Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Елбасы Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы лауазымын Президентке берді

09.01.2022, 12:00 280

Елбасының кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Айдос Үкібай бұқаралалық ақпарат құралдарына Елбасы туралы тараған түрлі ақпараттар бойынша түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кейінгі уақытта БАҚ пен әлеуметтік желілерде Қазақстанның Тұңғыш Президентіне қатысты көптеген жалған қауесеттер мен арандатушылық жазбалар таралуда. Қазіргі жағдайда мұндай әрекетті саяси жағдайды тұрақсыздандыру және мемлекеттің конституциялық негіздерін бұзу әрекеті ретінде қарастырамыз. Бұрын мәлімдегенімдей, Елбасы осы күндерде Нұр-Сұлтан қаласында болып, Мемлекет басшысына қолдау көрсетуде. Алайда жағдай өте қиын болды, сондықтан Елбасының өзі Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы лауазымын Президентке беру туралы шешім қабылдады. Өйткені ол елде болып жатқан тәртіпсіздіктер мен террорлық істер Мемлекет басшылығынан жедел, қатаң және ымырасыз жауап талап ететінін жақсы білді», – делінген түсініктемеде.

Оның сөзіне қарағанда, Елбасы мен Президент халықты, ұлт болашағын қорғау ісінде бір шепте әрекет еткен.

«Елбасы мен Мемлекет басшысы өз халқын, елін және ұлт болашағын қорғау ісінде әрдайым бір шепте әрекет етті. Осы қиын-қыстау күндерде олар мемлекеттік биліктің біртұтас екенін тағы да көрсетті. Осынау қиын-қыстау кезеңде Нұрсұлтан Назарбаев барлық азаматтарды халқымыздың бірлігі мен тұтастығын көрсетуге және Президентіміз – Қасым-Жомарт Тоқаевқа террористерге қарсы күресте және Қазақстандағы өмірді қалыпқа келтіруде қолдау көрсетуге шақырады. Елбасы террористік шабуылдар кесірінен адамдардың қаза болуына байланысты қайғырады және қаза тапқандардың отбасыларына шын жүректен көңіл айтады», – делінген Айдос Үкібайдың мәлімдемесінде.


Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: