HALYQLINE.KZ Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен мемлекет және қоғам қайраткері Нәлқожа Ергешбаевтың ескерткіш-мүсінінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
«Әр тарихи кезеңнің халқымыз үшін өз орны бары белгілі. Сол қоғамның дамуы мен өркендеуіне, ел іргесінің берік болып, халықтың ауызбіршілігі мен ынтымағының сақталуына еңбегі сіңген тұлғаларды еске алып, есімін ардақтау – елдік парызымыз. Сондай ардақты азаматтардың бірі – мемлекет және қоғам қайраткері Нәлқожа Ақбалаұлы Ергешбаев. Нәлқожа Ақбалаұлы – Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық дамуында із қалдырған қайраткер азамат. Ол «Қазақ ауылшаруашылығы техникасы» облыстық бірлестігіне төраға болған тұста техниканы сақтайтын, жөндейтін арнаулы орындар ашу мәселесін алғашқы болып көтеріп, оны жүйелі жүзеге асырған басшылардың бірі ретінде ел есінде қалды», – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
Ергешбаев Нәлқожа Ақбалаұлы 1931 жылы 1 наурызда Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Бірлік ауылында дүниеге келген. 1954 жылы Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтын, 1965 жылы Кеңес Одағы Коммунистік Партиясы Орталық комитеті жанындағы Мәскеу Жоғары партия мектебін бітірген. «Ленин», «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапатталған.
Еңбек жолын 1954 жылы Арал машина-трактор станциясында инженер-механик болып бастап, Аламесек трактор-жөндеу станциясының директоры, Қызылорда қаласындағы «Главторгмаш» облыстық басқармасының бастығы, Қызылорда қаласындағы «Қазақ ауыл шаруашылық техникасы» бірлестігінің төрағасы, Қазақстан Коммунистік партиясы Қызылорда облысы Тереңөзек аудандық комитетінің бірінші хатшысы, 1985-1992 жылдары зейнетке шыққанға дейін Қазақстан Коммунистік партиясы Қызылорда облысы Сырдария аудандық комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарған. 1997 жылы 9 желтоқсанда өмірден озды.
«Күріш өндіруді мамандандыру және шоғырландыру» кітабының авторы.
Шараға мемлекеттік мекемелер өкілдері, облыстық мәслихат хатшысы Қылышбай Бисенов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев пен мемлекет және қоғам қайраткерінің баласы Әбдіқадыр Ергешбаев қатысып, өз лебізін жеткізді.
Мемлекет және қоғам қайраткерінің ескерткіш-мүсіні Тасбөгет кентіндегі Нәлқожа Ергешбаев атындағы №172 орта мектептің ауласында орнатылды. Сондай-ақ, мектеп жанынан өмірі мен қызметіне арналған қоғамдық музей ашылды.
Ескерткіш-мүсін қола материалынан дайындалған, биіктігі 1 метрді құрайды, тұғырының биіктігі – 2,3 метр. Авторы – суретші, мүсінші, Қазақстан Суретшілер одағының Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының «Құрмет» грамотасының, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері Аманкелді Кененбаев.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!