Тоталитарлы билік деген кезде есімізге ең алдымен халқын үркітіп ұстайтын, шындық айтқанды зынданға қамайтын, БАҚ-ты цензуралап, ұлттық мүддені бірінші орынға қоятын мемлекет басшылығы еске түсетіні анық. Оған мысал да көп. Лениннің коммунистік идеясы мен Сталиннің социалистік идеясы, қазіргі Солтүстік Кореяда көрініс тауып отырған Ким Чен Ынның билік жүйесін тоталитаризм ұғымына синоним ретінде еш ойланбастан келтірсек болады. Ким Чен Ыннан басқа патшалар – өткеннің өкілдері. Яғни, мұндай саясат көбіне соңғы отызжылдықта, Кеңес үкіметі ыдырағалы бері күшін жойды деген түсінік қалыптасқан. Әрине, халықаралық тұрғыда оқшауланған кей мемлекетті қоспағанда. Алайда, қазір біз либерал-демократ санап жүрген АҚШ, болмаса Батыс Еуропаның еркін билігін баяғы ашық тоталитаризмге қарағанда күштірек деп есептейтін бір философ бар. Оның аты-жөні – Мишель Фуко. Бұл кісінің көзқарасына сүйенсек, қазіргі қоғам бұрынғыға қарағанда тоталитарлы қысымға көбірек ұшырауда. Ол бұл пікірін нақты бағамдап, талдай алады. Біз бұл мақаламызда Фуконың бұл идеясын талдай отыра, қазіргі қоғам арқылы нақты мысалдар келтіретін боламыз.
Ең алдымен тақырыбымызға тұздық болып отырған Мишель Фуконың кім екеніне тоқтала кетейік. Француз философы, тарихшы, мәдениет теоретигі Мишель Фуко – ХХ ғасырдағы ең ықпалды интеллектуалдардың бірі. Ол тек академиялық ортада ғана емес, жалпы қоғамда да билік, бақылау, сана және еркіндік туралы көзқарасты түбегейлі өзгертті.
Фуко классикалық философтар сияқты «билік кімнің қолында?» деген сұрақтан гөрі, «билік қалай жұмыс істейді?» деген мәселеге көбірек көңіл аударады. Ол билікті тек үкімет пен саясаттан ғана емес, ауруханалар, мектептер, түрмелер сияқты күнделікті институттардан іздеді. Оның еңбектері – «Қадағалау және жазалау», «Білім мен билік», «Сөздер мен заттар» – қоғамдағы көрінбейтін бақылау механизмдерін ашуға мол ықпал етті.
Жоғарыда атап өткендей, жалпы тоталитаризмге мысал шаш етектен. Гитлердің нацистік идеологиясында, Мао басқарған диктаторлық саясатында билік зорлық-зомбылықпен, ашық репрессиямен және бұйрыққа негізделген басқару әдістерімен жұмыс істеді. Шарасыз халықта көнбеске амал болмады, сол кездері сайқал саясаттың құрбандарының қатарында біздің зиялыларымыз да бар еді. Осы теория негізінде Мишель Фуко саясаттануға және философияға көптеген жаңа түсінік алып келді. Яғни «Қазіргі билік – бұрынғыдан да қуатты, сәйкесінше тоталитарлы. Өйткені, ол енді тек мәжбүрлеу арқылы ғана емес, адамның санасын қалыптастыру, пассивті түрде басқару, тәртіпті реттеу, бақылау және дискурс арқылы әрекет етеді» дейді ол өз еңбектерінде.
Қазір заманның ағымына қарай билік кез келген әлеуметтік институтта үстемдік ететін болды. Тиісінше, бала туылғаннан бастап қандай да бір идеологияны қалыптастыру, медианың көмегімен культ жасау өте оңай дүниеге айналды. Нақтырақ айтқанда, билік медианың, институттардың, тілдің, ғылымның, әлеуметтік нормалардың көмегімен қарапайым халықты өз иіріміне көндіруді бастап кетті. Адамдар жоғарының қалайша ықпалында жүргенін өздері де байқамай қалып жатады. Біз биліктің ықпалына қорыққаннан емес, басқа амалдың жоқтығынан көнетін болдық.
Сол үшін де қазіргі билік – бұрынғыға қарағанда қатаң. Адамдарды билеу үшін күш қажет емес, билік енгізген норма адамзаттың санасына орнығып алды десек те болады.
Билік баяғыдай тек саясаткерлер мен ортақ заңнан тұрмайды. Билік – мектепте, ауруханада, түрмеде, тіпті әлеуметтік желілерде де орналасқан. Осы тұрғыда Фуко өз теориясын «Қадағалау және бақылау» еңбегінде паноптикон метафорасы арқылы түсіндіреді. Паноптикон – бұл түрме үлгісі, онда орталық мұнара арқылы барлық адамның немен айналысып жатқанын көруге болады. Дегенмен, адам өзінің нақты қай уақытта бақылауда болатындығын білмейді. Сондықтан да, кез келген уақытта «мұнара арқылы көзге түсіп қалам-ау» деген қорқынышпен әрдайым өзін тәртіпте ұстайды.
Сондай-ақ, философ билік тек зорлық-зомбылық арқылы емес, білім мен дискурс арқылы жұмыс істейтіндігін де дәлелдеді. Медициналық, психологиялық, әлеуметтік ғалымдар адам мінез-құлқын зерттеп, белгілі бір норма қалыптастырады. Ал ол нормалардың бәрі билікке тікелей бағынуға, солардың айтқанымен жүруге, мейлінше қарсы шықпауға негізделген. Осы тұрғыда білім жүйесінің адам санасын түбегейлі басқаруға ықпалы зор. Бүгінде білім беру жүйесі қарапайым адам болып қалыптасуды тиісті деңгейде культ ретінде қалыптастырған. Олай дейтін себебіміз, оқушылар мен студенттерге «дұрыс ойлау» жүйесі енгізілген. Ал егер осы «дұрыс ойлау» жүйесіне кімде-кім күмән келтірген болса, сол сәтте оны «радикал» немесе «маргинал» қылып шығара келеді. Білім алу белгілі бір әлеуметтік сатымен көтерілудің жалғыз жолы ретінде саналады. Ал балама жолды таңдағысы келген, дәлірек, шығармашылық не дәстүрлі емес өзге де жолды таңдағандар сәтсіздікке ұшырайды деген түсінікті негіздейді.
Және де бір айта кетерлігі, Фуконың түсінігінше, шексіз психологиялық тесттер мен медициналық анықтамалар кімнің қоғамға бейім, болмаса бейім емес екендігін анықтаудың бірден-бір құралы іспеттес.
Осы орайда БАҚ-тың да биліктің сойылын соғып отырғандығын қалай тартсақ та жасыра алмаймыз. Біз бұған дейін де газетімізде осы тақырып төңірегінде «АЛАҢДАТУ АМАЛЫ. Саяси технократтар қоғам көңілін қалай аулайды?» атты мақаламызды жариялаған едік. Бұл теория негізінде БАҚ белгілі бір оқиғалар мен тақырыптарды көрсетіп, көп маңызды мәселені көлеңкелейді. Яғни, қоғамның назарын қайда бұру керектігін басқарады. Әлеуметтік желілерде жасанды еркіндік сезімі бар. Бір қарап тұрсаң адамдар кез келген өзі қалаған пікірді еркін жаза алатын секілді. Алайда, әлеуметтік желілердің ішкі функциясы көп адам лайк басқан пікірлерді алға жылжытып, табынушылық ортақ көзқарас орнатады.
ТҮЙІН. Көрінбейтін билік – ең қауіпті билік. Біз түрмеде емеспіз, бірақ билік біздің жүріс-тұрысымызды шектеуге мәжбүрлемей-ақ, өз еркімізбен реттейтіндей етіп жасаған. Бізге таңдау құқығы берілген сияқты, бірақ сол таңдаудың шекарасын біз емес, қоғамдағы билік институттары белгілейді. Бізді ешкім ашық қудаламайды, бірақ егер әлеуметтік нормалардан ауытқысақ, «көпшілік қысымына» тап боламыз.
Айтілес ЖАЙШЫЛЫҚ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!