Соңғы кезде жұрттың көңілін күпті етіп отырғаны – осы сауал. Былтыр ғана жасақталған Үкіметтің жаңа құрамына көптің көңілі толмай келеді. Жаңа Қазақстан құру жолындағы кереғар тірлік көп. Содан болар, Үкіметтің басына ұлтжанды азаматтың келгенін қалайды. Бүгін Мемлекет басшысының қатысуымен үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді. Сондықтан да, елеңдеген ел бір жаңалық күтіп отыр.
Еске салайық, былтыр, 5 ақпанда президент кеңсесі Қасым-Жомарт Тоқаев Әлихан Смайылов бастаған үкіметтің отставкасын қабылдап, бірінші орынбасары Роман Склярды уақытша премьер-министр етіп тағайындағанын хабарлаған болатын. 6 ақпанда президент әкімшілігінің басшысы Олжас Бектенев премьер-министр болып тағайындалды. Ал 7 ақпанда Мемлекет басшысының қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті.
Бұл жолы сол «сценарий» қайталана ма? Ал сарапшылардың айтуынша, биыл жыл басында үкіметтің отставкасы болмайды. Бүгін Үкіметтің экономикалық саясаты мемлекет басшысының сынына түседі деп күтілуде. Әкімшіліктің бақылау функцияларын күшейту және жаңа реформалар туралы айтылады деген болжам бар.
Әкімдер арасындағы ауыс-түйіс көктемге шегерілді. Қыста 1-2 облыс басшысы ауысуы мүмкін. Сарапшылардың айтуынша, 2025 жылы Атырау, Жамбыл, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстары, Астана, Шымкент қалаларының әкімдері ротациялық жолмен ауысуы күтіліп отыр. Барлығы бірінші жартыжылдықтың әлеуметтік-экономикалық нәтижелеріне және билік элитасындағы күштер балансының өзгеруіне байланысты болмақ.
Неде болса, бүгінгі отырыстың соңын күтіп, әліптің артын бағайық. Президент тосын жүріс жасауы да ғажап емес.
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!