HALYQLINE.KZ Бүгінгі таңда Қазалы ауданында «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының аясында 6 мектеп пен 3 балабақшаға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мемлекеттік тарапынан қолдау көрсетіліп, қыруар қаржыға жөнделіп жатқан кейбір нысандардағы құрылыс жұмыстары көңіл көншітпейді.
Бұл туралы аудан әкімі Мұрат Ергешбаев «Жол картасы» арқылы атқарылып жатқан нысандарды аралаған кезде белгілі болды.
Мемлекеттік бағдарлама қолдауымен Б.Мергенбаев атындағы №226 мектеп-гимназияға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ғимараттың есігі мен терезесі, шатыры, жылу жүйесі мен электр желісі толығымен ауыстырылып, ішкі және сыртқы қабырғалары сыланады. Сондай-ақ, өрт дабылы қондырғысы орнатылып, асхана ғимараты да жөнделеді. Алайда құрылыс жұмыстары баяу және сапасыз жүргізілуде.
Дәл осындай көрініс Бозкөл ауылындағы №96 мектепте де қайталанды. Баяу жүргізілген жұмыстың нәтижесінде мердігер мекеме белгіленген уақытта бұл нысанды аяқтай алмау қаупі бар. Сондықтан екі мектеп директорына ескерту жасап, білім ордасындағы жұмыстар белгіленген мерзімде әрі сапалы орындалуы керектігін қатаң тапсырды.
– Мемлекет тарапынан қолдау көрсетіп, қыруар қаржы бөлінді. Соның нәтижесінде аудандағы білім ордаларына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бірақ екі мектептің директоры құрылыс жұмыстарының сапалы болуын қадағаламай, жауапкершілікпен қарамаған. Алдағы уақытта бұл кемшіліктер жойылып, жаңа оқу жылына дейін құрылыс жұмыстарын уақытылы әрі сапалы етіп аяқтау керек. Ол үшін мектеп басшылары құрылыс жұмыстарына жанашырлықпен қарап, күнделікті қадағалап тұруы қажет, – деді Мұрат Нәлхожаұлы.
Мұнан соң Мұрат Ергешбаев кенттегі «Аймақаш» мөлтек ауданынан салынатын тұрғын үйлерді инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстарымен танысты.
Бүгінгі күні бұл аумақты электр желілерімен қамтамасыз ету жұмыстары толық аяқталды. 14 гектар аумаққа 3 трансформатор қондырғысы орнатылып, көшелері түнгі жарықшамдармен қамтамасыз етілді.Қазіргі таңда ауыз су мен газ желілерін жүргізу жұмыстары қарқынды жүруде. Инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары белгіленген уақытта аяқталады деп жоспарлануда.
Сондай-ақ, аудан әкімі Ғ.Мұратбаев, Аранды және Қожабақы ауылдарында да жүргізіліп жатқан жұмыстарды да аралап, құрылыс жұмыстарымен танысты.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!