Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бурабай баурайындағы байыпты басқосу

20.03.2025, 9:00 112

Көктем шуағын төгіп, Ұлыстың ұлы күні әз Наурыз жақындаған тұста күллі қазақ үш жылдан бері жалғасын тауып келе жатқан тағы бір тағдырлы жиынға куә болды. Дәлірек айтсақ, табиғаты дүйім жұртты тәнті еткен мекен Бурабайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастауымен келелі кеңес – Ұлттық құрылтай кезекті мәрте өтті.

Әсілінде, Наурыз – жаңару мен жасампаздықтың, өткенді саралап, келешекке тың серпін берудің символы. Құрылтайдың аталған мейраммен тұспа-тұс келуін де осылайша жақсыға бағамдадық.

Құрылтайда көтерілген мәселелердің ауқымы кең, мазмұны терең. Әлеуметтік-экономикалық даму, рухани жаңғыру, идеология мәселесі, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру сынды тақырыптар терең талқыланып, сала мамандарының бұйымтайлары ескеріліп, жаңа  ұсыныстар ортаға тасталды. Атап айтқанда, бұл жиын жалпыхалықтық  диалогтың,  ашық  пікір  алмасудың  көрінісі  деуге толық  негіз  бар.

ҚАЗАҚСТАН  ЖАҢА  ТҰРПАТТЫ  ЕЛ  БОЛДЫ

«Құрылтайдың ұлық мерекелері­мен қатар өтіп жатқаны жақсылық­тың нышаны деп ойлаймын» деді ел президенті сөз басында. Осы тұрғыда өз сөзін Наурыз мейрамымен байланыстырып, оның ішінде Амал күні мен Рама­зан  айының  рухани  маңыз­дылығын  ерекше  атап  өтті.

Тоқаев өз сөзінің алғашқы бөлігінде үш жыл бұрын дәл осы Наурыз айын­да елді түбегейлі өзгертуге бағытталған реформаларды жария еткенін  еске  алады.

– Осыдан үш жыл бұрын наурыз айында арнайы Жолдау жария­ладым. Елімізді түбегейлі жаңғырту үшін ауқымды реформа жасайтындығымызды айттым. Сол кезде алғаш рет  Ұлттық  құрылтай туралы бас­тама  көтердім, – деді  ол.

Осылайша ел президенті ре­фор­малар мен ұлттық  жаңғыру үдері­сі­нің бастапқы кезеңдерін еске алып, Ұлттық құрылтай арқылы елде қандай өзгерістер болғанын сара­лады.

Оның айтуынша, соңғы үш жыл көлемінде Қазақстанда жаңа билік институттары қалыптасып, саяси реформалар жүзеге асты. «Үш жылдың ішінде Қазақстан жаңа тұрпатты ел болды. Саяси реформалар жан-жақты өзгерістер жасауға мүмкіндік берді» дей отырып, президент конституциялық өзгерістерден бастап, жергілікті биліктің жаңаруына дейінгі негізгі нық қадамдарды тізбектеп өтті. Ауыл әкімдерінің 72 пайызы жаңарғанын, олардың үштен бірінің мемлекеттік қызметте болмаған азаматтар екенін атап өтуі билікке тың адамдардың келіп, сәйке­сінше, өзгешеліктің де еніп жат­қандығының  дәлелі  іспеттес.

Тоқаев  сөз барысында жылда болып  жатқан Ұлттық құрылтайдың да рөлін ерекше бағалады.

– Құрылтай алғашқы күннен бастап жалпыхалықтық жаңғырудың символына айналды. Қоғамдық диалогтың жаңа үлгісі қалыптасты. Өзара түсіністік пен құрмет бар жерде келісім болады. Құрылтайдың түпкі  мақсаты да – осы, – деді  президент.

САЛЫҚ  ЖҮЙЕСІ – БҮКІЛ  МЕМЛЕКЕТТІК  ЖҮЙЕНІҢ  ТІРЕГІ

Мәселе басын салықтан бастауды жөн көрді ел басшысы. «Салық жүйесі – бүкіл мемлекеттік жүйе­нің тірегі. Бюджетте қаржы болмаса, мемлекет өз міндетін толықтай атқара алмайды» деді Қасым-­Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде. Президенттің бұл пікірі соңғы уақыттары қызу талқыда жүрген экономикалық ахуалға байланысты өткір мәселені  көтерді.  Қазақстан  үшін  әділ  әрі  тиімді  салық жүйесін қалыптастыру – тек қаржы саясатының ғана емес, жалпы ел тұрақтылығының негізгі факторына  айналып  отыр.

Атап өту керек, құрылтайда салық мәселесі қызу талқыланды. Белгілі экономист Жақсыбек Құлекеев бастаған сарапшылар мен құрылтай мүшелері салық реформасы туралы ой-пікірін ортаға салған. Президент мемлекеттің қолға алып отырған шараларының негізі дұрыс  бағытта  екенін, алайда  халыққа олардың мәнін түсінікте  тілде  жеткізу  қажеттігін  атап  өтті.

Үкімет ұсынып отырған салық реформасында экономикалық және әлеуметтік факторлар ескерілген. Соның ішінде қосымша құн салығының мөлшерлемесін көтеру туралы бастама кәсіби мамандар тарапынан қолдауға ие болды. Десе де, бұл өзгеріске қатыс­ты сын да жоқ емес. Тоқаев кей пайымның «шын ахуалға» негізделмегенін атап өтті. Мемлекет бюджетінің басым бөлігі әлеуметтік салаға жұмсалатынын ескерсек, жаңа салық реформасы осы бағыттағы міндеттерді атқаруға қажетті қаржыны қамтамасыз  етуі  тиіс.

Президент бұл тұрғыда екі негізгі мәселені көтер­ді. Біріншіден, салықтық жеңілдіктер мен түрлі режимнің көптігі елімізде «салық офшоры» іспетті жағдай қалыптастырғанын мойындау қажет. Кәсіпкерлердің бір бөлігі заңдағы осал тұстарды пайдаланып, салық­тан жалтаруға тырысады, ал адал салық төлеушілер бәсекелестікке  қабілеттілігінен  айырылып  қалып жатыр. Екіншіден, кәсіпкерлер бизнесін жасанды түрде бөлшектеу арқылы салық төлеуден жалтарады. Мұндай  тәжірибеге уақытылы тоқтам болмаса, эко­но­миканың  теңгерімсіздігі  тереңдей  беретіні  анық.

– Тағы да әдемі көрсеткіштерге әуестеніп кеттік: елімізде екі миллионнан астам салық төлеуші, яғни жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар тіркелген деседі. Бірақ олардың қандай кәсіпорындар екеніне, қалай пайда болғанына, қанша салық төлейтініне, тіпті оны төлеп жатыр  ма, жоқ па дегенге еш талдау жасалмаған.

Бірақ қазір құр кінәлаудан іс оңға баспайды.

Енді ахуалды шұғыл түзету қажет. Үкімет пен Парламентке айтарым – заңнамаға жедел түрде тиісті  түзетулерді  енгізу  керек.

Әділ әрі тиімді салық жүйесін құру еліміздің болашағына, кейінгі ұрпақтың тұрмысына тікелей әсер ететінін ұғынған жөн, – деді мемлекет басшысы өз кезегінде.

ҚОҒАМДЫҚ  ӘДЕП,  ИДЕОЛОГИЯ – БАСТЫ  МӘСЕЛЕ

– Қазір әлеуметтік желіде адамға тіл тигізу, ар-намысын аяққа таптау көбейіп кетті. Жалған мәлімет таратушылар да бар. Мұндай келеңсіз үрдіс­терді тыю жолын қарастыру керек, – дейді еліміздің президенті  әрі бас идеологы.

Президенттің бұл пікірі ақпараттық кеңістіктегі жауапкершілік мәселесін өткір көтеріп отыр. Қоғамдық әдептің сақталмауы, адамның абыройына нұқсан келтіру – тек моральдық мәселе емес, бұл тұтастай қоғамның мәдени деңгейін көрсететін фактор. Әлеу­меттік  желілер еркін пікірталас алаңы болғанымен, ол адамның жеке басына қол сұғу құралына айнал­мауы керек. Сондықтан бұл салада заңнамалық шаралар  мен  этикалық  нормаларды  күшейту  қажет.

«Теріс ағымдарға, қазақтың болмысына жат идеологи­яларға  тосқауыл қою қажет екеніне еш күмән жоқ». Бұл да – ұлттық идеология мәселесі бойын­ша президент пікірі. Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи мен құрылтай мүшелері Дания Қыдыр­баева және Олжас Сүлеймен көтерген бұл мәселе – Қазақстандағы діни тұрақтылыққа тікелей әсер ететін фактор. Ел президенті  әсіресе, жат ағымдардың спорт саласында ықпалы  күшейіп келе жатқаны  алаңда­татынын  атап өтеді.

Сонымен қатар, мемлекет басшысы әлеуметтік желі үздіксіз дамыған тұста инфосығандықпен, сондай-ақ, қайырымдылық жасаған кейіп танытып, белгілі бір мөлшерде қаражатты қалтасына басқан «блогер­лерді»  де  сынға  алды.

– Соңғы кезде ел ішінде түрлі алаяқтық әрекеттер жиілеп барады. Теріс пиғылды адамдар қайырымдылыққа деп ақша жинап, оны жеке басының пайдасына жаратады. Сондай-ақ көп адам интернет-алаяқтардан зардап шегуде. Бұл мәселе бойынша бүгін Айгүл Орынбек  жақсы  айтты.

Бұдан бөлек, қазір жұртқа ақыл айтып, ақша табатын жалған психологтар мен «коучтар» көбейіп кетті. Оларға сеніп, алданып қалғандар көп. Маған бұл туралы көптеген  шағым  түсіп  жатыр, – деді  Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Идеология дегеннен шығады, соңғы кездері көтері­ліп жүрген бірден-бір мәселе кино жайына да президент  тереңірек  тоқталды.

– Тағы бір түйткіл – қазір кинотеатрда көрсетілетін  фильмдерге  қатысты  қоғамдық  сын  бар.

Былтыр қазақстандық мамандар түсірген 94 фильм шыққан, яғни, негізінен өзіміздің өнім шығарылып жатыр. Бұл – жақсы үрдіс.

Бірақ біз ең алдымен санға емес, сапаға көңіл аударуы­мыз керек. Көрерменнің көңілін көтеріп, күлкі сыйлау – бір  бөлек,  жағымсыз  әдеттерді  насихаттау – бір  басқа.

Зорлық-зомбылықты, қатыгездік пен қылмысты насихаттайтын  фильмдер де пайда болды.

Осы жерде бір нәрсені ескерген жөн. Бүгінде фильм­дердің  басым  көпшілігі мемлекеттік тапсырыспен емес, жеке  қаржыға  түсірілуде.

Кино маңызды идеологиялық құрал екенін бәріміз жақсы түсінеміз. Сондықтан жеке қаржыға түсірілсе де, фильмді кинотеатрларға шығармас бұрын алдын ала сараптаудан  өткізу  жолдарын  қарастырған  жөн.

Сондай-ақ  жақсы  мысалдар  да  бар.

Жақында «Шоқан. Қашқария сапары» деген мульт­фильм шығыпты. Бұл өскелең ұрпаққа әйгілі тарихи тұлға Шоқан Уәлиханов туралы мәлімет беретін өте жақсы  туынды  деп  айтуға  болады.

Қазақ  тілінде  ұлттық  нақышта түсірілген осындай  мультфильмдер  көп  болуы  қажет.

Бұл – ұлт болашағына тікелей ықпал ететін мәселе. Сондықтан анимацияны дұрыс бағытта дамыту мәселе­сін  қолға  алу  керек, – деді ол өз сөзінде.

ҰЛТТЫҚ  КОД – ЖАҺАНДАНУДАҒЫ  БАСТЫ  ТІРЕГІМІЗ

Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мәдениет пен құндылық­тарды сақтау – Қазақстанның стратегия­лық басымдықтарының бірі екенін тағы да айқындады. Президенттің бұл бағыттағы ойлары бірнеше маңызды мәселені қамтиды: ұлттық киімнен бастап, театр өнері, тіл саясаты және халықаралық мәдени байланыстар.

Мемлекет басшысы Наурыз мейрамын атап өтудің жаңа тұжырымдамасын ерекше атап өтті. Ұлыс­тың ұлы күні енді он күнге созылып, әр күнге арнайы атау берілді. Соның ішінде «Ұлттық киім күні» ерекше маңызға ие болып, халықтың қызығушылығын оятты.

– Ұлттық киімдерге деген қызығушылық арта түсті. Мектептерде, түрлі мекемеде, сондай-ақ, ірі компанияларда ұлттық киімге мән беріле бастады. Сұранысқа сай тігін цехтары ашылып, жаңа брендтер, дүкендер  пайда  болды.

Осылайша, ұлттық киім кию біртіндеп қалыпты көрініске айналып келеді. Бұл – өте жақсы үрдіс, – деді ол.

Президент мәдениетті дамытуда театр өнеріне ерекше назар аударды. Қазіргі  таңда  Қазақстанда  46 аймақтық  театр  бар, бірақ  олардың  жағдайы  әркелкі.

– Семейде бір ғимаратта үш бірдей театр сығылысып отыр. Әсіресе, аймақтарда театрларды салуға және дамытуға баса назар аудару керек, – деді мемлекет  басшысы.

ТЕК  ӘЛЕУМЕТТІК-ГУМАНИТАРЛЫҚ  БАҒЫТҚА  ЕМЕС, ЭКОНОМИКАЛЫҚ- ИННОВАЦИЯЛЫҚ  БАҒЫТҚА  ДА  БАСЫМДЫҚ  БЕРУ  ҚАЖЕТ

Бурабайдағы Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-­Жомарт Тоқаев елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен стратегиялық жобалары туралы кеңінен баяндады. Мемлекет басшысының айтуынша, құрылтай отырыстарында тек әлеуметтік және мәдени-гуманитарлық мәселелер ғана емес, сонымен қатар экономиканың негізгі басымдықтары да талқыланады.

Президент ел аймақтарының даму деңгейіндегі теңсіздікті жою – мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Бұл ретте өңірлердің инфрақұрыл­ымын  жетілдіруге  басымдық  берілмек.

– Биыл экономиканың нақты секторына жұмсалатын  қаржы  көлемін екі есеге жуық көбейтіп, 8 триллион теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Алдағы жылдары Үкімет нақты секторға бөлінетін қаржы көлемін 10  триллион  теңгеге  дейін  жеткізуі  тиіс, – деді  ол.

 Бұл кәсіпкерлікті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын  ашуға  серпін  бермек.

Президент бизнеске көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың ауқымы бұрын-соңды болмаған деңгейде екенін атап өтті. Ол Үкіметке қатысты айтылатын «бизнеске қысым көрсетіп жатыр» деген сын негізсіз екенін мәлімдеді. «Бизнес әрдайым Үкімет назарында болды, алдағы уақытта да тыс қалмайды» деді мем­лекет  басшысы.

Тоқаев инфрақұрылымдық жобаларға ерекше тоқталды. Оның сөзінше, қазір бүкіл ел бойынша ауқымды құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.

– 2025-2026 жылдардың өзінде Қашаған кенішінде газ өңдеу зауытын, сонымен бірге, «Талдықорған – Үшарал» магистральді газ құбыры мен «Бейнеу–Бозой-­Шымкент» газ құбырының екінші желісін іске қосу көзделген, – деді  ол.

Сонымен қатар, Қызылорда және Түркістан облыстарында электр станцияларын салу, Алматыдағы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 жаңғырту жоспарланып отыр. Президенттің айтуынша, бұл жобалар өңірлердің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтады.

Осы ретте көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесі де көтерілді. Тоқаевтың сөзінше, «Қорғас – Шығыс қақпа» ЕЭА аумағында халықаралық әуежай салынады, Зайсан, Катонқарағай мен Кендірлі демалыс аймақтарында да жаңа әуежайлар ашылады.

– Мен Үкіметке Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын автокөлік жолының құрылысын бастау­ды тапсырдым. Жаңа күре жол орталық және батыс аймақтардың арасын 560 шақырымға қысқартады, – деді ол.

Бұл да Торғай өңірінің экономикалық дамуына тың  серпін  бермек.

СПОРТ  САЛАСЫН  ЖАҢҒЫРТУ  ДА  ЖІТІ  НАЗАРДА

Бурабайдағы Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі спорт саласын дамыту мәселесін ерекше атап өтті. Президенттің айтуынша, бұқаралық спортты қолдау – ұлт саулығының кепілі. Осы ретте, балалар мен жасөспірімдерді спортқа баулу, кәсіби спортты жетілдіру және инфрақұр­ылымды дамыту маңызды міндет ретінде қарастырылып  отыр.

Мемлекет басшысы Ақмола облысының қысқы спорттағы жетістіктерін айрықша атап өтті. Президенттің сөзінше, өңірдегі спортшылар әлемдік және құрлықтық жарыстарда тұрақты түрде жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Осыған байланысты қысқы спортқа арналған  базаларды  дамытуды  жалғастыру  қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде футболды дамы­ту мәселесіне де арнайы тоқталды. Президенттің пікірінше, бұл спорт түрін жаңа деңгейге көтеру үшін инфрақұрылымды  жақсарту  қажет.

– Демеушілер қаржысы есебінен облыстық стадиондардың көпшілігін жаңғырту керек немесе жаңа футбол стадиондарын салуды қолға алған жөн. Бұл мәселені өз бақылауымда  ұстаймын, – деді  ол.

Сонымен қатар, балалар мен жасөспірімдерге арнал­ған футбол алаңдарына ерекше көңіл бөлінбек.

– Әрбір облыс, аудан орталығында, кент пен ауылда балаларға арналған футбол алаңы болуға тиіс. Бұл – алдағы  екі жылдың міндеті. Оның орындалуын тексереміз, – деді  мемлекет  басшысы.

Президенттің айтуынша, футболға жастарды көптеп тарту арқылы қоғамдағы өзекті мәселелердің алдын алуға болады. «Балаларды, жасөспірімдерді футболға қызықтыру арқылы лудомания, нашақорлық мәселесін біршама шешуге болады» деді ол

 Президент Қазақстанда футбол клубтарының бюджетке тәуелділігін азайту керектігін атап өтті. Оның айтуынша, клубтық футболды коммерцияландыруға ерекше назар аудару қажет.

– Клубтар облыстық бюджеттерге ғана арқа сүйемей, шетелдердегі секілді өздері де табыс табуды үйренуі керек. Сондықтан мен кәсіпкерлерді клубтық футболға бизнес ретінде қарауға шақырамын, – деді Тоқаев осы тұрғыда.

КЕЛЕСІ  ҚҰРЫЛТАЙ – СЫР  БОЙЫНДА!

Бұған дейін еліміз хандық болған заманда би-шешен­дер бас қосып, басты түйткілдерді тарқату үшін Қызылорда жерінде, Сыр бойына қарасты Қарақұмда құрылтай өткені бәрімізге белгілі шығар. Араға жыл емес, ғасыр салып Ұлттық құрылтай Сыр елінде қайта болмақ. Бұл жайлы ел президенті соңғы құрылтайда ресми  жариялады.

– Бірақ осыдан бір ғасыр бұрын ұлтымыздың өз атауы­ның оралуы тарихи әділдік орнату жолындағы маңызды қадам болғанын ашық айтуымыз керек.

Бұл істе сол кездегі Үкімет басшысы Сәкен Сейфуллин айрықша рөл атқарды. Ол «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» деген мақала жазып, арнайы идеологиялық науқанды бастап берді.

Мұндай маңызды оқиғалар ел жадында сақталуға тиіс.

Осы ретте Құрылтайдың келесі отырысын Сыр бойын­да, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызыл­орда қаласында өткізуді ұсынамын, – деді осы тұрғыда Қасым-Жомарт  Тоқаев.

ТҮЙІН. Құрылтайды қорытындылай отыра, басқосуда қозғалған әлеуметтік-экономикалық, спорт, инфрақұрылым және заң мәселелері – мемлекеттік-стратегиялық бағыттардың айқын көрінісі деген тұжырымға келдік. Президент айтып өткендей, әділетті қоғам құру үшін ірі реформалар керек-ақ. Бұл тек мемлекеттік саясаттың емес, әр азаматтың жауапкершілігіне де тікелей байланысты.

Ұлттық құрылтай – өткенге үңіліп, болашаққа бағдар жасау амалы. Ендігі мақсат айтылған бастамаларды жүзеге асыру және халықтың үкілеген үмітін ақтау болып тұр.

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ

Фото: Ақорда

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: