Әлем өте қиын кезеңге жақындап келеді. «Бір қарын майды бір құмалақ» бүлдіріп тұр. Өркениетті әлемде өзге елдің жерін ортағасырлық әдіспен тартып алуды жүргізіп жатқан көршіміз бар. Өкініштісі сол, сол көршімізбен түрлі одақтамыз. Әскери және экономикалық.
Бұл одақтарда болуымыз бізді құрдымға тартып кетуі мүмкін. Бізге қатысы жоқ қақтығыстарға килігіп (киліктіріп) кетуіміз де мүмкін. Мысалы, ОДКБ ішінде қым-қуыт жағдай. Тәжікстан мен Қырғызстан соғыс алдында, Армения соғыста, Ресей өзге елге басып кірді, ал Беларусь өз аумағын соғыс ашқан агрессорға беріп, соғыстың бір қатысушысы болып отыр. Тек Қазақстан ғана әскери қақтығыстардан бойын аулақ ұстауда. Бұл өте дұрыс.
Экономикалық одақ тұрғысында да жағдай мәз емес. Ресей мен Беларусь санкцияда дегендей. Жанама санкция салынып кетпеу үшін барынша сақ қозғалу керек.
Қазір бізге барынша дипломат болу керек. Жақын аралықта мемлекеттерге «сен кіммен біргесің» деген сұрақтар қойыла бастайтын сияқты. Биполярлы әлем, қырғи-қабақ соғыс, идеологиялық лагерьлер. Сол сәтте Батысты таңдап, Ресейден, Ресейді таңдап, батыстан таяқ жеп қалмау үшін барынша дипломат болу керек. Көпвекторлы саясатты ұстану дәп қазір өте өзекті, маңызды. Тоқаевтың БҰҰ-дағы қызметі және кәсіби дипломаттық тәжірибесі осы сәтте қажет. Қытаймен жақсы қатынас ұстану, Ресейдің бетіне еріксіз-ырықсыз жымию, Батысқа күле қарап, АҚШ қабақ шытпайтындай әрекет етіп, түркі әлемімен бауырластықта болу маңызды. Таразыны тең ұстау қажет. Соңғы уақыттағы түрлі кездесулер, түрлі сапарлар осы үшін жасалып жатыр деп ойлаймын. Өйткені әлем расымен қиын кезеңге келді. Кариб дағдарысы іспеттес уақыт жақындап қалған сияқты.
Асхат ҚАСЕНҒАЛИ,
саясаттанушы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!