Доллар «долданса», теңге түседі. Енді бағалар да бағынбайды. Нарықтың ұрымтал тұсын жеке бас пайдаларына асыратын кәсіпкерлер, әсіресе алыпсатарлар осындайда бағаның бағанын қолдан жасап алады. Азық-түлік, киім-кешек, өзге де тұрмыстық заттардың бағасы шарықтап шыға келгенде, барлығына доллардың өскені кінәлі болып шығады. Кімнен көреміз? Мемлекеттің бағаны бірқалыпты ұстап отыруы екіталай. ҚР Ұлттық экономика министрлігі бұған уәде бермегенмен, уәдеге ұқсас уәжді айтып отыр.
– Баға – өте маңызды мәселе. Мұны азық-түлік және азық-түлік емес тауарлар деп екі бөлікке бөліп қарастыруға болады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратына сәйкес, азық-түлік тауарларының басым бөлігі елімізде өндіріледі, жергілікті ресурстарға байланған. Сондықтан валютаның, доллардың теңгеге бағамының өзгеруі салдарынан баға өзгеріске ұшырамауы тиіс. Азық-түлік бағасына маусымдық жағдайлар, тауарлық кедергілер сынды жайттар әсерін тигізуі мүмкін. Бәсекелестіктің болмауы, ымыраласу да бағаға әсер етуі ықтимал, – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, сырттан келетін электроника саласына қатысты баға да тұрақты болып қалады. Электроникалық заттарды нарыққа шығаратын әлемдік брендтер олардың бағасын жергілікті жердің сұранысына сай болуын қарастырады-мыс. Алайда бұл уәждің қаншалықты тұрақты екендігін алдын ала болжау қиын.
Теңге тұғырынан тағы бір саты түсуіне мұнай бағасының құлдырауы себеп болды. Мұнай котировкасы барреліне 34 доллар болды. Жыл басындағы көрсеткішке қарағанда бұл екі есе төмен. Ал күндік мәні барреліне 31 долларға дейін барды. Металл бағасы төмендеп жатыр. Цинк бағасы 16 пайызға, мыс – 12, темір рудасы – 4, ферроқорытпа 1,2 пайызға төмендеген. Жыл басынан бері америкалық биржа индекстері 14 пайызға, ал еуропалық индекстер 15 пайызға, қытайлық индекстер 13 пайызға азайыпты.
Қазір ұлттық банктің ресми бағасы 1 доллар үшін 393,5 теңге. Бас қазынашы валюталық дағдарысқа қатысты берген түсініктемесінде:
– Ресей мұнайды өндіру мен төмендету ұсынысын қолдамады. Осыған байланысты Сауд Арабиясы 8 наурызда әлемнің барлық өңірі үшін өз мұнайының бағасын төмендету және мұнай өндіруді тәулігіне 9,7 миллион баррельден 12 миллион баррельге дейін ұлғайтуға дайын екені туралы шешімін хабарлады. Ұлттық банк теңгенің еркін өзгермелі айырбас бағамы режиміне бейілдігін растайды. Дегенмен, бағам өзгерген жағдайда қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін валюталық интервенциялар жүргізіледі. Ұлттық банк әлемдік экономика және халықаралық нарықты бақылап отыр. Қажет жағдайда Қазақстандағы қаржы нарығын тұрақтандыру үшін шаралар қабылдауға дайынбыз, – деді.
Нарықты уыста ұстап тұрамыз деу – бекер іс. Ұлттық банк төрағасы Е.Досаевтың бұл сөзін халықты жұбату үшін айтқан жұғымды сөзі деп санадық. Қазір ұлттық қордың қазынасында 2,7 трлн теңге бар екен. Алайда ол қордың қашанға дейін жететіндігі биліктегілерге де беймәлім. Асылында теңгенің түсуінің зардабын көретін билік басындағылар емес, кәдімгі қарапайым халық. Қымбатшылық қысады өйткені. Жұрттың жалақысы жайлы тіпті бөлек әңгіме. Бюджеттік ұйымдардың жалақысы 30 пайызға дейін өсті. Ал жеке ұйымдардың жалақыларына байланысты мәселе көп. Ендігі кезектегі зейнетақы мен жәрдемақы дағдарыс шектен шығып кетсе ғана индексацияланады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің өзі мәлімдеді.
Президент пәрмен берді. Мұнай мен доллардың долбары мемлекетті бейжай қалдырмау керек. Өйткені халық билікке қарап ауыз ашып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет мүшелері және ұлттық банк төрағасымен кеңес өткізді. Ақорданың хабарлауынша, жиында әлемдегі экономикалық жағдай және оның Қазақстан экономикасына әсері талқыланған. Үкімет 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылау жөнінде ұсыныс енгізеді. Енді мемлекет басшысы бюджет шығындарын қысқарту, өңірлерде халықты жұмыспен қамтамасыз ету, еліміздің қаржы-валюталық нарығын тұрақтандыру, республикалық және жергілікті бюджеттерді оңтайландыру бойынша шаралар қабылдамақ.
ТҮЙІН. Тұрақты жұмыс орындарын сақтап қалу, бюджетті оңтайландыру жұмыстары осы кезеңге дейін болған және алдағы уақытта жалғастырылатын биліктің күнделікті жоспарларының бірі. Президенттің Үкіметке, Үкіметтің жергілікті билікке күнде беріп жатқан тапсырмаларының денінің негізгі мазмұны осындай. 2016 жылы доллар дәл осындай долбар көрсеткенде де билік «бағаны ұстап тұрамыз» деп құрғақ уәделерді үйіп-төккен. Бірақ нәтижесі аздау болған. Бұл да бір араға 6-7 жыл салып қайталанатын қалыпты құбылысқа айналып барады. Бұл жағдайда халыққа құрғақ қасық асатпай, нақты істердің ауанына көшкен жөн-ау.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!