Бүгін ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дархан Сатыбалдының төрағалығымен мәжіліс өтіп, оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев және жауапты сала басшылары селекторлық режим арқылы қатысты.
Күн тәртібінде өңірлерде цифрландыруды дамыту, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасын іске асыру, орман қорына және елді мекендерге ағаш отырғызу мәселелері қаралды.
«Ақылды» қалалар эталонды стандартына сәйкес Қызылорда облысының жол картасы бекітіліп, 6 бағыт бойынша 22 жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Бейнеаналитика элементтері бар бейнекамералардың жыл сайынғы ұлғаюы» жобасы бойынша Қызылорда қаласының аумағында 19 мың камера орнатылған. Оның 7 273-і полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған. «Сергек» жобасы бойынша 100 бейнебақылау камерасы, 10 стационарлық жылдамдық өлшегіш бар. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде қала аумағына 1400 бейнебақылау камерасын орнату жоспарлануда. Камерада жасанды интеллект арқылы бет-әлпетті тану функциясы қарастырылған.
Өңірдегі медициналық ұйымдар компьютермен, «Даму-Мед» кешенді медициналық ақпараттық жүйесімен толық қамтылған. «Қалалық автотұрақ кеңістігін басқару» жобасы 100 пайыз жүзеге асырылған. Инновациялық ІТ жобаларды қолдау және дамыту мақсатында өңірлік технопарктердің ұйымдастыруымен былтыр 112 іс-шара өткізіліп, 4383 адам қатысты. 2020 жылдан бері Қызылорда қаласында «109 – Бірыңғай байланыс орталығының» жұмысы жолға қойылған.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында санитарлық тазалық, абаттандыру және тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау мақсатында өңірлік жоспар бекітіліп, кешенді жұмыс жүргізілуде. Мекеме ғимараттарының қасбетін, аулалардағы балалар ойын және спорт алаңдарын, көшелердегі жарықтандыру мен аялдамаларды әрлеудің, сырлау, безендірудің біркелкі дизайн коды бекітілді. Облыс орталығынан бастап барлық елді мекендегі мекеме ғимараттары, аулалар, ойын алаңдары, аялдамалар, жарық бағаналары бірыңғай архитектуралық талаптарға сәйкестендірілді.
Өңірде жыл сайын «Үлгілі елді мекен» конкурсы өткізілуде. Соңғы екі жылда үздік атанған елді мекендерге 48 арнайы техника табысталды. Биыл да 19 техника жеңімпаздарға берілмек.
Өткен жылы коммуналдық және абаттандыру мекемелеріне 106 арнайы техника сатып алынып, қазір ел игілігіне қызмет етуде. «Таза Қазақстан» онлайн платформасы бойынша салалар бөлінісіне қарай бекітілген операторлар, модераторлар мен орындаушылар тұрғындардан келіп түскен өтінімдер негізінде тиісті шара қабылдап, уақытылы жауап беруде.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыста орман өсіру көлемін ұлғайтудың 2021-2027 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітіліп, 903 мың гектар жердің топырағы зерттелді, жобалау жұмыстары жүргізілді. Арал теңізінің құрғаған ұлтанындағы 672 мың гектар алқапқа 2021-2024 жылдары екпелер егілді. Биыл 428 мың гектарды ормандандыру жұмыстары жүргізілмек.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!