Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Депутаттықтан дәмелілер көп

16.02.2023, 11:40 595

Осыдан тура 32 күннен кейін қазақстандықтар Мәжіліс пен жергілікті мәслихаттардың депутаттарын сайлап, Әділетті Қазақстанның жаңа халық қалаулыларын «қалап» алады. Алдағы саяси науқанның ерекшелігі сол, осы жолы сайлау пропорционалды-мажоритарлы жүйемен өтеді. Демек, тек партиялық тізіммен ғана емес, сонымен  бірге  жекелеген азаматтар өзін-өзі ұсыну арқылы 29 мандат үшін таласқа  түсе  алады. Бұл  орын  тек Мәжіліс деңгейінде. Ал облыс, қала, аудан деңгейінде мәслихатта бұл үлес өзгереді. Мысалы, облыста 50/50 болса, ал аудан, қала деңгейінде 100 пайыз өзін-өзін  ұсыну  арқылы сайлауға қатысуға мүмкіндік беріліп отыр.

Бүгінде Парламент Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттығына кандидаттарды ұсыну аяқталғаны белгілі. Партиялық тізім бойынша саяси додаға түсетіндер бар, өзін-өзі ұсынғандар бар, қысқасы, нағыз бәсеке енді басталғалы тұр. Әр дауыс ауадай қажет. Ол үшін халықтың сеніміне ие болу маңызды. Нағыз бәсеке дегеннен шығады, орталық сайлау  комис­сиясының  кезекті  отырысында белгілі болғанындай, 19 наурызда өтетін Мәжіліс пен мәслихат сайлауына барлық өңірден жалпы саны 14 мың кандидат тіркеліпті. Әрине, «қай партия қанша үміткерін қосты, кімдер тізімде бар?» деген сауал елдің саяси өміріне бейжай қарамайтын көпшілікті елең еткізетіні рас. Үміткер демекші, өңірлерде өзін-өзі ұсын­ғандардың ішінде 20 жастың ауылына енді қадам басқан жастағы азамат та, 72 жастағы зейнеткер де бар. Оның ішінде сайлауға қатысатын жеті саяси ұйым партиялық тізіммен 283 үміткерін ұсынған. Нақтырақ айт­қанда, Мәжіліс депутаттағына «Amanat» партиясының атынан – 90, «Ақжолдан» – 54, Қазақстанның халық партиясынан – 52, «Ауыл» мен «Respublica» партияларынан – 25, Жалпыұлттық социал демократтардан – 19 және «Байтақ» партиясынан 18 кандидат тіркелген. Бұл азаматтар төменгі палатадағы 69 мандат үшін сайлауға түседі. Ал Мәжілістегі қалған орын мажоритарлы жүйемен бағын сынайтын үміткерлерге тиеді. Бір мандаттық округ бо­йынша сайлауға қатысатын кандидат саны – 609 азамат. Қалған 13 мыңдай азамат жергілікті мәслихатқа  баруға  үмітті.

– Парламент Мәжілісі сайлауында саяси партиялардың тізімдерінде Сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар үшін белгіленген 30 пайыздық квота толығымен ескерілді. 29 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша 609 кандидат ұсынылды. Жалпы республика бойынша әр сайлау округіне орташа бәсекелестік 21 кандидатты құрайды. Ең жоғары бәсекелестік Астана қаласының 2 сайлау округінің әрқайсысы бойынша – 63 кандидат. Ең төмен көрсеткіш Ұлытау облысының сайлау округі бойынша – 8 адам. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттар депутаттарының 334 мандатына партиялық тізім бойынша ұсыну кезеңінде саяси партиялар белсенділігі жеткілікті дәрежеде жоғары болды. Мысалы, 6 партия (Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан басқа, «Байтақ» партиясы Қостанай облысы бойынша) өңірлердің көпшілігінде мәслихаттардың депутаттарын сайлауға партиялық тізімдерін ұсынды. Ал облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана (334), аудандар (2130) мен қалалар (617) мәслихаттарының депутаттығына (бұл 3081 мандат) кандидаттарды бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша ұсыну қорытындыларына сай орташа бәсекелестік 4,3 кандидатты құрайды. Бұл көрсеткіштер азаматтардың және азаматтық қоғамның жоғары белсенділігін айғақтайды.

Күнтізбелік жоспарға сәйкес Парламент Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттығына партиялық тізімдерді, кандидаттарды тіркеу кезеңі 18 ақпанға дейін жалғасады. Парламент Мәжілісіне партиялық тізімдер бойынша кандидаттардың Конституция мен Сайлау туралы Конституциялық заңда қойылатын талаптарға сәйкестігін анықтау және партиялық тізімдерді тіркеу мәселелері Орталық сайлау комиссиясының жекелеген отырыстарында қарастырылады. Сондай-ақ отырыстардың бірінде аумақтық сайлау комиссияларының бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды және партиялық тізімдерді тіркеу қорытындылары туралы қабылдаған шешімдеріне қатысты есептерін тыңдайтын боламыз, – деді Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров кезекті отырыста.

Хош деңіз. «Бұл додаға Сыр елінен кімдер «үкіленіп» отыр?» дегенге келсек, бір ғана «Amanat» партиясы тарапынан Мәжіліс сайлауына ұсынылған кандидаттардың тізімінде Қызылорда облысынан Сырдария ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев пен облыстық мәслихаттың хатшысы Наурызбай Байқадамовтың бары белгілі. Сонымен қатар, осы партия атынан бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша ұсынылғандардың ішінде облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов те жүр. Қызығы сол, дәл осы бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша біздің облыстан Жайымбетұлы жалғыз болмай шықты. Қызылорда облысы әкімдігінің сайтында жарияланғандай, бұл лекте 15 үміткер ат қосқалы отыр екен. Олар – өзін-өзі ұсынған, уақытша жұмыссыз Фархад Жансұлтанов, өзін-өзі ұсынған, «Жак-Нур» ЖШС төрағасы Аралбай Қозбақов, «Алматы мәдени тұрмыс құрылыс» АҚ КСМК-2 филиалы өкілі Аралбай Қыдырбаев («Германиядағы Кеңес әскерінің тобы мен Варшава келісімшарты әскерінің тобы» ардагерлері» РҚБ ұсынған), өзін-өзі ұсынған, уақытша жұмыссыз, бұрынғы мәжілісмен Ғалым Әміреев, өзін-өзі ұсынған, «Руханият-Қызылорда» ҚБ-нің төрағасы Берік Саймағанбетов, өзін-өзі ұсынған, «Ару-Ана» сүт өңдеу кәсіпорнының меңгерушісі, технолог Баян Дүйсенбек, өзін-өзі ұсынған, «Халықаралық құқық қорғау орталығы» ҚБ кәсіби медиаторы Ажнияз Шахаров, өзін-өзі ұсынған, уақытша жұмыссыз Амангелді Жамаділов, өзін-өзі ұсынған, «Қызылорда газ тарату жүйесі» ҚММ директоры Нұрлан Шаухаманов, «ЖСДП» РҚБ ҚОФ ұсынған, осы филиал төрағасы, «Жас Алаш» газетінің меншікті тілшісі Нұрбек Дәуренбеков, «Ауыл» ХДПП ұсынған, «Реар» ЖШС директоры Нұркен Қаржаубаев, «Ақ жол» ҚДП ұсынған, осы партияның филиал төрағасы Жорабек Прманов, өзін-өзі ұсынған, «СК және Монтаж-Строй» ЖШС директоры Мұхит Төребаев және өзін-өзі ұсынған, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сабит Пазилов.

Сонымен қатар, аймақта  6 партия жергілікті мәслихаттарға партиялық тізім бойынша өз адамдарын додаға қосып отыр. Мәселен, «Amanat» партиясы жалпы 34 кандидат ұсынған (оның ішінде әйелдер мен  29 жасқа дейінгі жастар – 11), ал «Ақ жол» ҚДП – 13 (4), Қазақстан халық партиясы – 4 (2), «Ауыл» ХДПП – 4 (2), «Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы – 5 (2) және «Respublica» партиясы 7 (3) үміткерін үкілеп отыр.

Енді екі күннен кейін тіркелген кандидаттар үгіт-насихат жұмысына кіріседі. Сонымен, атқа мінгені бар, таққа мінгені бар, талайлар тақымын қысып отыр. Мәжіліс пен мәслихаттың «төріне» таласушылар ауыл-аймақты, көше-көшені аралап, «аспандағы айды алып беруге» бейілді құрғақ уәдемен халықты алдап кете ме, әлде Әділетті Қазақстанның «ақ жарылқап күн туғызатын» шынайы шағы бола ма? Мүмкін, ескі де жаңа жүйеге билік араласып, бәрін «бүлдіре» ме? Ол жағы бір айдан кейін белгілі болады. Ал, бізге белгілісі, Қазақстанда бюллетеньдерді санаудың электрон жүйесі жоқ, бұл бұрыннан болмаған, сондықтан оларды қолмен санап, орталық сайлау комиссиясы алдын ала қорытындыны әдеттегідей сайлаудан кейінгі күні жариялауы мүмкін. Басты мәселе, ол кімнің қалай сайлағанында емес, кімнің қалай санағанында ғой. Сондықтан қаншалықты нақты мәлімет жария етілетіні белгісіз, ОСК-ға бұған қатысты талап заң бойынша жоқ.

Н.КЕНЖЕТАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: