Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бірпартиялы Парламент билік монополиясын қалыптастыруы мүмкін

16.10.2025, 12:00 201

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауы ел болашағы жолындағы өзекті бастамаларға толы болды. Күнде түрленген әлемдік геосаяси жағдайлар мен құбылмалы һәм сипаты бөлек халықаралық қақтығыстар бейбітшілік пен келісімді ту еткен Қазақстанның жаһандық үдеріс жағдайына түрлене түсуіне жол ашады. Әсілінде, әлемдік құқықтық һәм адами құндылықтарға көзқарастар алпауыт елдер арасында жиі өзгеріп отырғанымен, жер шарындағы тоғызыншы территория жаңа даму даңғылына бағыт алып, сол жолда үнемі жаңғырып, заң мен тәртіп, адами құндылық тұрғысындағы үдерісін үзбей келеді. Саяси жаңғырудың жаңа сатысына көтерілген елімізде тың өзгеріс болмақ.

Биылғы Жолдауында ел Президенті заң шығару­шы органның түбегейлі трансформация­лануынан бастап, «бірпалаталы Парламент» ұсыны­сын  енгізді. Әрине, билік бастауы – халық. Ал халықсыз саяси жаңғыру болмасын да еске салып, жалпыхалықтық референдум өтетінін ақжолтайлады.

Хош, Президент ұсынды. Әрі жүзеге асыру – биліктің барлық сатысы мен халық құзыретінде. Реформа асығыс жүзеге аспайды. Түрлі мінберде таразыланып,  жан-жақты талқыға түседі. Әлемдік тәжірибе де електен өткізіліп, тозығы қалыс қалып, озығы қолданысқа енеді. Бұл да Қазақстан­ның өз демократиялық көші барын, сол  көште  халықтың үні мен құқығы бәрінен биік екенін  анық  байқатады.

Мемлекет басшысы ұсынғандай, Парламент бірпалаталы болған тұста біршама ұтымды жағдаят­тар болады. Заңдарды қарау һәм қабылдау барысы барынша қарапайым болмақ. Қазір елімізде тиісті министрлік Заң жобасын әзірлейді, Парламент Мәжілісі алдында қорғайды, төменгі палата мақұлдаса, Парламент Сенатына өтеді.

Мақұлсыз, қайта толықтыру қажет болғанда кері қайтарылады. Мәжілісмендер кем-құтығы толық­тырылған құқықтық норманы жоғарғы палата қолдағаннан ке­йін ел Президенті қол қояды. Шыны керек, күнде түрленген қоғамдық талап жаңа Заңдар мен бұрыннан бар Заңдардың ұзақ әрі сиыр­құйымшақтық әдіске салынғанын құп көрмейді. Қазір заң шығарушы органның жұмысына ілкімділік керек. Яғни, шапшаңдық һәм тиімді­лік. Мұнан өзге, оңтайлылық – бюджет қалтасына түсер шығынды азайту. Қос палата мемлекеттік қаржы қазынасына үлкен салмақ түсіріп тұр. Мұны мойындауымыз керек. Бірпалаталы Парламент жүйе­сін құрар болсақ, жоғарғы пала­таның әкімшілік және депутаттық шығындары жойылады. Парламенттің шығыны азаяды. Үшінші жайт, елімізде заң шығарушы орган – мекеме. Екеуі де бір құзырет арқалап отыр. «Екі кеме ұстағанның суға кететіні» анық. Демек, Бір палата – бір Парламент заң шығаруда жалғыз жауап­ты  «мекеме»  болмақ.

Әрине, көпшілікте сауал болуы заңды. Неліктен Қазақстан бір­палаталы Парламент жүйесіне ертерек  көшпеді? Осынша тиімділік бола тұра заң шығаруда шапшаңдықты, бюджет шығындарын азайтуды неге ерте қолға алмады? Қырғыз Респуб­ликасы  2007 жылы бірпалаталы Парламент негізіне көшті емес пе? Заңды һәм көкейкесті сұрақ. Бұл ретте Заң шығарушы органның, ел билігінің өз тәуекелі болды. Бірпалаталы Парламент құру идеясы бұған дейін бірнеше мәрте көтерілді. Талқыға да түсті. Таразыласақ, бірпалаталы Парламенттің де өз тәуекелдері бар. Мәселен, Заңдарды жасақтау және қайта қарауда кейде асығыстық болмауы тиіс. Әбден зерделеніп, толықтырылып, қателіктерге бой алдырмауда жоғарғы палата үлкен миссия атқарды. Сенат жойылғанда мұндай функция болмайды. Биліктің бір партияға жұмылдырылу қау­пі де жоқ емес. Өйткені, Мемлекет басшысы бірпалаталы Парламент халықтық мақұлдаудан өтсе, партия­лық тізіммен жасақтауды ұсынды. Қандай партия көп дауыс алса, сол саяси құрылымның мүшелері Парламент тізгінін ұстайды деген сөз. Мұндайда заң қабылдау шапшаң жүзеге асқанымен, халықтық бақылаусыз қабылдану ықтималдығы жоғары. Үшінші жағдай, Парламент Сенаты тек заң шығарушы орган болған жоқ, аймақтардың үні болды. Яғни, жоғарғы палатадағы депутаттар өңірлердегі мәслихаттардың таңдауымен сайланған, өңірдің мүддесін қорғау­шы болды. Бұл функция Сенатсыз әлсіреуі  де ықтимал.

Партиялық тізіммен бірпалаталы Парламентті жасақтау демократия­лық үннің әлсіреуіне септесуі мүмкін. Әрине, қоғамдық ой иесі, көптің сөзін сөйлеп жүрген халық белсендісі  партия құрамында бол­мауы мүмкін. Дейтұрғанмен, халықтың қолдауы мен ықыласы бола тұра мұндай тұлғалар тасада қалмағаны да абзал. Парламенттік жүйесі бір­палаталы мемлекеттердің саны басым. Шама­мен 100-ден аса мемлекет бірпалаталы Парламент жүйесін құрған. Жоғарыда айтқанымыздай, Қырғыз Республикасы 2007 жылы Конституциялық реформа нәтижесінде Парламенті бірпалаталы болып бекітілді. Жогорғы Кеңеш 90 депутаттан жасақталған. Алғашында Қырғыз Парламенті аралас жүйе негізін таңдады. Яғни, депутаттары жеке кандидаттар мен партиялық тізім арқылы халық сайлауымен қызметке кірісті. Кейін­гі реформалар негізінде мұндағы Парламенттік сайлау партиялық тізімге негізделді. Партиялардың Парламентке өту шегі – халықтың                 7 пайыз дауысы. Қырғыз Республикасының саяси жүйесі аңғартқандай, партиялық тізіммен сайлану қиындықтар туындатты. Биліктің партия­ларға тәуелділігі артты. Аймақтық өкілдіктер әлсіреді. Партиялық тізім болған соң партияның жетекшілері кімнің және қай өңірден депутат сайланатынын өздері шешті. Нәтижесінде кей өңірдің үні Парламентке жетпейтін жағдайлар болды. Бұл, шын мәнінде, партияның саяси монополияға  иелік  ететінін аңғартады.

Венгрия бірпалаталы Парламент негізін 2012 жылы Конституция қабыл­данғанда таңдады. Бірақ, сайлау жүйесі аралас, партиялық тізім мен бірмандаттық округтер негізінде Парламентке 199 депутат сайлана­ды. Бірақ, бұл елдің тәжірибесі көрсет­кендей, биліктің бір топқа концентрациясы мен оппозицияның рөлі шектелуімен ерекшеленді. Әрине, бірпалаталы Парламентте пікір алуан­дығы болуы керек. Бұл жүйеге тәуелсіз институттар ауадай қажет. Бірпалаталы  Парламент  жүйесі­не өткен елдер қатарында озық жетіс­тікке жеткен Жаңа Зеландия мен Швеция десек, артық айтпағандық. Саяси институттардың мүмкін­ді­гін пайдаланған Жаңа Зеландия Жоғарғы палатаның тиімділігі төмен деген сыннан соң тарқатылды. Парламент мінберінде 120 депутат бар. Олар аралас пропорционалдық сайлау жүйесімен халық қалаулысы атанды. Яғни, Парламент партиялық тізіммен және жеке округтен сайлану арқылы жасақталды. Нәтижесінде Парламент аралас пропорционалды сайлау жүйесі негізінде демократия­лық һәм аймақтық мүддені толық қамтуда. Дәл осындай негіз Шве­цияда да жасақталған. Мұндағы артық­шылық Парламент ішіндегі комитеттер мен тәуелсіз институттар қоғам  мүддесі  үшін  жұмылдырылған.

Жоғарыда бірпалаталы Парламент негізінде бірнеше мысал ай­тыл­ды. Қазақстан демократиялық үдеріс пен қоғам талабына сай саяси жүйесі мен биліктің түрлі сатысын жаңғыртуды үдемелі жүзеге асыруда. Мемлекет басшысы ұсынған бір­палаталы   Парламент  жүйесіне  көшу – сол жаңғырудың бір жаңғырығы. Дейтұрғанмен, бізге әлемдік тәжірибе­лерді сараптап, озығын тұтыну қажет. Жаңа Зеландияның аралас сайлау жүйесін сақтау арқылы тәуелсіз кандидаттардың һәм оларға сенім білдірген топтың үнін есту мүмкіндігін ескерсек. Швеция үлгісіндегі Парламенттік комитеттердің белсенділігі мен тәуелсіз институттарды күшей­ту де маңыз­ды. Венгрия тәжірибесіндегідей тек партиялық тізімге арқа сүйе­ген жүйе билік моно­полиясының қалып­тасуын қамтамасыз ету қаупі бар. Сондықтан саяси тепе-теңдік қалып­тастырудың  тың  тетіктерін  табу қажет.

Бұл саяси өзгерісті асықпай, жалпыхалықтық талқыға салып жүзеге асыратынымызды ескерсек, «Келі­сіп пішкен тон келте болмас» демекші әлі де жан-жақты пікірлерге құлақ түргеніміз жөн. Әлем елдерінің тәжі­рибелерін таразылап, ел мүддесі жо­лын­да  еңбек  еткеніміз  абзал.

Қорыта айтқанда, бірпалаталы Парламент құру бүгін көтеріліп отырған мәселе емес. Бұған дейін бірнеше мәрте талқыға түсті. Бірақ, тап қазір Мемлекет басшысының ұсынуы «Темірді қызған кезінде соқ» тәмсілімен астасып жатқандай. Парламент Сенаты осы уақытқа дейін, шыны керек, әлі де ауқымды міндет атқарып келеді. Дегенмен, елдегі саяси үдеріске сай Парламент те жаңғыруы  керек.

Дастанбек  САДЫҚ,

журналист.

«Халықтың» коллажы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: