Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Еділ Жаңбыршин мен Аслан Мусинді не байланыстырады? (видео)

18.02.2025, 11:15 261

HALYQLINE.KZ

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Adal Adam youtube арнасына берген сұхбатында өзіне жасалған ақпараттық шабуылдардың себебін түсіндірді.

«Олигополияға ұнамайтын заңдар қабылдаймыз, жобалар жасаймыз. Әй дейтін әже, қой дейтін қожасы жоқ, әрнәрсені белден басып жүрген мұнай алпауыттарын шақырып алып, халық қалаулыларының алдында есеп бергізіп отырғандықтан, соларға және солардың мүдделес сыбайластарына ұнамауымыз мүмкін. Біз президенттің саясатын жүргізетін адамбыз, ол кісі елді жаңа бағытқа бұрып, өзгерістер жасауға талпынып жатыр. Мұндай қадамдар да бұрынғыларға ұнамайды. Өйткені, бұрынғылар өздерінің жем жеп отырған астауынан, мемлекет қазынасын майшелпек қылған схемаларынан айырылғысы келмейді. Сондықтан бізге ақпараттық шабуылдардың болатыны заңдылық. Бола да береді. Блогер-журналистерді әдейі бізге жіберіп, шатастыру үшін қитұрқы сұрақтар қояды. Кейбіріне түсіп қаламыз, кейбіріне жауап беріп жатамыз. Енді бәрін бірдей біле беруің мүмкін емес. Ақпараттық «киллерлердің» болатынын білеміз, біреу жасырын жасайды, біреу ашық шабуылдайды. Оған етіміз үйренген. Саясатқа келгеннен кейін бәріне дайын болуымыз керек», – деді депутат.

Сонымен қатар ол «Еділ Жаңбыршиннің саяси мансабының өсуіне Президент әкімшілігінде бұрын басшы болған Аслан Мусин ықпал етті» деген қауесетке жауап берді.

«Мусин Президент әкімшілігі басшысы болған. Бірақ онымен өмірімде кездеспегем. Қызмет бабында да жолықпағам. Танымаймын. Тек сырттай биографиясын ғана білем. Мені Ақтау қаласының әкімі қылған сол кездегі Маңғыстау облысының әкімі Бауыржан Мұхамеджанов болатын. Адамды сендіргің келсе, өтірікті өкіртіп тұрып айт деген. Сондай пиғылмен таратылған қауесет шығар, менің беделімді, абыройымды түсіру үшін. Жалпы мен туралы небір бәлелер жазылды. Ал мені танитын адамдар, қызметтес болған азаматтар менің қандай адам екенімді біледі, сондықтан ондай қаңқу сөздерге ақталмаймын да. Егер жалған ақпарат таратушылар шектен шығып жатса, сотқа беретін боламын», – деді Еділ Жаңбыршин.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.


Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: