Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Елдің ынтымағы ырысқа жетелейді

25.03.2022, 9:40 387

Облыстық ішкі саясат басқармасының кеңейтілген мәжілісі «Достық үйінде» өткізілді. Бұл мәжіліс барысында өткен жылғы атқарылған жұмысқа шолу жасалып, алдағы уақытта жүзеге асырылуы керек негізгі міндеттер айқындалды. Оған облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай және облыс ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен белсенділері, волонтерлар, қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары, бұқаралық ақпарат құралдары  қатысты.

Басқарма басшысы Мира Қазбекованың айтуынша, іс-шаралардың дені өңірдегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл жұмыстар қоғамдық пікірге негізделген мониторинг нәтижесі бойынша  іске  асырылыпты.

– Былтыр ішкі саясат саласында үлкен өзгерістер болды. Құрылымның құрамы өзгеріп, жұмыс істеу шеңбері артты. Жаңа функциялар беріліп, жастармен жұмыс істеу және Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы және этносаралық қатынастар бөлімдері ашылып, бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет ресурстар бөлімдері біріктірілді. Атап айтқанда, облыстық «Жастар ресурстық орталығы» және «Қоғамдық келісім» мекемелері басқарманың құрылымына еніп, «Рухани жаңғыру орталығы» коммуналдық мекеме ретінде қайта  құрылды, – деді басқарма басшысы  Мира  Жомартқызы.

Жалпы, облыстық ішкі саясат басқармасына қарасты 6 мекеме және 1 квазимемлекеттік секторы  бар. Яғни, «Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, «Ақпараттық талдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік меке­месі, «Өңірлік коммуникациялар қызметі» коммуналдық мемле­кеттік мекемесі, «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, «Жастар ресурс­тық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, «Рухани жаңғыру орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, «Сыр Медиа»  ЖШС-тігі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі Жол­дауында БАҚ өкілдерінің қоғам­да маңызы зор екенін атап өтті. Иә, халық пен билік арасындағы жібек­тен нәзік дос­тық жібінің үзілмеуі тікелей БАҚ саласындағы қызметкерлерге байла­нысты екені сөзсіз. Сол себепті өзгеріссіз шаң басып қалған БАҚ туралы заңына біршама айрықша оң шешімдер қарала­тын болады деп сендірді.

– Бұқаралық ақпарат құралдары  бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек. Бұл қағидат қазір кез келген өркениетті ел үшін  айрықша маңызды. Отандық ақпарат құралдарының Қазақ­станда, өңірде және әлемде болып  жатқан үдерістер туралы өз көзқарасы болуға тиіс. Еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі, тіпті идеологиялық дербестігі осыған тікелей байланысты. Тәуелсіз әрі жауапкершілігі жоғары бұқаралық ақпарат құралдары болмаса, қоғамды одан әрі демократияландыру мүмкін емес екеніне сенімдімін. Сондықтан мемлекеттің  мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасаланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керек, – деді ҚР Президенті.

«Төртінші билік» өкілі деп аталған сала мамандары қай ғасыр болмасын өзінің салмағы мен құндылығын жоғалтпасы анық. Мәселен, облыстың медиа кеңістігінде 101, мемлекеттік 12 және 89 тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралы бар. Оның ішінде, 87-сі – мерзімдік басылым, 8-і – электронды, 3-еуі – ақпараттық агенттік және 3-еуі – интер­нет-сайт.

Жоғарыда атап өтілген бас­қармаға қарасты жұмыс орындарының әрқайсысына қысқаша тоқталып өтсек. Атап айтсақ, былтыр «Өңірлік коммуника­циялар қызметі» алаңында 569 брифинг өткізіліп, БАҚ өкілдерімен 25 баспасөз туры ұйымдастырылды. Ал, жыл басынан бері 120 брифинг, 1 баспасөз турын өткізді.

Өңірде 1193 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Азаматтық қоғам институттарының басын біріктіретін үкіметтік емес ұйым­дар альянсы ассоциациясы жұмыс істейді. Елдің әлеуетін жақсартатын бұл жобаның бағыты  айқын.

«Ақыл – тәңірден, машық – жастан» демекші тың идеяға толы жаңа толқынның игілігіне жүйелі жұмыстар легі атқарылуда. Облыста 14-29 жас аралығындағы жастар саны – 176300. Оның ішінде 73180 адам қаланың үлесінде, 103120-ы – ауылдағы жастар. Жұмыссыздық, тұрмыс­тық мәселелер өңірде жиі қозғалып жүр. Екі күннің бірінде айтылады деуге болады. Сондықтан жастардың маргинал қатарына енбеуіне ауқымды жобалар қозғалды. Соның бірі – жастар практикасы. Талай жастың жұмысқа орналасуына септігін тигізді. Міне, сол сияқты түйткілді мәселенің түйінін тарқататын «Сыр жастары» кешендік бағдарламасы  әзірленуде.

Біздің ел – көпэтносты мемле­кет. Қаншама пана іздеген өзге ұлт өкілдерінің көкі­регінен итермей, аяқтан тұруына қолдау білдірген парасаты мол ел. Қызыл­орда облысында 35 этнос­аралық топ бар. Басым бөлігі – Қызыл­орда мен Байқоңыр қалаларында. Мемлекеттік этно  саясатты жүзеге асыруда облыстық «Қазақстан Халқы Ассамблеясы»  құрамында 11 этно-мәдени  бірлестік, 5 этно бағытталған үкіметтік емес ұйым, 8 қоғамдық құрылым жұмыс  атқарады.

Ұлтты өзге елдерден ерекшелеп тұратын – тілі. Егер жастардың дені тіл кредосын мықтап ұстанса, қазақ тілі «қаңғып» жүрмес еді. «Еді» деп құр уайымдап жүргеннен тілдің табаны тайғанақтап кетпеуін қадағалаған жөн. Бізде облыстық «Тілдерді оқыту орталығына» осы және өзге де міндеттемелер жүктелген. Олардың ел тағдыры үшін атқарған жұмыстары да жетерлік. Мәселен, былтыр 2279 адам, оның ішінде мемлекеттік тілді 1014, орыс тілін 493, ағылшын тілін 772 адам оқу курсынан өтті.

Мәжіліс барысында кешегі қаңтар оқиғасы кезінде болған келеңсіз жайттар қозғалды. Кейбір аудандар оперативтілігінің арқасында ешқандай құқық­бұзушылықтарға жол бермепті. Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов­тің айтуынша, сол күндерде ауданда бейбіт шеруге шыққан тұрғындармен ақсақалдар, белгілі азаматтар, аудан басшылары ортақ түсіністікке келді. Сондай-ақ, дәл сол уақытта жергі­лікті тұрғындар және еріктілер күшімен теміржол бойында екі күнге жуық тоқтап тұрған төрт пойыздағы жолаушылар ыстық тамақ және өзге де қажеттіліктермен  қамтамасыз  етілді.

Осыған ұқсас жағдай Шие­лі ауданында да болды. Аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов сын сәтте  қоғамдық саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар жөнінде әңгімелеп берді. Ұлт­аралық қатынастарды дамыту мақсатындағы жұмыстарды баян­дады.

Сондай-ақ, басқармаға қа­расты мекемелер мен ұйымдардың басшылары мен өкілдері мінберде сөз сөйлеп, өз ұсыныс­тарын  айтты.

Жиын соңында қатысу­шыларға сөз берілді. Өздерінің талап-тілектерін жеткізуге об­лыс­тың аға буын өкілдері шықты. Соның бірі «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы, республикалық «Тіл сақшысы» газетінің бас редакторы Сәдуақас Аңсат болды. Ол қазақ тілінің мәртебесін арттыру үшін көп қиындықты кездестіргенін айтты. Сол себепті ішкі сая­сат саласы тіл полициясының нығаюына маңызды рөл атқарып жатқанына  алғысын  білдірді.

Қалалық «Қоғам ТВ» теле­арнасының құрылтайшысы Шаһизада Әбдікәрімов алдағы уақытта журналистерге берілетін еркіндік туралы айтып өтті. Ол саяси жүйенің тұтқынында көзсіз, еріксіз қызмет еткен журналистерге тоқталды. Бізде заң бар. БАҚ туралы заңның 2-бабының 1-тармағында цензураға тыйым салынады деп көрсетілген. Әрі қарай оның батылдығы, білімділігі, жауаптылығы сынға түседі. Бізде еркіндік бар. Тек жағымпаздық пен күнкөрушілік мүддесі басым болды ма? Алайда болам деген баланың аяғына тұсау салған жандарды естіп жүрміз. Сондықтан болар, «қой терісін жамылған қасқыр» болып жүруге мәжбүр болғаны. Енді «еркіндік» бар деп жар салып, сөзбен жерді де сілкіндірдік. Бірақ «еркіндік» деген ұғымды теріс бағытта ұғынып, аузына не түссе, соңы қалың оқырманның ой таразысына беру емес. Журналистік зерттеудің нәтижесінде белгілі бір фактілерге сүйену арқылы берілу керек. Өйткені қарудан да қолыңдағы қаламың қауіпті. «Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге тарайды»  деп  бекерге  айтылмаса  керек-ті. Шаһизада Әбдікәрімовтің айтуын­ша, мемлекеттік тапсырыс туралы айтылғанда облыс әкімдігінің іс-қимыл әрекеттері мен бағдарламаларына сай жасалып жатқан жұмыстар ғана емес, сонымен бірге қоғамның сұранысына қажетті мемлекеттік тапсырыстың параметрлері  бойынша  қарау  керек.

Жиын барысында «Невада-Семей» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Сәбит Әбіш жыл сайын айтатын Семей полигоны мәселесіне ешкімнің басы ауырмайтынына наразылығын білдірді. Сонымен қатар мәжілістің белгіленген уақытынан кеш басталғанына, жағымпаздық қасиеттің қанға сіңіп кеткеніне де қынжылды.

Кеңейтілген мәжіліс облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртайдың сөзімен қорытындыланды.

– Елдің ауызбірлігін сақтау, өңіріміздің дамуы – өзіміздің қолымызда. Сол себеп­ті осы  мақсатта  күш-жігері­мізді салып, дұрыс бағытта жүруге назар аударуымыз тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауында алға қойылған міндеттер нақтыланды. Бұл бағытта облыста атқарылатын жұмыс жоспары сараланып, алдағы уақытта сол мақсатта нақты істер атқарылады. Осы орайда көпшіліктің ой-пікірі ескеріліп, ол жобалардың іске асуына арналған негізгі тетіктер болуы тиіс. Ең бастысы, ел – өзіміздікі, облысты үлкен деңгейде алдыңғы қатардан көрсету – негізгі міндетіміз. Жалпы, әрбір ауданның, елді мекеннің дамуы деңгейі әртүрлі. Қай істі жүзеге асыру елдің ауызбірлігі, ынтымағына тікелей байланыс­ты,  – деді облыс әкімінің орынбасары.

Кешегі қаңтар оқиғасының ызғары әлі басылар емес. Көптеген сала бойынша әлсіз тұсымыз көрініп, құлпымыз қаусап, қақпамыз айқара ашық қалды. Дегенмен дер кезінде етек-жеңін жиып, елдегі ахуалды жақсарту үшін жөнді әрекет басталуы керек. Бүгінгі жиынның да бағыты мен мақсаты – сол. Есті сөз айтыл­ды. Енді тек уақыт пен жүйелі  жұмыстың  еншісінде.

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: