Осы сағаттарда Алматы қаласының әкімі халыққа кезекті рет есеп беріп жатыр. Қоғам белсендісі Мейірхан Әбдіманапов қала басшысына митинг және айыппұл туралы сұрақ қойып, нақты жауап ала алмады.
– Сізге атом электр станциясына қарсылық танытқан 5 адам арыз жолдады. Онда әкімнің рұқсатымен Алматыдағы 3 алаңның кез келгеніне митинг өткізу көзделген. Соған рұқсат бересіз бе, бермейсіз бе? Осы рұқсат беру тұрғысында бірнеше сұрақ туындайды.
1. Сіздің митингке рұқсат беру-бермеу, оны заңды-заңсыз деп жариялайтын қандай құқығыңыз бар? Минтинг өтсе, сіз оны заңсыз өтті деп қаулы шығарасыз. Ол Конституциямыз бен адам құқықтары жөніндегі Конвенцияға қайшы. Сіз құзырыңызда жоқ заң қызметкерлерінің ісіне араласып, соларға нұсқау бересіз. Полиция сіздің қаулыңыздың негізінде біздің (белсенділердің – авт.) үстімізден әкімшілік іс қозғайды. Айыппұл салып, 15-25 тәулікке қамайды. Сіздің ондай қаулы шығаруға (белсенділерді жазалауға – авт.) құқығыңыз жоқ. Бұл бойынша (осындай факті тіркелсе – авт.) ҚР Қылмыстық Кодексінің 450, 361, 362, 363 және 369-бабы бойынша сіз қылмыстық жауапкершілікке тартылуыңыз мүмкін. Соны сіз білесіз бе? Мен атаған жайт туралы не айтасыз?
2. Маған 1 сәуірдегі жиналыс пен 9 сәуірдегі митингке қатысқаным үшін 2 рет айыппұл салынды. Айыппұлар сіздің қаулыға байланысты салынды. Кеше менің Kaspi картама шектеу (арест) қойды. Мұны қалай түсіндіресіз, – деді Мейірхан Шапақұлы.
Алматы қаласының әкімі заңды түрде жұмыс істеп жатқандығын айтып, митингке рұқсат беру туралы ештеңе демеді.
– Сіз Қылмыстық Кодекс баптарының көбін айтып жатырсыз. Сотқа барып әкімшіліктің дұрыс не бұрыс істеп жатқанын біле аласыз. Ол сіздің құқығыңыз. Біз өз тарапымыздан жұмыстарды заңды түрде істеп отырмыз. Сіз Конституцияны айтып отырсыз. Биылдан бастап бізде Конституциялық сот жұмыс істеп жатыр. Соған арызыңызды жазып, мән-жайын білуіңізге болады. Айыппұлды біз емес, сот салып жатыр. Банк картасын шектеу де соттың шешіміне байланысты. Егер оған келіспесеңіз апелляцияға беруіңізге, бізге қағаздарын өткізуіңізге болады, – деді әкім.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!