүгінгі жұлдыздардың орнын ертең болашақ чемпиондар басатыны анық. Жас ойыншылардың алаңдағы шеберлігі, ойынды сезінуі мен жылдам бейімделуі олардың ертеңгі күні әлем футболының басты кейіпкерлеріне айналатынын аңғартады.
18 жасқа дейінгі ең үздік ойыншылардың есімі жанкүйерлер арасында жиі аталып жүр. Олар клуб деңгейінде де, ұлттық құрамалар сапында да жасындай жарқырап, футбол әлеміне өзіндік қолтаңбасын қалдыруда. Бірі тәжірибелі әріптестерімен терезесі тең ойнап, негізгі құрамнан орын алса, енді бірі жасөспірімдер арасындағы чемпионаттарда қарсылас шақ келтірмей жүр. Бұл тізімдегі он футболшы – шеберлігімен көзге түсіп, болашағынан үлкен үміт күттіретін жас дарындар.
Сонымен, футболдың ертеңін қалыптастыратын ең үздік жас ойыншылармен таныс болыңыз!
1. Ламин Ямаль (17 жас, Барселона, Испания)
«Барселона» футбол клубының жас ойыншысы аздаған уақыттың ішінде біршама рекорд қойып үлгерді. Германияда өткен Еуропа чемпионатының ең үздік жас ойыншысы қазіргі таңда «Барселонаның» сәтті маусымының басты себепкері болып отыр. Допты иірімінде ұстаудың қас шебері пас беруден де үздіктер қатарында. Осы маусым бойынша 44 ойын өткізіп, 14 гол, 18 голдық пас беріп үлгерді. Гол және пас жүйесі бойынша испандық «қарамаржанға» 23 жасқа дейінгі ойыншылардың ешқайсысы теңеспей тұр. «Барселонада» оны «екінші Месси» деп атайды. Ал ойыншының жалпы кумирі, ойнау стилі бразилиялық Неймарға қатты ұқсайды.
2. Эстевао (17 жас, Палмейрас-Челси, Бразилия)
Бразилиялық жас талант Ямаль Еуропада қандай атаққа ие болса, Оңтүстік Америкада соншама атақ-абыройға ие. Ойын стилі де Ямальға ұқсас. Сол аяқ, дриблингі өте жоғары деңгейде. Ойыншыны лондондық клуб «Челси» қыруар қаржыға сатып алып үлгерді. Қазіргі таңда жас аяқдопшы біртіндеп Бразилияның негізгі ұлттық құрамасына шақырту алып жүр. Бразилиялық жанкүйерлер Эстеваоны Неймардың орнын басып, алдағы мундиалдарда Бразилияға жеңіс алып келетініне нық сенімді. Алдағы уақытта испандық пен бразилиялық арасындағы тартысты бәсекелестікке куә болатын секілдіміз.
3. Пау Кубарси (18 жас, Барселона, Испания)
Ямальдың құрдасы Кубарси де «Барселонаның» жарқын маусымының бірден-бір себебі болып тұр. Ямаль жас шабуылшылар арасында қалай үстемдік етсе, Кубарсидің де қорғаушылар арасындағы әуселесі де сонымен шамалас дейді футбол сарапшылары. Аздаған уақытта «Барселонаның» негізгі құрамындағы басты ойыншылардың біріне айналған Пау қорғаушы бола тұра допты жақсы сезеді. Дәлірек айтқанда, жасы 18-ге кеше толса да алыстағы адамды дәл көріп, пас асырады. Кәсіби футболға кеше келсе де, деңгейі футболды он жылдан бері ойнап келе жатқан тәжірибелі ойыншы сияқты.
4. Итан Нванери (17 жас, Арсенал, Англия)
Нванери – лондондық «Арсеналдың» жас әрі талантты жартылай қорғаушысы. 15 жасында ересектер арасында дебют өткізіп, абсолютті рекорд қойған хавбек қазіргі таңда вингер ретінде көзге түсіп, жарақат алған Букайо Саканың орнын жоқтатпай жүр. Нванеридің техникалық шеберлігі мен интеллекті жоғары бағаланады, реализациясы да мықты деңгейде. Ол Ямаль мен Эстевао секілді сол аяқпен ойнайды.
5. Джованни Кенда (17 жас, Спортинг-Челси, Португалия)
Португалдық жас вингер қапталда жыртқышша ойнайды. Әлемнің үздік жетінші лигасында доп теуіп, ептілігімен, жылдамдығымен «Челси» скауттарының көзіне түскен жас аяқдопшы 2026-ның жазынан бастап лондондық клубта өнер көрсетеді. Бір жыл көлемінде португалдық «Спортингтің» негізгі ойыншысы атанды. Ал жақында Криштиану Роналду бастаған Португалия ұлттық құрамасына алғаш рет шақырту алды.
6. Майлс Льюис-Скелли (18 жас, Арсенал, Англия)
«Барселонада» Ямаль мен Кубарси қалай атой салса, Скелли мен Нванери де тура испандықтар секілді «Арсеналда» тандем құрып, АПЛ-да жарқырап жүр. Льюис-Скелли – өте әмбебап ойыншы. Қорғанысы мықты, сол жақ қаптал қорғаушысы ретінде ойнап жүр. Ал академиялық кезеңнен бері жартылай қорғаныстағы ойынымен белгілі. Қысқасын айтқанда, әмбебаптығы ротациялық ойыншы атануына үлкен септігін тигізіп отыр. Бұл ойыншы да жақында Ұлттар лигасы аясындағы Англия матчтарына шақырту алып, дебюттік ойынында гол соқты. Англия мен «Арсенал» жанкүйерлері жас талантқа мол үміт артуда.
7. Кендри Паэс (17 жас, Интепедьенте дель Валье, Эквадор)
2022 жылы Зальцбургте өткен жасөспірімдер арасындағы турнирден кейін Паэс біраз еуропалық клубтың қызығушылығын аударды. 2023 жылы эквадорлық «Интепедьенте» клубындағы дебютінде «Мушук Рана» командасына қарсы негізгі құрамда шығып, гол соқты. Ойын стилі көптің айтуынша колумбиялық Хамес Родригеске келеді. Оның да Хамес секілді соққысы жойқын, пасы өткір. Бұл ойыншыны да лондондық «Челси» назардан тыс қалдырмады. Паэс қазақстандық Дастан Сәтпаев сияқты 18 жасынан бастап лондондық клубтың жейдесін кие алады.
8. Франко Мастантуоно (17 жас, Ривер Плейт, Аргентина)
Франко – қазіргі таңда аргентиналық «Ривер Плейт» командасының жартылай қорғаушысы. Дәл пастары мен дриблингінің арқасында аргентиналықтардың сүйіспеншілігіне бөленіп үлгерді. Алайда, басқа жақтарда бұл ойыншыны көбі тани бермейді. мәліметтерге сүйенсек, ойыншының өзі мадридтік «Реалға» баруға қарсы емес. «Реалдың» да аталған футболшыға қызығушылық танытып отырғандығы осыған дейін белгілі болған еді.
9. Гилье Фернандес (16 жас, Барселона, Испания)
Гилье де – Ямаль мен Кубарси секілді Ла Масия түлегі. Ойынды жүргізуі, пас беру қабілеті – бәрі «Барселонадан» сіңген. Алайда, оны басқа түлектерден ерекше ететін тұсы – оның өсу үдерісі. Ол қазірдің өзінде 2008 жылы дүниеге келсе де, кәсіби футболшыларға қарсы ойнап жүр. Физикалық қарым-қабілеті де өзінен екі-үш жас үлкен ойыншылармен шамалас. «Барселона» сондықтан да аталған талантқа басымдық беріп отыр. Алдағы маусымда негізгі құрамнан уақыт алуы мүмкін деген сыбыстар «Барселона» айналасында өріп жүр. Ойыны Беллингемді еске түсіреді. Физикалық мығым, әмбебап, техникаға көп акцент қояды.
10. Лука Вушкович (17 жас, Хайдук Сплит-Тоттенхэм, Хорватия)
Лука Вушкович — «Хайдук Сплит» клубының жас қорғаушысы. Ол өзінің физикалық күші мен әуедегі күрес қабілетімен ерекшеленеді. Хорватияның жасөспірімдер құрамасында да тұрақты түрде ойнап жүр. Лондондық «Тоттенхэм» хорват қорғаушысымен келісімге келіп қойды. Келесі маусымнан бастап жас қорғаушы «Әтештер» сапында доп тебеді.
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!