Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Билік еріктілерді қолдан жасай ма?

17.01.2020, 10:14 3314

Өткен жыл елімізде «Жастар жылы» болып жарияланды. Рас, жастарға деген қолдау бір жыл ішінде толық жүзеге асады деу – қате­лік. Ол – үздіксіз жүруі тиіс процесс. Көзді ашып-жұмғанша «Жастар жылы» да қорытынды­ланды. Облыс бойынша айтар болсақ­, жастарға деген азды-көпті қолдау­ды көзіміз көрді, құлағымыз естіді. Мемлекет жастарға балық та, қармақ та берді. Мұны әркім әртүрлі қабылдайтыны анық. Сондықтан шығар, «жыл бойына тек науқандық, ақша игеру үшін өткі­зілген іс-шаралардан көз ашпадық» дейтіндер де табылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020  жылды  «Еріктілер  жылы» деп жариялады. Жалпы, еріктілік дегені­міз – адамның өз еркімен ақысыз көмек көрсетуі. «Ерікті­лерге  ақша  төленсе, олардың  саны артады­»  деген  жаңалық осыдан  бір жыл бұрын айтылған еді. Иә, бұл енді іс жүзінде жүзеге аспақ. Қазір­дің өзінде әлеуметтік желілерде «Ақы төленсе, оның несі ерікті?» деген сыңайдағы пікірлер өте көп. Сонда билік еріктілерді қолдан жасамақ­ па? Еріктілікке ерікті түрде бармай жатқандардан не күтуге  болады?  Жастар  еріктілікке­ ақша  үшін  кіріссе ше?

Негізі, көп елдерде еріктілік жұмыс қатарына қосылады, өйткені волонтер өзінің арнайы уақытын бөліп, білімі мен біліктілігін іске асыра отырып тегін жұмыс істейді. Өз еркімен қоғамға пайдасын тигізуді көздейтін ерік­тілердің қатары жыл сайын артып келеді­. Биылғы жылды пайдаланып қатарын арттыратын ерікті ұйым­дардың, адамдардың көбейетіні айт­паса да түсінікті жайт. Өткен жылғы статистикалық мәліметке сүйенсек, әлем халқының 970 миллионы волонтер болса, оның ішінде әрбір сегізінші қазақстандық ерікті санатына еніп жатыр­ екен. Бізді мазалағаны – санды көбейтеміз деп, сапаға мән бермей қаламыз  ба деген ой.

Өңірімізде бірқатар мекемелер мен ұйымдардың бастамасымен «Еріктілер жылы» аясында волонтерлердің жұмысын дамытуға бағытталған ұсыныс-пікірлерді жинақтау, ортаға салу мақсатында басқосулар ұйымдастыру басталы­п кетті. Арнайы облыстық «Ерікті­лер штабы» жасақталып, құрамы да бекітілді. Аталған штаб ешқанд­ай қаржысыз облыс көлемінде жыл бойы 7 бағыт бойынша еріктілік қызметін атқармақ.

Облыстық еріктілер штабының бір ерекшелігі онда мүмкіндігі шектеулі азаматтардан құралған топ жұмыс істейді. Ал, екінші ерекшелігі төтенше жағдайлар бойынша да волонтерлер дайындау көзделген. Оқуға ниет біл­дірген жастардың ағымдағы жылдың қаңтар, ақпан айларында курсқа жазылуы­на  мүмкіндігі  бар.

– Жастардың волонтерлік қызметке белсенді қатысуына жағдай жасау, оларды ынталандыру, Қызылорда қаласының белсенді волонтерлік ұйымдары мен топтарына қолдау білдіруді мақсат еткен «BIRGEMIZ» еріктілер корпусы» арнайы жобасы Қызылорда қаласы мен қалаға қарасты барлық елді мекендерді қамтып, 1000 жасты тікелей және 10000 жасқа жанама әсерін тигізбек, – деп атап өтті қалалық Жастар ресурстық орталығының директоры Сабыржан Кеңшілік әкімдіктегі  брифингте.

Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай, «Ұлттық волонтерлік желі» республикалық қауымдастығымен бірлесе отырып­ республика көлемінде жүзеге асырылып келген «Жеңіс» жобасы орталық­ жанын құрылған арнайы ерікті­лер тобымен жүзеге асырылмақ. Бұл жоба – соғыс, тыл және еңбек ардаге­рлеріне көмек көрсету, айына бір реттік сұраныстарына сәйкес дәрі-дәрмекпен, азық-түлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, жоба аясында жалғыз­басты қарттарға көмек көрсету қарастырылған. Бұдан бөлек жастар арасындағы ұлтжандылықты насихаттау, жастарды әскерге шақыру мақсатында арнайы кездесулер мен кешенді шаралар жүзеге асырылатын болады. Орталық қала көлемінде жұмыссыз немесе­ ешбір оқу орнында тіркелмеген жастармен жұмысты күшейтуді негізгі бағытымыз деп санайды. Жалпы алғанда­, бұл жыл бойына атқарылатын жұмыстар мен іс-шаралардың бір парасы­ ғана. Әлі де көптеген бастамалардың қолдау тауып, жүзеге асатыны анық.

Апта басында облыстық әкімдікте өткен брифингте облыстық білім басқармасының басшысы Майра Тұрғанбайқызына «2020 жылдың «Еріктілер жылы» болып жарияланғанына байланысты педагогтерді жұмысқа тарту жиілеп кетпей ме?» деген сауал қойған едік. Өйткені, «Еріктілер жылында» мұғалімдердің аузына «біз өз еркімізбен шықтық» (сенбілік, сайлау барысында) деп сөз салып беретіндер көбейе ме деген­ күдік басым. «Мен ұстаздар жаппай­ ерікті болып кетеді деп ойламаймын. «Педагог мәртебесі» туралы Заңда барлық кешенді шаралар көр­сетілген. Мұғалімдердің жалақысы көбейіп жатыр. Жұмысын жақсы көретін, сағаты түгел, өз құқығын біле­тін мұғалімдерде сабақ беруден басқа жұмыс жоқ. Жалпы  алғанда, барлығы ұстаздардың  өзіне  байланысты», – деді облыстың  бас  педагогі.

Қазақстанда 2016 жылы 22 желтоқсанда өткен Сенат отырысында «Еріктілер­ қызметі туралы» Заң қабылданған еді. Заңда көрсетілгендей еріктіле­р қызметі – жеке тұлғаларға, кәсіпорын-компанияларға, әлеуметтік топтарға көмек көрсету, қоршаған ортаны қорғау, азаматтық позицияны қалыптастыру, өзін-өзі ұйымдастыру, әлеуметтік жауапкершілік, өзара көмек көрсету және қоғамда қайырымдылық жасау. Аты ерікті бола тұра көмек көрсету мен қайырымдылық жасау арқылы ақша табу дұрыс емес секілді. Еріктілерге жұмыс істеген әрбір сағатына 1000 теңгеден ақы төленбек. Екінші жағынан қарағанда, еріктілер де еріккеннен немесе жұмысы жоқ болғандықтан жүрмейді. Олардың да өз мақсаты, жоспары, іздеушісі, асыраушысы бар. Яғни, ешкім баласының азаннан кешке дейін сабылып белсенділік танытып жүргенін қаламайды. Одан  аз болса да, ақша табудың алғышартын жасағанын­  құп  көреді.  Сондықтан, бұл мәселеге біржақты қарауға бол­майтын  секілді.

Рыскелді   ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: