Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Форумдар пәтуалы болсын десек…

15.06.2023, 10:20 238

Астана экономикалық форумынан кейінгі ой

Әміржан  ҚОСАН,

арнайы   «Халық»  газеті  үшін

Сөз жоқ, әртүрлі деңгейдегі форум өткізуден біз талайдан бері алдымызға жан салмай келеміз. Бүгін жұрт болып (соның ішінде 30 жыл бойына ол кісіні мақтап, мадақтап жүргендер де бар!) жамандап, жерден алып, жерге салып жүрген елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кезінде бұл үрдіс ерекше қанат жайып еді. Үш миллиардтай доллар (?!) жұмсалған ЭКСПО көрмесі мен ЕҚЫҰ-ға (ОБСЕ) төрағалығымыздың өзі не тұрады?!

«Аузы күйген үріп ішеді», сол себепті өткен аптада өткен тұңғыш Астана экономикалық форумына жұрттың біразы біршама күмәнмен қарағаны да рас.

Алдымен жиынның оң тұстарын атайын.

Біріншіден, форумның барысында шынымен де әлемдік маңызы бар проблемалар талқыланды. Президент Тоқаевтың сөзі бұрынғы Назарбаевтың сөзіне ұқсамады, көп нәрсе ашық әрі сыни тұрғыда айтылды. Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде халықаралық экономикалық, геосаяси жағдайларға қатысты өзінің дербес пікірі бар ел екені ап-анық көрінді. Әлемдік саяси орталықтарға жалтақтау болмады. Мұның өзі көңілге медет.

Екіншіден, талқыланған мәселелер өзекті болғанын мойындау керек. Халықаралық деңгейде танымал беделді сарапшылардың ой-пікірі, осынау алмағайып кезеңге қатысты кей сәтте тосын боп көрінген әрі бір-біріне кереғар пайымдары, әрине, форумға деген қызығушылықты арттырып, оның мәртебесін көтерді.

Үшіншіден, форумға қатысқан халықаралық демократиялық, қаржылық, экономикалық институттар басшыларымен президент Тоқаевтың жеке-дара кездескені де олардың Қазақстанға келген сапарларын одан сайын нәтижелі ете түссе керек.

Төртіншіден, форум барысында бірқатар келісімшартқа қол қойылды. Өз басым қос қолымды қолдайтын құжат – «Қазмұнайгаз» бен ENI компаниясының бірлесе отырып, Жаңаөзенде гибридтік электростанса құру туралы келісімі. Жұмыссыздықтың зардабын шегіп отырған аймаққа бұл мықты қолдау болады деп санаймын! Тек, әйтеуір, бастама қағаз жүзінде қалып қоймай, баянды болса  екен.

Сонымен бірге, форумның «әттеген-айлары» болған жоқ деп айта алмаймыз.

Біріншіден, Мәскеуде өтетін барлық жиындарға біздің басшылар міндетті түрде барады. Ал Астанадағы президент Тоқаев өткізіп жатқан халықаралық форумға Ресей басшылығынан ешкім келмеді. Өз басым мұның екі себебі бар деп санаймын. Алдымен, бұл – тұрпайы түрдегі көреалмаушылық, сосын Қазақстанның Украинаға қарсы Ресей ашқан соғысқа қатысты Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына негізделген позициясы, ДХР мен ЛХР секілді жасанды құрылымдарды мойындамауы. Мұндай көзқарас Кремльге жақпайтыны о бастан белгілі.

Көреалмаушылық дегеніміз ТМД құрамындағы басқа елдердің басшыларына да қатысты болса керек, өйткені қырғыз және өзбек басшыларынан басқа ТМД елдерінен ешкім келген жоқ. Ал мына тұрған өзбек ағайынның президенті емес, премьері келуінде де біраз гәп жатқанын көкірегі ояу, көзі ашық ағайын сезіп те отырған болар.

Екіншіден, талқыланған мәселелер ғаламдық деңгейде болғаны бір жағынан дұрыс та болар, алайда ел іші осындай жиындардан жалпылама толғаулардан гөрі нақтылықты күтеді, соның ішінде қазіргі Қазақстанның өз ішіндегі жағдайға қатысты алға жетелер идеялар мен ұсыныстарды естігісі келеді. Өкінішке қарай, форумның ол жағы ақсап жатты. Ол да түсінікті: экономика саласындағы Нобель сыйлығының барлық лауреаттарын бір жерге жинап, басын қоссаң да, олар тым созылып кеткен әрі үдеп бара жатқан әлемдік дағдарыстан қалай шығудың бірден-бір дұрыс рецептін тауып бере алмас, өйткені, дағдарыс, апат секілді айтпай келеді, әрі әр елдің өз ерекшелігі мен өзгешелігі бар. Мықты болса, сол лауреаттар әлемдік дағдарысты болдырмаудың амалын алдын ала айтар еді ғой.

Тақырыпты қорытындыласақ, әрине, әр елдің сыртқы алаңда өз амбициясы бар. Қазақстан да ол қатардан қалып қоя алмайды. Сондықтан басқа мемлекеттер де осындай  жиындар  өткізіп тұрады. Оның өзі елді, соның ішінде, оның жаңа басшысын, қолға алынып жатқан Жаңа Қазақстан идеясын шет елдерге танытудың бір формасы болар, ондай  қадамдардан мүлдем  бас  тарту  тәуелсіз елімізге  жараса  қоймас.

Тек талқыланған тақырыптар өзекті әрі өміршең болса, қабылданған шешімдердің ел экономикасына пайдасы тисе, жиынды өткізуге жұмсалатын шығындар талан-таражға түспесе,  құба-құп  болар еді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: