Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бұл сайлау бұрынғы сайлаудан өзгерек

26.01.2023, 12:20 352

Қазақстан Конституциясына былтыр енгізілген өзгертулерден кейін тарайтыны белгілі болған жетінші шақырылған мәжіліс ақыры жұмысын тоқтатты. Қаңтардың 19-ында президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы  мәлімдеме  жасап, ҚР Парламентінің  мәжілісін  тарату және мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Сайлау 19 наурызға белгіленді. Сонымен, Парламент мәжілісінің және мәслихаттардың кезектен тыс сайлауларына орай аламан дода басталды деп айтуға толық негіз  бар.

Айта кетейік, Тәуелсіздік алғалы бері сайлаулардың бәрін мерзімінен бұрын өткізіп  дағдыланған еліміз үшін  жетінші   шақырылған мәжіліс өз уақытында сайланғанымен есте қалды. Алайда  оның да ғұмыры  ұзақ­қа  бармады.

Әрине, жетінші мәжілістің қыз­мет кезеңдерін Қаңтар оқиғасына дейін және Қаңтар оқиғасынан кейін деп бөліп қарастыруға болады. Азаттық радиосының жазуынша, жетінші шақырылған мәжіліс 2021 жылы қаңтардың 10-ында өтті. 2019 жылғы маусымдағы кезектен тыс президент сайлауынан кейін саны көбейген тәуел­сіз  бақылаушыларға  осы мәжіліс сайлауында шектеу көбейген. Билік олардың құқығын шектеп, сайлауды бақылау аясын тарылтты. Бұл сайлау саяси наразылық білдіріп, алаңға шыққан жастарды ұзақ уақыт қоршауға алып, кеттлинг әдісімен жаза­лау  арқылы  да  есте  қалғаны бар.

Елді ұзақ жыл басқарған Нұрсұл­тан Назарбаев президенттіктен кеткеннен кейінгі алғашқы мәжіліс сайлауы өткен тұста экс-президенттің өзі биліктегі «Нұр Отан» пар­тия­сының төрағасы болатын. Осы шақырылымдағы депутаттар құрамы алдыңғысынан сонша ерекшелене қоймады. «Нұр Отан» партиясы 76 орын, «Ақ жол» партиясы – 12, Қазақ­стан халық партиясы 10 орын иеленсе, Қазақстан халқы ассамблеясы депутаттарына 9 орын берілген еді. Мәжілісте көпшілік болғандықтан, «Нұр  Отан»  партиясының мәжіліс­тегі фракция­сының  жетекшісі Нұрлан Нығмату­лин  үшінші  мәрте төраға болып сайланған. Ол бұрын бесінші және алтын­шы мәжіліске де төрағалық еткен еді. Қаңтар оқиғасына дейін мәжіліс төрағасы да, үкімет басшысы да  өзгеріссіз  қалған.

Жетінші мәжіліс «Сайлау туралы» және «Саяси партиялар туралы»» деген заңдарға өзгертулер енгізді. Партияны тіркету үшін қажетті мүшелер саны 20 мыңнан 5 мыңға дейін азайтылса, партиялардың әр аймақтағы өкілдерінің саны 600-ден 200-ге дейін төмендеді. Билік мұны «демократия­лық реформа» деп сипаттағанымен, оппозияция мен құқық қорғаушылар заңда шектеу сақталғанын сынға алды. Жетінші мәжілістің тұсында бірқатар  саяси  партияны  тіркету әрекеті сәтсіз аяқталған. Әзірше тек екі партия – «Байтақ» пен Respublica ғана тіркеуден өтіп үлгерді. Сарапшылардың  айтуынша, екі партия да билікке  ашық саяси бәсекелес болуды көздемейді. Есесіне Демократиялық партия, «Алға, Қазақстан», «Ел тірегі» сияқты саяси ұйымдар көп уақыттан бері  тіркеуден өте алмай жүр. Мәжіліс депутаттары  бұл  партияларға қатыс­ты  нақты  пікір  білдірмеді.

Айтпақшы, жетінші мәжіліс сайлауына бес саяси партия қатыс­қанымен, екеуі  белгіленген  жеті  пайыздық  дауыс  межесін  еңсере алмай, мәжіліске өтпей қалды. Жалпыұлттық  социа­л-демократиялық партия бойкот жариялап, сайлаудан шет қалды. Бір қызығы, осы сайлаудан кейін ғана партиялардың мәжіліске өту шегін бес пайыздық дауыспен белгілейтін заң мақұлданды. Осы сайлаудан кейін барып, сайлау бюлле­теніне «бәріне қарсы­мын» деген графа енгізілді. Жетінші мәжілісті сайлау тұсын­да президент ұсынған «естуші үкімет» тұжырым­дамасы  жиі  айтыла­тын.

Жасыратыны жоқ, былтырғы «Қаңтар қасіреті» елімізге біраз өзгеріс алып келді. Әділетті Қазақстан жолында түрлі қам-қарекет жасалып жатыр, елді демократиялық бағытқа түсіреміз  деген үміт те бар. Президент сайлауы өтті, Конституциялық сот құрылды, кеше ғана су жаңа сенаторлар сайланды, ішінара  тағайындаулар болды. Ендігі кезек мәжілісмендер мен жергілікті  мәслихаттар  депутаттарына  келді.

Сенбі күні орталық сайлау комиссиясы алдағы мәжіліс сайлауына жеті партияның жіберілгенін хабарлады. Олар – Amanat, «Ақ жол», «Ауыл», «Байтақ», «ЖСДП», «Қазақстан халық партиясы» және Respublica. ОСК-ның айтуынша, «Байтақ» партиясының Қазақстан облыстарында бөлімшелері жоқ болғандықтан, олар тек Атырау, Қарағанды және Қызыл­орда облыстарындағы мәслихат сайлауына қатыса алады. Ал Respublica партиясының бөлімшелері болмағандықтан, мәслихат сайлауына қатыспайды. Сол күні Әділет министрлігі тағы екі жаңа партия «Ел тағдыры» және «Ұрпақтар жалғас­тығы» ұйымд­арының құжаттарын қарап жатқанын хабарлады. Егер олар 8 ақпанға дейін, яғни кандидаттарды ұсыну кезеңі аяқталғанға  дейін  тіркеліп  үлгерсе,  сайлауға  қатысу мүмкі­н­дігіне  ие  болады.  Айта   кетейік, «Ел тағдырының» жетекшісі, 70 жастағы Жұматай Әлиев былтыр президент сайлауы қарсаңында «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігі атынан президент сайлауына қатыспақ болып, тіркеле алмай қалған еді. ОСК олардың «жинаған қолы жеткіліксіз болды» деген уәжді  алға  тартқан.  Ал  «Ұрпақтар  жалғастығы»  туралы  ақпарат  жоқ.

Сайлау аралас партиялық-мажоритарлық жүйе бойынша өтеді. Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайызы бір мандатты округтерден сайланады. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихат депутаттары да аралас жүйе бойынша сайланады. Депутатт­ардың 50 пайызы бір мандаттық жүйе арқылы, 50 па­йызы партиялық тізім бойынша өтеді. Ал аудан және облыстық маңызы бар қалалардағы мәслихат сайлауында азаматтар бір мандатты  округтерден  шыққан кандидаттарға дауыс береді. Бұл сайлауға  бюджеттен  33,4 млрд теңге бөлінетіні хабарланған.

Сонымен, депутат болам десеңіз, нені білуіңіз керек? Парламент мәжілісінің  депутаттарына  қойылатын талаптарға келсек, ҚР азаматтығы; соңғы 10 жылда республика аумағында тұруы; кем дегенде 25 жаста болуы керек. Ал, құжаттарға келсек, өзіңіз түсетін округтік аумақтық комиссияға арнайы өтініш жазу (арнайы шаблоны бар); өмірбаяндық деректер (арнайы шаблоны бар); салық органынан өзіңізге және жұбайыңызға активтер мен міндеттемелер туралы декларация өткізгеніңіз тура­лы  анықтама;  мүшелік жарна төлегеніңізді дәлелдейтін құжат  (мәжіліс – 1050000 теңге, мәслихат – 350000 теңге).

Процесті қалай жүзеге асырамыз? Әлеуметтік желі қол­данушысы Арайлым Назарова өз парақшасында оны қара­пайым тілмен жеткізіпті. 1) Тұрғылықты жеріңіз бойынша Салық органына барып өзіңіз бен жұбайыңызға декларация өткі­зіп, ол туралы анықтама алыңыз (ал декларацияның дұрыс не қате кеткені туралы жауап тек 10 күн шамасында  белгілі  бола­ды, ол жауап сайлау  комиссиясына беріледі). 2) Анық­тамамен  өзіңіздің  сайлау комиссияңызға барып өтініш пен өмірбаян тура­лы  қағазды  толтырасыз. 3) Содан кейін сайлау комис­сиясы құжаттарыңызды прокуратураға, көші-қон полиция­сына жібереді (толтырған мәліметтеріңіздің дұрыс­тығын, шетел­де тұрғаныңызды не тұрмағаныңызды тек­серу  үшін).  4) Егер   барлығы сәйкес келсе, құжаттары барлық талап­тарға сай деп  тіркеуге  алады. 5) Содан соң сіз мүшелік жарнаны  төлейсіз.  6) Ал  осы   уақытта  сайлау  комиссиясы  Салық органына сұраным жібереді Сіздің тапсырған декларацияңыз бойынша барлығы сәйкестігін білу үшін. 7) Салық органы барлық тапсырған декларацияның жауабын береді. Егер осы жерде салық органы декларацияңызда ауытқу бар десе, сайлау комиссиясы тіркеуден алады, барлығы дұрыс болса, кандидат ретінде ресми тіркелесіз. 8) Кандидат ретінде ресми тіркелгеннен, ресми үгіт-насихат науқаны  басталғаннан  кейін ғана үгіт-наси­хат жүргізе аласыз. (Оған дейін үгіт-насихат заңсыз болып табылады). Ал, құжаттарды  тапсыру  уақыты – 2023 жылдың 20 қаңтарынан  8 ақпаны сағат 18:00-ге дейін, кандидаттарды тіркеу – 20 қаңтар мен 18 ақпан аралығы, үгіт-насихат 18 ақпан күнгі сағат 18:00-ден бастап 18 наурыз күнгі сағат 00:00-ге де­йін, 18 наурыз – тыныштық күні, 19 наурыз – дауыс беру күні.

Мәжіліс  сайлауында  12  миллиондай  қазақстандық  өз таңдауын жасай алады. Орталық сайлау комиссиясы өткен жылдың 1 шілдесі мен биылғы 1 қаңтар аралығындағы жағдай бойынша дауыс беру құқы бар азаматтардың тізімін жасап шығарған. Сайлаушылардың басым бөлігі Түркістан облысынан, ал  ең азы Ұлытау өңірінде тіркелген.

Хош, саяси науқан басталды, таяқ жерге тасталды. Бұл сайлау бұрынғы сайлаудан өзгерек пе? Бұл жолы ашық қоғам қалыптастырып, демократиялық үрдістің көрінісін көрсете аламыз ба? Жұрт партиялардың Парламентке өтуі үшін белгіленген төменгі шегі 7 пайыздан 5 пайызға төмендетілуі және үміткерлерге партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар атынан ғана емес, өзін-өзі ұсынуға мүмкіндік берілуі сияқты өзгеріс­терді оң бағалап отыр. Яғни, мәжіліс пен мәслихат депутаттарын можаритарлы, пропорционалды жүйе негізінде сайлау саяси бәсекені күшейтетінін, халық жаңа саяси күшті, саяси элитаны өзі  таңдауға мүмкіндік алып отырғанын алға тартады. Сондай-ақ, белгіленген пункт ретінде жастардың, әйелдердің депутаттыққа сайлана алуының өзін жаңа бір мүмкіндік дейді. Бұл ашық қоғамның мысалы ма? Оны алдағы уақытта білетін боламыз. Әрине, әділетті Қазақстанның сайлауы әділетті өтсе, өзіндік пікірі бар, ойын ашық айта алатын, халыққа жақын азаматтар­дың парламент пен мәслихат төрінде отыратын күні туады.  Ал, сайлау  мен  сайлануға  әркімнің  құқы  бар.

Н.КЕНЖЕТАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: