Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бюджетті қалай жымқырады?

16.09.2021, 14:00 399

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт  Тоқаевтың  2021 жылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» тақырыбында Қазақстан халқына Жолдауында: «…елімізге мемлекет қаржысын, атап айтқанда, мемлекеттік қарызды, бюджет саясатын және Ұлттық қорды басқарудың ережелер жинағы қажет.

…Республикалық бюджеттен қаржы бөлу әкімдердің пысықтығына, қандай да бір жеке көзқарасқа және басқа да субъективті факторларға байланысты болмауы керек.

…Үкімет бюджет заңнамасы мен заңға тәуелді актілерге енгізілетін тиісті өзгерістер топтамасын әзірлегені абзал», – деп бірнеше мәрте атап көрсетті.

Мемлекет басшысы неліктен мемлекеттік бюджет туралы заңнамаларға өзгерістер енгізу қажет екендігі туралы бірнеше мәрте қадап айтты, әрі осыған байланысты мерзімді тапсырмалар беруде?..

Әрине, себебі бар, үлкен әңгіме. Сондықтан, мәселені қоюлатпай, бүгінде  көпке мәлім болған, ешбір бақылаусыз жүріп жатқан, тіпті біздің өмірімізге дағды боп еніп кеткен бюджет жымқырудың бірнеше  тәсілін  таныстыра  кетуді  жөн  көрдім.

Бірінші мысал:

Орман мен дала зиянкестерімен күресуге мемлекеттік бюджетке шамамен 1 миллиард теңге бөлінген деп көрейік.

Лобби жасау деген түсінік бар.

Бұл – Қаржы министрлігі мемлекеттік бюджет жоба­сын дайындайды және бюджет әкімшілері Парламент депутаттарына жүгіреді деген сөз. Бөлінген бюджетті азырқанып оны көбейту үшін барлық мүмкіндіктер мен құралдарды қолданатын болады.

Зиянкестермен күресушілер де әлгі 1 миллиард бюджетті 1,5 миллиардқа дейін ұлғайту үшін Парламенттің мықты  депутаттарына  барады.

Депутаттар министрлікке жетіп барып, түкірігін оңды-солды шашып дәлелдеумен, жобадағы әлгі 1 мил­лиард­ты  тіпті, 3  миллиард  етіп  жетіп  келеді.

Сонымен қатар, бюджетті талқылау кезінде депутаттар да өзара саудаласады. «Менің сүйреп әкелген жобамды сен, сенің әкелгеніңді мен қолдаймын», – деп…

Сонымен, шетелден у таситын саудагерлер үшін бұл көктен түскен тосынсый болады. Депутат енді у тауып әкелетін 5-6 компаниямен сөйлесіп, өзінің де, олардың да бизнес жоспарын табысты құрады. Екі жақтың да ашкөз­дігі  шексіз.

Сосын саудагерлер бүкіл әлемде тыйым салынған, қоршаған ортаға зиянды, адамдарды, жануарлар мен құстарды уландыратын «сумицидин», «децис», «кинмикс» сияқты заттарды кіргізіп келеді. Халықаралық ұйымдардың қысымымен 10 жыл бұрын Қытайда да бұл заттарды қолдануға тыйым салынған болатын.

Қытай – барлығын Халықаралық стандарттарға барын­ша жақындататын дамушы ел. Сондықтан, біздің «бизнесмендер» бұл тыйым салынған заттарды шағын, жеке компанияларға тапсырыс беріп, мөрлерін ауыс­тырып, контрабандалық  жолмен  кіргізеді.

Рентабельділік коэффициентін есептеу әлі мүмкін емес, себебі бұл тыйым салынған улы өнімдердің қаншаға сатып алынғаны белгісіз. Депутаттың да компаниялармен қаншаға келіскенін ешкім білмейді.

Біздің елде улы токсиндерді шашуға дағдыланғанбыз. Оны тексеріп жатқан ешкім жоқ.

Бұл жерде ең қызығы жоғарыда айтқан 1 миллиардтан 1,5 миллиардқа деген бюджетті 3 миллиардқа жет­кізгенінде  болып  тұр.

Бірақ мұнда таңғаларлық ештеңе жоқ. Бұл, әлбетте, алаяқтық. Бюджетке қосымша ақша салып, оған бірнәрсе қосып қысатын алаяқтық – өте кең таралған бизнес.

Бұрынғы Үкіметтердің кезінде де соғысқа еш қатысы жоқ мол мөлшердегі қару-жарақ қысымы Қорғаныс министр­лігіне неше мәрте көрсетілгенін, ол қылмыс сиырқұйымшақтанып аяқталғанын халық біліп отыр.

Кезінде Қытай тағамдарынан улану туралы көптеген қауесеттер шықты, шу көп, бірақ шын мәнінде бұл стандартты емес тауарлар елімізге контрабандалық жолмен жеткізіледі.

Азық-түлік қауіпсіздігі бойынша екіжақты кездесуде Қытай жағы кедендік стандарттарына сәйкес келмейтін тауарларды импорттаған болса жауапкершілік жүктеуге дайын екендігі туралы сенімді айтады. Бірақ, әлгі уландырып, шу шығарып жатқан тауарларда құжаттары болмағандықтан ешқандай кеденде тіркелмеген болып шығады.

Екінші  мысал:

Мәселен, осыдан біраз жыл бұрын қазақ елі қайбір дамыған елге, немесе Жапонияға бір зауыт салдырыпты. Барлық құны, ақшасы төленіп, мәселе аяқталып қойған. Қазақтар жаңа зауытын басқара алмайды. Зауытты салған жапондықтар қосымша кадрлық және техникалық көмек көрсетті. Он жылдан кейін бұл көмектің құны 3 миллион долларға жетті.

Оны қазақ Үкіметінен бірнеше рет талап етті, бірақ бұл кәсіпорынаралық келісім болған себепті, Қаржы министрлігі ақшаны беруден бірнеше рет бас тартады. Жапондық компания екі рет сотқа бергенімен сот қазақ Үкіметінің пайдасына шешім шығарады.

Ақыры жапониялық компания мен қазақ компания­сы арасындағы келісім нәтижесінде қазақ жағы 3 мил­лион доллар қарыз екендігін мойындап, оны 20 жыл ішінде бөліп төлеуге келіскен.

Жапондық компания қашан төлеп бітетіні белгісіз бұл қарызды жеңілдікпен сатуға шешім қабылдайды. Ол сауда­ға қазақстандық бірнеше компаниялар қызығу­шылық  танытқан  соң,  3  миллион  долларлық  қарыз  250 мың долларға қолма-қол сатылыпты.

Оны да біз айта беретін Парламент депутаты бастатқан бірнеше мықтылар сатып алған екен.

Есесіне сол жылғы мемлекеттік бюджетте әлгі Қазақ­стан өнеркәсібінің қарыздарын өтеуге 3 миллион доллар бөлінгені шыға келеді.

Табыстылық  коэффициенті – 1200 пайыз.

Үшінші  мысал:

Бір депутат аукцион арқылы А. қаласындағы ұн мен жем зауытының 51%-ын сатып алды. Оған 600 миллион теңге төлеуі қажет болады. Содан кейін 85 мың тонналық сыйымдылығы бар элеватордың 15 мыңын немесе 20 пайызын айналдырып мемлекетке 1 миллиард теңгеге «сатқан екен».

Бұл «жақсы тәжірибе» ары қарай жұқпалы дерттей қаулайды. Тағы бір депутат Ә. қаласындағы ұн мен жем зауытын 400 миллион долларға сатып алып, көп ұзамай 90 мың тонналық  элеваторының 15 мыңын немесе 15 пайызын 1,3 миллиард теңгеге мемлекетке «келісім арқылы сатады».

Осыдан кейін тағы бір депутат 200 миллион теңгеге сыйымдылығы 32 000 тонна болатын Б. қаласындағы ұн мен жем зауытын сатып алып, оны «ауылдарды қолдау» ретінде  пайдаланып,  мемлекетке 4 миллиард  теңгеге  сатып,  ақшасын  жиырма  есеге  арттырды.

Үш компанияның табыстылық коэффициенті  ақшалай  түрде 1500 пайызды құрайды.

Бір жағынан, жекешелендіру жүріп жатқан сияқты, бірақ екінші жағынан, жеке сектордан мемлекет фабрикаларды сатып алатын бизнес те соңғы кезде модаға кіре бастады.

Естуімше, телебағдарламаға тендерді ұтып алған компания да оны мемлекетке қайта «сатқан», біздің мем­лекет  бай ғой, «бағаны ұрып сатып алыпты».

Осындайды қолдайтын тәжірибелі депутаттар құлақ­тары түріліп, бюджетті қайта қарау қашан болатынын күтіп отыратын көрінеді.

Төртінші  мысал:

Бюджет ақшасын жуу. «Ақша жуу» деген терминді Қазақстанда, әсіресе, бұқаралық ақпарат құралдарында (БАҚ) теріс қолданып жатады. «Ақша жуу» деп заңсыз тапқан ақшаны айналдырып, заңдастырып алуды айтады.

1930 жылдары АҚШ алкогольдік өнімдерді сатуға және тасымалдауға тыйым салды. Мафиялар алкогольден тапқан ақшасын химиялық тазалау арқылы тапқан ақша  етіп  заңдастырып  отырған.

Химиялық тазалау қолма-қол ақшамен жүргізіледі, қанша кіретіні және шығатыны белгісіз. Ағылшын тілінде оны лондри мани (London Mani) деп атайды. Осылайша, «ақшаны жуу» – тікелей ұрлықтан, жымқырудан, парақорлықтан және қарақшылықтан тыс, басқа бір алаяқ­тық  түрі.

Әрине, бәрі де қылмыс. Мемлекеттік бюджеттің қомақ­ты сомасын Парламент мақұлдайды және Қаржы министрлігі арқылы министрліктер мен агенттіктерге, содан кейін, мемлекеттік органдарға таратылады. Пар­ла­мент  мақұлдаған 10-15  миллиардтан  астам  теңгенің  20 пайызы Білім және ғылым министрлігіне, 10 пайыздан астамы Денсаулық сақтау министрлігіне тиесілі деген сияқ­ты. Үкімет қаржыландыратын әрбір ұйым оны қайбір  банкте  сақтауы  керек.

Ақша кестеге сәйкес төменгі сатылы ұйым мен тендерге қатысушыларға түсерден бұрын банктер бұл ақшаға қарай ағылады. Әрине, ақшаны билеушілерге марапат ұсынады. Бұл – бірінші қол қоятын адамдардың баяғыдан әбден меңгеріп үйренген бизнесі. Банктің пайыздық мөлшерлемесі – шамамен айына 0,7 пайыз және жылдық 10 пайыз. Сондықтан бөлінген бюджет ақшасын тамыр-таныс, сыбайластарының атына көптеген есепшот ашып  бөліп  орналастырады.

Бұл қомақты ақша бір аптаның ішінде-ақ, қап-қабы­мен өсім береді. Бюджет көп бөлінетін министрлікке минис­тр болу үшін жанталасып жабысудың бір сыры осында.

Министрліктер мен агенттіктер мердігердің ақшасын айлар, кейде жылдар бойы төлемейді, себебі ол ақшаны банктің бірінші қол қоюшылары әлгі банктерде пайыз туғызу  үшін  «ұйықтатып»  қойған.

Мысал үшін, бізде жылдық мемлекеттік бюджет 9,5 млрд теңге деп көрсек, ал оны банкке жыл «басып ұйықт­атқанда», пайызы 950 млрд шығып келіп тұр емес пе? Оны бюджетті атқарушы 50 мыңға жуық адам бөліседі деп ойлайық. Сол кезде ең төменгі балабақша директоры дәрежесіне сәйкес келетіні бір миллионын алса, ал министр өз дәрежесіне сай бірнеше миллиардын қалтасына басады деген сөз.

Бұл мысалдар ешкім білмейтін белгісіз дүние емес, жаңадан пайда болған, таңғалатын ерекше нәрсе де емес. Жай ғана мысал. Яғни, заңмен жасырылған ұрлық! Қылмыскерлері – заңды ұрылар. Ұрлық емес деп көрші!

Бюджетті жымқыратын сан түрлі сәнге айналған әдіс­тердің төртеуін ғана атап өттім. Мұны полиция, барлау, прокурор мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттіктері барлығы біледі. Бірақ, бөліп асайтындықтан кім-кімді  ұстап  бермек!?

Айтпақшы, физикадағы тиімділік коэффициенті ешқашан 100-ге жетпейтінін еске сала кетейін. Жалпы табиғат заңы солай екен. Бірақ, бюджет жымқыруда ол коэффициенттің тиімділігі 1500-2000 пайызға дейін жете беретіні  қызық!…

Амантай  ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: