Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бізге көлеңкелі үкімет керек пе?

11.02.2021, 13:30 870

Шалқар  НҰРСЕЙІТОВ,

саясаттанушы:

– Көлеңкелі үкімет саяси институттар қалыптасқан, демократиялық құндылықтар орнаған, ашық сайлау әдетке айналған, саяси бәсеке қалыптасқан мемлекетте ойға қонады. Ал Қазақстан секілді авторитарлық елде көлеңкелі үкімет деген сөздің өзі тек күлкі туғызады.

Азаматхан  ӘМІРТАЙ,

қоғам  қайраткері:

– Қазақстанға көлеңкелі үкімет міндетті түрде керек. Бұл – әлемдік тәжірибе. Ол тәжірибе дамыған елдерде бар. Әрине, ол – ең алдымен қоғамдық жұмыс. Көлеңкелі үкімет жақсы жұмыс істей алса, ол ресми үкіметке балама ретінде тәуір шешімдер қабылдауына жақсы импульс береді. Оның үстіне қазір елге адал қызмет ете алатын азаматтар бос жүр, биліктен тыс жүр. Олардың басын біріктіріп, дұрыс идеясын, тәжірибесін пайдаланып, жұмыс істелсе, әрине, ол кезде бүгінгі үкіметте отырған адамдарда «Е-е, біз ғана емес екенбіз ғой, елге болсын деген азаматтар бар екен, біз неге өз жұмысымызды дұрыс атқармаймыз?» деген ой, адами қасиет қалыптасар еді. Қазақстанға көлеңкелі үкімет неге керек? Елдегі ең бас­ты проблема, барлық салада – экономика, өндіріс, кәсіпкерлік, теміржол, энергетика, білім, денсаулық болсын, тоқырау жүріп жатыр. Мұның  бәрі ел үкіметінің нашар жұмыс істеп жатқанын көрсетеді.

Кешегі парламент мәжілісі сайлауынан кейін Үкімет басшысы өзгермеді. Енді біз не істей аламыз? Қоғамдық жұмыс істеп, көлеңкелі үкіметті құру керек. Оның қаншалықты сөзі жүреді, негізгі билік онымен қалай жұмыс істей алады? Әрине, оның бәрі заңда жоқ, мемлекеттен қаржыландырылмайды. Сондықтан көбіне өз қаржымыз­бен жұмыс істеу мәселесі қарастырылады, оның жұмысын ұтымды ұйымдастыра білсек, ол елімізге, халқымызға өз пайдасын тигізе алады. Әлемдік тәжірибеде көлеңкелі үкіметтің басшысы қызметін негізгі үкімет басшысының орынбасары болған адамдар атқарады екен. Соған байланысты көлеңкелі үкіметті құрған кезде, бізде бір-екі кандидат бар, соларға ұсыныс бердік, қазір жауабын күтіп отырмыз. Әр салада министрліктер бар ғой, сол салаларды жақсы білетін мықты сарапшылар, азаматтарды алсақ деген ойымыз бар. Апта сайын көлеңкелі үкіметтің жиналысын өткізіп, жұмыс жүргіземіз деп отырмыз. Ол үшін ұйым­дастыру комитетін құрып, бұл қызметті іске қосуға кірісіп жатырмыз. Мысалы, біздің биліктегі біржақты түсінікті конструктивті, яғни халықтың жағына бұруымыз керек. Сол себепті көлеңкелі үкіметтің атқаратын ісі үлкен болады деп сенемін.

Пікір  жинаған  Н.КЕНЖЕТАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: