Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Демократияның басты жауы – білімсіздік пен популизм

03.09.2020, 11:10 1052

Қасым-Жомарт  ТОҚАЕВ:

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық табыстарының негізі ретінде мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, жаңа заман талаптарына сәйкес экономикалық даму, өнеркәсіп әлеуетін күшейту, ауыл шаруашылығы саласын, көлік-логистика кешенін, шағын және орта бизнесті, қаржы секторын, өңірлік даму және қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын арттыру секілді бірқатар бастамалар өзектілігін жоймақ емес. Бұрынғыдай «көл-көсір мұнайдың» да дәуірі аяқталып келеді. Елімізге дамудың жаңа сапасы мен стандарты қажет. Жаһандық трендтер көрсетіп отырғандай, ол, бірінші кезекте сын-қатерлерді ескере отырып орайластырылған жүйе болуы шарт. Осы және өзге де мәселелер Парламент палаталарының бірлескен отырысында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауына негіз болды.

ЖЕТІ  ҚАҒИДА

Мемлекет тарапынан әлеуметтік саладағы және экономиканы қолдауға бағытталған барлық­ міндеттемелер мүлтіксіз орындалады. Бұл мақсатқа Ұлттық қордан 1 триллион теңге бөлінуде. Әлеуметтік төлемдерді индексациялау бағытына 2023 жылға дейін шамамен 1 трил­лион­ теңгеден астам қаржы бөлу және жос­парда бар.

– Қазір әлем соңғы 100 жыл ішінде болмаған аса күрделі дағдарысты бастан өткеруде. Сарапшылардың айтуынша, жаһандық экономиканы қайта қалпына келтіру үшін кемінде 5 жылға дейін уақыт қажет, – деген мемлекет басшысы еліміздің жаңа экономикалық бағдары басты  7 қағидаға негізделетінін нақтылады.

Атап айтар болсақ, игіліктер мен міндеттердің әділ бөлінісі; жеке кәсіпкерліктің жетекш­і рөлі; әділ бәсекелестік, кәсіпкерлердің жаңа буыны үшін нарық ашу; өнімділікті көбейту,­ экономиканың ауқымдылығын және технологиялық сипатын арттыру; адами капиталды дамыту, жаңа үлгідегі білім саласына инвест­иция тарту; «Жасыл» экономиканы дамыт­у, қоршаған ортаны қорғау; мемлекет тарапы­нан дәйекті шешімдер қабылдау және сол үшін қоғам алдында жауапты болу.

«Сан алуан көрсеткіштер мен индикатор­лардан тұратын мемлекеттік бағдарламалар әзірлеуді тоқтату қажет. Барша азаматқа түсінікті, қысқа әрі нұсқа ұлттық жобалар форматы­на көшкен жөн. Негізгі мақсат – жұмыстың  барысы емес, нәтижесі болуға тиіс». Бұл – президенттің мемлекеттік басқару ісіне берген  бағасы.

ӘЛЕУМЕТТІК   САЛАҒА   ӘЛ   КЕРЕК

Президент білімнің қолжетімді әрі сапалы болуын қамтамасыз етудің маңыздылығы мен денсаулық сақтау саласын дамыту жайына да арнайы  тоқталды.

– Қашықтан оқыту ісін ұйымдастыруда Үкіметтің жіберген қателіктерін жақсы білеміз. Ашығын айтқанда, әлі күнге дейін нақты бір онлайн-платформа жоқ. Толыққанды оқу үдерісі үшін қажетті барлық функциялары бар бірыңғай онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеу қажет, – дей келе, ұстаздар жалақысыны­ң  аздығына  тоқталды.

– Білім саласындағы басты мәселенің бірі – ұстаздар жалақысының аздығы. Мен 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің еңбек­ақысын 25 пайызға көбейту жөнінде шешім қабылдадым. Жалақы мөлшері алдағы уақытта да арта береді. Бұл мақсатқа алдағы үш жылда қосымша 1,2 триллион теңге бөлінеді, – деді.

Шыны керек, күтпеген әлемдік пандемияның алғашқы кезеңінде медицина саласының күретамыры күрт байланғандай болды. Елдегі науқастар санының шамадан тыс көбеюі дәрі-дәрмек тапшылығын сездіргені елдің есінде. Одан бөлек медициналық инфрақұрылымның әлсіздігі де  көрініс алды. Бұл ретте ел басшысы жыл  соңына  дейін аймақтарда 13 жаңа жұқ­палы­  аурулар ауруханасы салынатынын тілге тиек  етті.

– Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі шешілді, бірақ отандық фармацевтика саласын аяғынан тұрғызу керек. Барлық негізгі дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар Қазақстанда өндірілуге тиіс. Бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Келесі жылдан бастап осы бағытта нақты нәтиже күтемін. …2025 жылға қарай денсаулық сақтау саласына арналған 20 заманауи көпсалалы нысан пайдалануға беріледі. Бұл – осы мақсатқа орай 1,5 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылады деген сөз, – деді.

Соңғы уақыттары жер-жердегі түрлі тұр­мыстық, отбасылық сипаттағы ахуалдарға байланыс­ты балалардың құқығы мен қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдірді.

– Отбасылық-демографиялық ахуал – зор алаңдаушылық тудырып отырған мәселе. Өкінішке қарай, Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы бала сүйе алмай отыр. Сауалнама көрсеткендей, отандастарымыздың 20 пайызға жуығы мұны ажырасуға негіз болатын елеулі себеп санайды. Біріккен Ұлттар Ұйымының елімізд­егі халық санының өсіміне қатысты болжам­ы Орталық Азиядағы көршілес мемлекеттермен салыстырғанда көңіл көншітпейді. Сондықтан Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған  сәби»  арнаулы бағдарламасын жүзеге­ асыруды тапсырамын. Экстракорпоральды ұрықтандыру бағдарламалары бойынша бөлі­нетін квота санын 7 мыңға дейін, яғни 7 есе көбейту қажет, – деді президент.

Сондай-ақ, кезекті өзекті мәселенің бірі баспана екенін мемлекет басшысы да біліп отыр. Өткен жылы бастамасы көтеріліп, ықпалсыз күйде қалған зейнетақы жарнасы туралы бір ауыз айтқанының өзі халықтың көңілін демегендей әсер қалдырды.

– Менің тапсырмам бойынша ел тұрғындарының зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мәселесі пысықталды. Бұл, әсіресе, қазір ерекше маңызды. 2021 жылдың өзінде Бірың­ғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы өз жинағының бір бөлігін тұрғын үй алуға, емделуге жұмсай алады немесе басқарушы компаниялардың иелігіне береді, – деді.

Бұл – нақты шешім емес. Мұның қолдану алгоритмін жасауды тиісті орынға тапсырды.

ПӘРМЕН.  ҮСТЕМДІК.  РЕФОРМА

Президенттің пікірінше, заң үстемдігі мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпейін­ше әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір аспектісін табысты жүзеге асыру мүмкін емес. Алдағы уақытта мемлекеттің азаматтарға қызмет етуінің жаңа стандарттарын әзірлеу бойын­ша ауқымды жұмыс істеледі. Бұл істе маңызды рөл атқаратын құқық қорғау органдары мен сот жүйесіне үлкен реформа енгізілуі әбден мүмкін.

– Бізге азаматтардың құқығын заманауи тұр­ғыдан қорғауды қамтамасыз ететін және жоғары­ халықаралық талаптарға жауап беретін үлгі керек­. Қазақстанда өкілеттіктердің аражігі нақ­ты ажыратылған үш буынды модель құру керек деп санаймын. Тағы да қайталап айтамын, заңдылық пен әділеттілік сөзсіз қамтамасыз етілуге­ тиіс. Қылмыстық істегі қателік адам тағдырын өзгертетінін естен шығармау керек. Қылмыстық істер бойынша 2021 жылдан бастап прокурорға адам құқығы мен бостандығына қатысты негізгі процесс­уалдық шешімдерді келісу міндетін заң арқы­лы жүктеген жөн, – деді ел президенті.

Айта кетейік, Сот және құқық қорғау жүйесіне өзгеріс енгізуді президент өткен жылғы Жолдауында да, оған дейінгі жиындар мен сайлау­алды тұғырнамасында да сөз етіп келеді. Бұл – жүйедегі күрделі реформалар азаматтарымыздың құқықтарын қорғаудың және олардың қауіпсіздігін күшейтудің негізгі факторы екені ел президентінің қаперінде екендігінің айғағы.

ДЕМОКРАТИЯ   МА,  «ХАЙПОКРАТИЯ»  МА?

Ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның даму деңгейі бойынша өңірдегі көшбасшылықты нығайту негізгі міндеттер қатарынан әлі де түскен жоқ. Жылдамдығы жоғары­ 5G, «Ақылды қалалар», «Үлкен деректер», блокчейн, цифрлық активтер, жаңа цифр­лы­қ қаржы құралдары сияқты тың технологиялық құбылыстарға бейімделіп те келеміз.

– Цифрландыру – сәнге айналған үрдіске ілесу емес, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арт­тырудың негізгі құралы. Мекемеаралық байла­ныста да, азаматтармен қарым-қатынас кезінде де қағазбастылықтан барынша бас тартқан жөн. Жыл соңына дейін ең қажетті анықтамалардың қағаз түрінде талап етілуін тоқтатып (47-ден   30-ы), мәліметті цифрлы түрде растау тәсілін қамтамасыз  етуді  тапсырамын, – деді Тоқаев.

Қыркүйектің алғашқы күні – Білім күніне тұспа-тұс жолдаған саяси маңызды құжатта ұлттық бәсекелестікке қол жеткізуде цифрландыру ісі барлық реформалардың негізгі тетігі мен басты құралына айналатыны айтылған. Бұл тұрғыда саяси реформалар мемлекетті басқаруға азаматтарды көптеп тартуға бағытталуы керек. Жаңғыртудың негізгі мақсаты – тұтас мемлекеттің  тиімділігін  арттыру.

– Біз бір орында тұрған жоқпыз. Саяси жүйе­мізді жаңа жағдайға бейімдеп, оны біртіндеп жетілдіріп келеміз. Саяси реформалар қоға­мымызға қажет, сондықтан олар міндетті түрде өз жалғасын табады. Демократияның басты жауы – білімсіздік пен популизм. Осыны естен шығармаған жөн. Азаматтарымыз реформалар­ға қолдау білдіреді деп сенемін. Олар жаңа саяси­ мүмкіндіктердің арқасында қоғамда «хайпократияның» белең алуына жол бермейді деп үміт­тенемін, – деп нақтылады президент.

БІЗГЕ   КЕРЕГІ   НЕ?

Жаңа болмыс, жаңарған ұлт, жаңғырған қоғам – уақыт талабына сай өзгерудің басым қажеттілігі. Бізден әлем үлгі алса екен дейміз, алдыңғы қатарлы елдердің көшбасшы тізіміне қосылсақ деген арман тағы бар. Бірақ, қалай? Президент өз жолдауында бұған да жауап тап­қандай  көрінді.

– Ұлтымыз жаңа сапаға көшуі үшін біздің күнделікті өмірлік ұстанымдарымыз да өзгеруі керек. Қазақ қоғамында жаңа қағидаттар және жаңа бағдарлар салтанат құруға тиіс. Ұлт ұстазы­ Ахмет Байтұрсынұлы: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек­. Осы керектердің жолында жұмыс істеу кере­к»­ дейді. Бұл көзқарас бүгінгі күні өте маңызды.­

Біріншіден, ХХІ ғасырдың ұрпағы терең білімді болғаны жөн.

Екіншіден, жас буынды ерінбей еңбек етуге бейімдеу қажет.

Үшіншіден, кез келген істі кәсіби дағды арқылы­ жүзеге асырған дұрыс.

Төртіншіден, темірдей тәртіп және жоғары жауапкершілік баршамыздың бойымызда болуы­  керек.

Бесіншіден, әділдіктен айнымаған жөн. Әділдік – қоғам дамуының маңызды шарты. Әділеттілік – әсіресе, ел-жұрттың тағдырын шешу үшін аса қажет қасиет.

Алтыншыдан, бізге керегі – адалдық, ұқыптылық, тиянақтылық. Бәріміз нағыз қазақты дәл осындай кейіпте көргіміз келеді. Біз сонда ғана бәсекеге қабілетті мемлекет, зияткер ұлт қалыптастыра аламыз, – деді мемлекет басшысы.

ТҮЙІН. Дәл қазіргі жаһандық жағдай жаңа дағдыға, тиімді тәсіл мен тың жобаларға жол ашқаны белгілі. Алдымызда ауқымды міндет, тоқтаусыз уақыт, стратегиялық бағыт, жүйелі жоспар, жүгі ауыр қызмет күтіп тұр. Мұны еліміздің екінші президентінің екінші жолдауында айтылған тапсырмалар айқындап тұр.

– Бүгін мен бүкіл қоғам алдында дағдарыс жағдайында атқарылатын іс-шаралардың жоспары­н баяндадым. …Біз – халқымыздың тәуелсіздік жолындағы сан ғасырлық арман-тілегіне қол жеткізген ұрпақпыз. Бірлігіміз бен ынтымағымыз мығым болса, барлық қиындықты жеңіп, мақсатымызға жетеміз. Бұл біздің қолымыздан келеді. Мен бұған кәміл сенемін­. Еліміз әрқашан аман болсын! – деп ел президенті Қазақстан халқына арнаған саяс­и құнды құжатын түйіндеді.

Мақсат пен міндет межесіне талпынып, төбесі көкке жеткелі тұрған мықты ел атану үшін өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салаларда­ғы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басуға ұмтылыс жоғары. Тек алға қойылған міндетті жүзеге асыруға тиіспіз.

Н.ҚАЗИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: