Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бостандықты бағалайтын ұрпақ Алаштың трагедиясын, Желтоқсанның шындығын білуі тиіс!

11.12.2025, 12:00 99

Тәуелсіздік күні – ұлт қаһармандарын ұлықтайтын күн. Осы сөзді 16 желтоқсанның қарсаңында биік мінберлерден сөйлегенде жоғары екпінмен айтамыз. Газет-журналдарға көлдей мақала жазып, лепті сөйлемдермен айшықтаймыз. Алайда, «ұлт қаһармандары деген кімдер, оларды қалай ұлықтаймыз?»  дегенге   ойланып жатпаймыз. Әйтеуір, 16 желтоқсан жақындап қалғанда осындай әдемі сөздерді пафоспен айтқанды жөн көреміз. Енді  осыған  қатысты  толығырақ  ойымызды  тарқатайық.

Бір қарағанда жеңіл көрінгенімен, шын мәнінде, бұл сұраққа дұрыс жауап қайыру оңай емес. Ата тарихымыздағы қолына қару алып, соғысқа қатысқан, опат болған адамдардың бәрін ұлт қаһармандарының қатарына қоса беру­ге болады десек қателесетініміз анық. Біздің ойымызша, қазақ ұлтының бақыты үшін, белгілі бір ұлттық мақсат-мұраттардың жолында өмір бойы күресіп, жанын пида еткен және туған Отанын өз жанынан артық сүйіп, адал қызмет еткен жандарды ұлт қаһарман­дары деуге болады. Ұлттық қаһармандар қатары­на тек өз халқының рухани-мәдени, саяси-экономикалық, әлеуметтік жағынан дамуы­на, ұлттық сананың өсіп-жетілуіне, ұлт басына  төнген қауіп-қатерлерге қасқайып қарсы тұрып, қазақтың ел, ұлт болуына қалт­қысыз қызмет еткен жандар ғана кіре алады. Яғни, тәуелсіз Қазақ Елінің азаттығы мен бостан­дығы жолын­да  жаулармен  арпалысып, қаза  тапқандар – нағыз  қаһармандар.

Сонау Жәнібек пен Керей хандар Қазақ хандығын  құрған дәуірде де ұлт қаһарманы деңгейі­не көтерілген хас батырларымыз бол­ға­нын тарихтан білеміз. Алайда, нағыз қаһармандықтың  шынайы  үлгісін Алаш  қайраткерлері жарқыратып көрсетті. Хас зиялылық, ұлт тағдыры үшін жауапкершілікті мойнына алу дегеннің  бірден-бір эталонын қалыптас­тырған да – солар. Осыдан 1 ғасыр бұрын өмір сүрген Алаш қаһармандары – туған ұлты үшін мәңгілік ұлы руха­ни  ерлік  жасаған  біртуар  перзенттер­іміз.

Бірінші  ел  болуға  намыс  керек,

Мал-жанды намыс үшін салыс керек.

Қорланып өмір сүрген тіршіліктен,

Өлгенім артық деген намыс керек! — деп Сұлтанмахмұт Торайғыров жырлағандай, ұлттық намыс пен ұлттық ынтымақты ту еткен алаштықтар – Тәуелсіздік күні толық ұлық­тауға  лайықты  тұлғалар.

Олай болса, Тәуелсіздік күні – «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысын, «Алаш» партиясын, «Алаш Орда» Үкіметін, Алаш Республикасын ұлықтайтын күн! Себебі, тәуелсіз Қазақ­станның тарихы Алаш Республикасының тарихы­нан бастау алады. Егер де біз кеңестік санадан толық арылған, тәуелсіз санасы қалып­тасқан ел болдық десек, онда Тәуелсіздік күнінде Алаш қаһармандарын, Желтоқсан боздақтарының өшпейтін адами және руха­ни ерлігін ұлықтауға тиіспіз. Ол үшін бүгінге дейін ақталған Алаш қайраткерлерімен қатар еліміздің барлық өңірінде ойдан шығарылған айыптаулар мен баптар бойынша сотталған «Алаш» қозғалысы мен «Алаш» партиясының қарапайым мүшелері, жергілікті жерлерде аяусыз саяси қуғын-сүргінге ұшыраған «Алаш» әскерінің 10 мыңға жуық жасақтары мен офицерлері толық заңдық және саяси жағынан ақталуы қажет. Заңгер-ғалымдардың зерттеу­леріне сүйенсек, Қазақстанның бостандығы мен азаттығы жолында құрбан болған 20-дан астам санат бойынша («ЕСЕП» партиясының мүшелері, қазақ ұлтшылдығының құрбан­дары, халық көтерілістеріне қатысушылар мен ұйымдастырушылар, кәмпескеленген бай-құлақтар, соғыс тұтқындары және тағы басқалар) әлі күнге дейін толық заңдық тұрғыдан ақталмаған саяси қуғын-сүргін құрбандары бар. Әрине, бұл – бөлек жазылатын мәселе.

Ұлт қаһармандарын ұлықтау дегенге ке­лейік. Осыдан тура 8 жыл бұрын шындықты шырақ еткен саясаткер-заңгер Сабыр Қасы­мов ағамыз Алаш арыстарының рухына бағыш­талған  аста  мынадай ой-тұжырымдарын жария  етті:

«Қазақта «Өшкен жанды, өлген тірілді» деген сөз бар. Егер біз өзімізді Алаш қаһарман­дарының ізбасарымыз деп есептесек, олардың биік рухани және азаматтық ерлігін бүгін мен болашақтың  қасиетті  қазынасына айналдыруға міндеттіміз. Отанға шынайы, адал қызмет етудің үлгісі – Алаш зиялылары! Кеңестік-большевиктік тоталитарлық билік ұлттар арасында әлеуметтік-саяси теңдік орнатамыз деген коммунистік әдемі ұрандарды жамылып, буржуазиялық-ұлтшылдыққа қарсы күресті күшейту керек деген желеумен «Алаштың» барлық басшысы мен белсенділе­рін құртты, «Алаш  ­Орда» Үкіметінің аймақтардағы барлық мүшесі мен жетекшілерін жаппай қуғынға ұшыратты. Сталиндік ОГПУ-НКВД-КГБ-ның қылмыс­керлері Қазақстанға тағайындаған өз адам­дарының күшімен «Алаш» қайраткерлері мен мүшелерін құртып немесе түрмелерге отыр­ғызып қана қойған жоқ, «Алаш» рухы мен идея­сының өзін қазақстандықтардың санасы мен қоғам өмірінде қалдырмай, түп-тамырымен жоғалтуға тырысты. «Алашты» жасанды жолмен қас дұшпанға айналдырғандықтан оның образы саналарымызда қорқыныш синдромын тудырып, соның кесірінен алашордалық­тардың ерлігін әділетті жолмен шыншыл бағалауға әлі күнге үлкен кедергі жасап келеді. Осы ретте Алаштың жеті қайраткерін бүгін мен болашаққа үлгі болсын деп «Халық қаһарманы» атағына ұсынамын. Олар: Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатұлы, Жаһанша Досмұхамедұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Халел Досмұхамедұлы. Меніңше, бұл ұсынысқа Бауыржан Момышұлы, Рахымжан Қошқарбаев сынды қаһармандарымыздың аруағы да риза болар еді. Егер Б.Момышұлы мен Р.Қошқарбаев кеңес-герман соғысында кеңес елі мен кеңес халқының мүддесі үшін арпалысқан болса, жоғарыда аталған «Алаш» қайраткерлері – стали­низмге қарсы саяси соғыста Қазақстан мен қазақ халқының бостандығы мен азаттығы үшін алысып, қаза тапқандар. Сондықтан, мемлекеттік тәуелсіздігін алған Қазақстан мораль­дық және халықаралық стандарттарға сәйкес олардың ерлігін тиісінше бағалап, тарихи  ерліктеріне тиісінше ұлықтауға міндетті».

Ұлт қаһармандарының ерлігін тиісті деңгейде бағалап, олардың рухы мен идеясын ұлықтай алмай отырғанымыз өте өкінішті-ақ. Тәуелсіз ел болған 34 жылдың ішінде Қазақ­стан Үкіметі Тәуелсіздік күнін жоғары дәре­жеде атап өтудің үлгісін, жүйесін, жолын нақтылайтын  не  бағдарлама, не тұжырым­дама  жасаған  жоқ.  Әлі күнге  дейін Тәуелсіздік күнінде қалалардағы ескерткіштерге (онда да қандай ескерткіш екеніне қарамай) барып, 10 минут үнсіздікпен еске алып, гүл шоқтарын қоюмен, әртүрлі концерт, спорттық жарыстар өткізумен ғана шектеліп жүрміз. Өз басым мұндайды ұлт тарихына түкіру, ұлттық батырлардың  аруағын  қорлау  деп  түсінемін.

Осыған нақты дәлелді мысал келтірейін. 8 желтоқсанда елорда әкімдігінің ресми сайты: «Астанада Тәуелсіздік күніне орай 80-нен астам түрлі мерекелік және ресми іс-шаралар, оның ішінде дәрістер, концерттер, кездесулер, турнирлер және тағы да басқа іс-шаралар өтеді» деген хабар таратты. «Ұлт қаһармандарын ұлықтайтын күні қандай оқиғалар болады екен?» деп елеңдеп, әлгі хабар-ошарды оқып шығып, не күлерімізді, не жыларымызды білмед­ік. Егер сенбесеңіз, өзіңіз осы іс-шаралардың  бір  парасына  көз  жүгіртіп  шығыңыз:

«10 желтоқсан күні «Жұмысшы мамандықтар» жылының аясында Астана қаласының №111 келешек мектебінде оқушылар мен еңбек ардагерлері  арасында  кездесу  өтеді.

10 желтоқсан күні «Заң мен тәртіп» нарративі аясында есірткі жарнамасын анықтау және бояу акциясы  өткізіледі.

11 желтоқсанда Астана қаласы ҚХА-ның ғылыми-сараптамалық тобының отырысы өтедi.

12 желтоқсан күні «Аспан» спорт кешенінде «Асық фестивалі» өтсе, Esil университетінде мерекелік концерт пен үздік студенттерді марапаттау рәсімі ұйымдастырылады. Есіл ауданында «Тарих тарту еткен – Тәуелсіздік» Quiz time өтеді.

12 желтоқсан күні сағат 14:00-де «Тәуелсіздік мұраты – тәрбиелі ұрпақ» кураторлық сағаты өтеді. 12 желтоқсан күні базарлардың жас жұмысшылары арасында футбол, волейбол және теннистен спорттық іс-шаралар ұйымдас­тырылады.

15 желтоқсан күні этно-заманауи стильдегі шағын концерт ұйымдастырылады» деп тізбектеліп  кете  береді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт То­қаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақала­сында: «Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым  аламыз. Олар өткен ғасырдың басын­да тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды. Тәуелсіздік күнінде осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек. 1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тәуел­сіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор. Бұл орайда, азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан  қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде наси­хатталуы керек» деп Тәуел­сіздік күнін қалай атап өтудің үлгісін, жүйесі мен жолын айқындап бергені мәлім. Ал біз болсақ, Президенттің сөзіне құлақ аспағанымыз былай тұрсын, мерекенің маңызын мансұқтап, тағылымын тәрк етіп жүрміз. Халыққа мерекелік концерт қойып, эстрада әншілерін сахнаға шығаруды, спорт сарайларында күрес, волейбол, футбол, теннистен және шахмат, тоғыз­құмалақтан  жарыс өткізуді ұлт қаһарман­дарын ұлықтау деп қалай қабылдаймыз? 80-нен астам мерекелік жиынның бірде-біреуінде ұлттық батыр­ларымызға тағзым ететін іс-шара жоқ?!. Тым болмағанда Алаш арыстары, Желтоқсан-86 туралы көркем, деректі фильмдер фестивалін өткізіп, кинотеатрлар мен өнер сарайларында Алаш қаһармандарының ерлігін насихаттауға болар  еді  ғой.

Тәуелсіздік күнін атап өту қазақтың бағына туған Әлихан Бөкейханның Алашорда Үкіметін құрған 13 желтоқсаннан басталуы керек. 13 желтоқсан – Алашорда Үкіметінің құрылған күні. Осыдан тура 108 жыл бұрын, 1917 жылы 13 желтоқсанда Орынборда өткен бүкіл қазақ-қырғыз құрылтайында уақытша Ұлттық Кеңес түріндегі билік органы құрылып, оны «Алаш Орда» деп атау туралы қаулы қабылданды. Үкімет төрағалығына көпшілік дауыспен Әлихан Бөкейхан сайланды. Бұл күнді «Алашорда күні» деп атауымыз керек! Өйткені, ол – Алаш тарихына алтын сиямен жазылған ұлы күн! Қазақ баласының ұлттық жадынан өшпейтін күн! Тәуелсіздігіміздің тарихына таспен жазылған күн! Алаш арысы Әлімхан Ермековтің «Сарыарқа» газетінің 1918 жылғы №28 санында жарияланған «Жасасын, Алаш автономиясы!» атты мақаласында 13 желтоқсанның тарихта қандай мән-мағынаға ие екені ғажайып тілмен жазылғанын білеміз. Алашорданың көрнекті қайраткері, қазақтан шыққан тұңғыш математик Әлімхан Ермековтің үш рет тұтқындалып, 18 жыл өмірін ГУЛАГ-тың азапты түрмесінде өткізгені басқа емес, Тәуелсіздік күнінде айтылуы қажет. 16 желтоқсанда мерекелік концерттің орнына оқу ордаларында Әлімхан Ермеков туралы кино көрсетіп, ұрпақтарымен бетпе-бет кездесу өткізсе, құба-құп болар еді. Менің ойымша, күнтізбемізге «13 желтоқсан – Алашорда күні» деген атаулы күнді енгізіп, тұтас елдің тарихы жатқан күнге құрмет көрсетсек, әділетті Қазақстанның шынайы бір белгісі болар еді.

Жалпы алғанда, Алаш мұраты мен аманатын бүгінгі ұрпаққа жеткізетін деректі, көркем фильмдер 10-17 желтоқсан аралығында еліміздің барлық телеарнасынан, кинотеатрларынан көрсетіліп, ұлт қаһармандары туралы өнегелі әңгіме, бұқаралық насихат айтылуы тиіс. Өйткен себебі, бұл күндерде қазақтың тарихындағы баһадүр бабаларымыздың өшпес ерлігі де, 37-нің қырғынына ұшыраған боз­дақтардың көз жасы да, Алаш арыстарының тартқан азабы да, Желтоқсан-86 қаһармандарының төгілген қаны мен жұлынған шашы да бар! Азаттықтың арайлаған ақ таңы үшін, Тәуелсіздіктің баянды болуы үшін солардың бәріне қарыздармыз! Бостандықты бағалайтын ұрпақ Алаштың трагедиясын, Желтоқсанның шындығын білуі тиіс! Сол кезде ғана тәуелсіздікке қол жеткізу үшін қара басы мен өмірін қатерге тіккен барлық ұлт қаһармандарына тағзым  еткенімізді  сезінеміз.

Төлен  ТІЛЕУБАЙ,

журналист,  жазушы,  Қазақстан  Республикасы  Президентінің  БАҚ 

саласындағы  сыйлығының  лауреаты,

Астана  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: