Әрине, елдік мұрат жолында қабылданған құқықтық ережелердің тарихы тым әріден бастау алады. Арғы дәуірлерді қозғамағанның өзінде, бергі кезеңде Қасым ханның «Қасқа жолынан» бастауға болады. Ал кеңестік дәуірде 1926, 1937, 1978 жылы социалистік сипаттағы заң құжаттары қабылданды. 1993 жылы тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы өмірге келді. Дегенмен, бүгінгі әңгіме – Конституциялардың тарихына емес, 1995 жылы қабылданған Ата заңның саяси маңызы мен оның негізгі міндетіне тоқталу.
Бұл Конституция тәуелсіздіктің құқықтық іргетасын қалап қана қоймай, жас мемлекеттің мақсат-мұратын айқындаған құжат болды. Бүгінде Конституция – елдің саяси жүйесінің өзегі, ұлттық бірлік пен тұрақтылықтың тірегі.
Қазақстан өзін унитарлық, құқықтық, зайырлы, демократиялық әрі әлеуметтік мемлекет ретінде жариялады. Бұл қағида жай ғана құқықтық норма емес, елдің даму бағытын айқындаған тарихи таңдау еді.
Биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлінуі демократиялық мемлекет құрудағы маңызды қадам болды. Президент институты мемлекеттің тұтастығы мен сабақтастығының кепілі ретінде қалыптасты. Ал азаматтардың негізгі құқығы мен бостандығы халықаралық стандартқа сай заң жүзінде бекітілді.
Мұндай тәжірибе әлемдік саясатта бұрыннан бар. АҚШ Конституциясы билік тармағын қатаң шектеп, демократиялық институттың негізін қалаған болса, Франция Конституциясы күшті президенттік билік орнатып, сонымен бірге парламенттік бақылауды сақтап қалды. Қазақстан осы екі үлгінің арасынан өзіндік жолын тапты деуге болады.
Конституция уақыт талабына сай бірнеше рет жаңартылды да. 1998 жылы Президент пен Парламент өкілеттілігіне түзету енгізілді. 2007 жылы Парламенттің рөлі артып, партиялық жүйе нығайды. 2011 жылы Президент сайлауының мерзімі өзгертілді. 2017 жылғы реформада билік тармағы арасында өкілеттік қайта бөлінді. Ал 2022 жылғы түзетулер елдің саяси өмірінде жаңа дәуірдің бастауы болды.
Бұл бойынша Қазақстан «суперпрезиденттік жүйеден» бас тартып, Конституциялық Сотты қайта құрды. Енді әрбір азамат өз құқығын қорғау үшін тікелей осы сотқа жүгіне алады. Президенттің жақын туысы мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазым атқаруға тыйым салынды. Мәжіліске мажоритарлық жүйе енгізіліп, халықтық өкілдік кеңейтілді, партия құру талабы жеңілдетілді. Ауыл және кент әкімдерін тікелей халықтың өзі сайлау басталды. Жер мен табиғи байлық халыққа тиесілі екені Конституцияда нақты бекітілді.
Бұл өзгерістер халықаралық демократиялық тәжірибеге сай келеді. Мәселен, Польшада Конституциялық Сот азаматтардың құқығын қорғауда маңызды рөл атқарады. Жапония мен Оңтүстік Кореяда жергілікті өзін-өзі басқару – демократияның басты тірегі. Қазақстандағы жаңа реформалар да дәл осы арнаға түскенін көрсетеді.
Әділет министрлігі мен әртүрлі зерттеу орталықтарының әлеуметтік сауалнамасы бойынша халықтың шамамен 70-75 пайызы Конституцияға сенім білдіреді екен.
Әрине, заңдар мен реформалар қабылданды екен деп әділетті қоғам бірден орнай қоймайды. Саяси мәдениет пен құқықтық сана әлі де нығаюды қажет етеді. Заң бәріне бірдей қолданылады деген сенім қоғамда толық орныққан жоқ.
Сот жүйесінің тәуелсіздігі қағаз жүзінде бекітілгенімен, іс жүзінде ол әлі де толық жүзеге асып отырған жоқ. Әлеуметтанушылардың бағалауынша, сотқа сенетіндер үлесі соңғы жылдары 20 пайыздан 35 пайызға дейін өскен. Дегенмен, бұл көрсеткіш дамыған демократиялық елдермен салыстырғанда төмен. Мысалы, Германияда сот жүйесіне сенім деңгейі 70 пайыздан асады.
Әлеуметтік әділеттілік – бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі. Бай мен кедей арасындағы алшақтық қоғамдағы теңгерімді әлсіретуде. Gallup, World Values Survey сынды халықаралық ұйымдардың зерттеуінде қазақстандықтардың 60 пайызы әлеуметтік теңсіздікті ең өзекті проблема деп атайды.
Бұл Қазақстанға ғана тән құбылыс емес, Шығыс Еуропа елдері де коммунистік жүйеден шыққан соң демократиялық институттарды қалыптастыруда ұзақ уақыт қиындық көрді, Латын Америкасында да реформалардың қағазда қалып қоюы жиі байқалды. Демек, бұл – саяси мәдениеттің қалыптасу процесі.
Қысқасы, Қазақстан Конституциясы – тәуелсіздіктің нышаны ғана емес, әділетті қоғам құрудың негізгі заңы. 1995 жылғы Конституция елдің құқықтық іргетасын қалады. 2022 жылғы реформалар сол іргетастың жаңа заманға бейімделген нұсқасы іспетті.
Әділетті Қазақстан тек қағазға түскен заңдармен шектелмейді. Ол – биліктің адалдығы, соттың тәуелсіздігі және ең бастысы, әрбір азаматтың белсенділігінің нәтижесі.
Әділеттілік Конституциядан басталады, бірақ оның жалғасы – біздің күнделікті өмірімізде жүзеге асқанда ғана шын мәнінде әділетті қоғам орнайды.
Айнұр АНАРБЕКОВА,
әлеуметтанушы,
Астана қаласы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!