«Әкімдер – биліктің әрбір елді мекендегі тікелей өкілі. Жұрт олардың қызметіне қарап бүкіл мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін бағалайды. Сондықтан тиімді мемлекет және әділетті қоғам талаптарына сай болу үшін алдағы сайлауды дұрыс ұйымдастыру маңызды». Бұл – мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 23 маусымда ауыл әкімдерін сайлау мәселелері жөніндегі кеңесте айтқан сөзі.
Иә, содан бері еліміздің ауылдық округ әкімдерін сайлау жүйеленіп, бертін келе аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау қолға алынды. Бұдан екі жыл бұрын тәуелсіздік тарихында алғаш рет елімізде пилоттық режимде 42 аудан мен облыстық маңызы бар 3 қала әкімінің сайлауы өткені белгілі. Бұл саяси жаңалықтан Сыр өңірі де қалыс қалмады. Облысқа қарасты Сырдария мен Шиелі аудандарының әкімдерін халықтың өзі таңдады. Жасыратыны жоқ, қай сайлау да белгілі бір «сценариймен» өтіп, жоғары тұрған биліктің «үкілі үмітінің» «жеңімпаз» болғаны кім-кімге де айқын еді. Ал, көбіне өзін-өзі ұсынғандардың дені «ілесе шауып» «бәйгенің» сәнін келтіргені болмаса, әу баста «көзір» болған үміткердің үгіт-насихаты да алабөтен болғанын көз көріп жүр. Айтпақшы, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, кеше ғана Оқу-ағарту министрі болып тағайындалған Жұлдыз Сүлейменова 2023 жылы осы әкімдер сайлауы туралы отандық телеарнаның біріне берген пікірінде: «Міндетті түрде мемлекеттік қызметші болу деген талап жоқ. Сәйкесінше, ол өзінің саласының нақты маманы болса, экономиканы толыққанды түсініп отырса, өзінің ауданының халқының сұранысын және сол сұранысқа сәйкес нәтижелі еңбек ететін болса, жемқорлықтан ада болса, ашық болса, халықпен бірге жұмыс істесе, оған сену керек және мүмкіндік беру керек» деген екен. Ендеше, халықтың өзі таңдап алған әкімдерінің жұмысы ел көңілінен шығып жүр ме, оны сайлаушылардың «іш пыстаны» біледі.
Ал, кешегі жексенбіде «екінші Түркістан» атанған Қазалы халқы да өз таңдауын жасап, жаңа әкімін сайлап алды. «Жүгірген жетпейді, бұйырған кетпейді». Осы «саяси ойынның» ләмі естілгеннен-ақ «басты ойыншының» кім болатыны да жұрт аузында айтыла бастаған. Әйтсе де, «алуан-алуан жүйрік бар, өз әлінше шабады» дегендей, әкім болуға бес адам үміттенген. Олар кім еді десеңіз, айтайық: «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, аталған партиядан ұсынылған, 43 жастағы Алмасбек Есмаханов, Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы, 44 жастағы Ғабит Жанабаев, Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқарма басшысының орынбасары, 34 жастағы Бауыржан Ізмағамбетов, Қызылорда облысының дін істері басқармасының басшысы, 41 жастағы Мира Қазбекова және Қызылорда облысының ветеринария басқармасының басшысы, 51 жастағы Шахмардан Сұлтанбекұлы. Соңғы төртеуі өзін-өзі ұсынған. Байқасаңыздар, кіл басшылар қосылған додада аманаттық азаматтың асығы алшысынан түсетіні үгіт-насихат кезеңі кезінде де анық білінді. Әлеуметтік желіде де күнделікті А.Әбілқасымұлының белсенділігі алабөтен көрінді.
Жалпы, жер – ортақ, ел – ортақ, ер – ортақ дегенмен, туған топырақтың тынысын танып, аудан халқының пікір-пайымын, мінез-құлқын, жердің ұңғыл-шұңғылын жіті білетін жергілікті ұл-қыздың «туған жерге туын» тіккенін кім қаламайды дейсіз? Алайда, білім-білігі, іскерлігі бір басынан табылатын кез келген азаматтың барған жерін түлете алатыны айқын. Демек, халық таңдауы – болашақ таңдауы. Ал ел сенімін ақтау – ерге сын. Содан болар, қазалылықтар «ала қойды бөле қырықпай», сенім етіп, таңдау жасады. Бір сөзбен айтқанда, бесеуден бел асырғаны белгілі болды.
Сонымен, 2025 жылғы 28 қыркүйекте Қазалы ауданы әкімінің сайлауы өтті. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлаушылар тізіміне 47 219 азамат енгізілді. Дауыс беруге 32 337 сайлаушы, оның ішінде есептен шығару куәліктері бойынша – 0, дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс 917 адам қатысты. Кандидаттардың жалпы саны – 5.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 14-бабының 9) тармақшасына, 44-бабының 2-тармағына, 45-бабына, 113-10-бабына сәйкес және учаскелік сайлау комиссияларының Қызылорда облысы Қазалы ауданының әкімін сайлау нәтижелері туралы хаттамаларының негізінде, Қазалы ауданының аумақтық сайлау комиссиясы сайлау қорытындыларын белгіледі. Яғни, кандидат Есмаханов Алмасбек Абилкасимович үшін сайлаушылардың 21096 дауысы, Жанабаев Габит Жумабекович үшін сайлаушылардың 3240 дауысы, Казбекова Мира Жомартқызы үшін сайлаушылардың 2984 дауысы, Койшыбаев Шахмардан Султанбекович үшін сайлаушылардың 2605 дауысы, Измагамбетов Бауыржан Нурланович үшін сайлаушылардың 1994 дауысы берілді. Сайлау қорытындысымен Қазалы ауданының әкімі болып Есмаханов Алмасбек Абилкасимович сайланды. 1982 жылы дүниеге келген, ұлты қазақ, Қызылорда облысы, Қызылорда қаласында тұрады. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңының 14, 45, 113-11-баптарына сәйкес Қазалы ауданының аумақтық сайлау комиссиясының 2025 жылғы 29 қыркүйектегі шешімімен 2025 жылғы 28 қыркүйекте сайланған Есмаханов Алмасбек Абилкасимович Қызылорда облысы Қазалы ауданының әкімі болып тіркелді» делінген аталған сайлау комиссиясының хабарламасында.
Апта басында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қазалы ауданына барып, кадрлық өзгерістеріге байланысты актив отырысын өткізді. Онда аймақ басшысы бұрын аудан әкімі қызметінде болған Мейрамбек Шермағанбетке алғыс білдіріп, жаңа қызметке сайланған Алмасбек Есмахановқа сәттілік тіледі.
— Бұған дейін Қазалы ауданының әкімі қызметін атқарған Шермағанбет Мейрамбек Зинабдинұлы Президент Әкімшілігінің келісімі негізінде облыс әкімінің орынбасары ретінде қызметін жалғастыруда. Мейрамбек Зинабдинұлы Қазалы ауданында 2 жылға жуық қызмет жасап, ауданның дамуына сүбелі үлес қосты.
Сайлау жүйесін демократияландыру – Президент реформаларының негізгі міндеттерінің бірі. Өңірімізде аудан әкімдерін сайлау 2023 жылы пилоттық негізде өткізіліп, Шиелі мен Сырдария аудандарының әкімдері сайланды. Күні кеше өткен саяси науқанда Қазалы ауданының тұрғындары жоғары белсенділік танытты. Бекем бірлік пен тату тірліктің үлгісін көрсетіп, ауданның жарқын болашағы үшін өз таңдауларын жасады.
Алмасбек Әбілқасымұлы – басшылық қызметтегі ұйымдастырушылық қабілеті мен тәжірибесі мол, өз жұмысын жоғары кәсіби деңгейде атқаратын әлеуеті жоғары кадр. Президентіміздің, Үкіметтің алдымызға қойған міндеттері мен тапсырмаларын сапалы орындап, Өздеріңізбен бірге Қазалы ауданын одан әрі дамытуға, көркейтуге аянбай жұмыс істейді деп сенеміз. Жаңадан сайланған аудан әкіміне Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлының реформалары мен бастамаларын жүзеге асыру бойынша нақты әрі жүйелі жұмыстар жүргізуді тапсырамын.
Аудан халқы үгіт-насихат кезеңіндегі сіздің уәделеріңізге сеніп, қолдап дауыс берді. Сол себепті сайлауалды бағдарламаңызда көрсетілген әрбір мәселенің оңтайлы, мерзімінде шешілуін қамтамасыз етіңіз. Біз, аудан халқы әрдайым жан-жақты қолдау көрсетеміз.
Алдыңызда дамудың барлық макроэкономикалық көрсеткіші бойынша оң параметрлерге қол жеткізу міндеті тұр. Ауданға инвестиция тарту, салық базасын ұлғайту, қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау, жаңа жұмыс орындарын ашу мен кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға бағытталған нақты жұмыс жүргізу қажет.
Президентіміздің инвестиция тарту тапсырмасын орындау үшін инвесторлармен тиісті бағытты айқындау керек. Аудан әкімінің жұмысы инвестиция тарту индикаторының орындалуымен бағаланады. Қазіргі жағдайда бюджеттің әрбір тиыны маңызды.
Бұған дейін де басшылық лауазымдарда мол тәжірибе жинаған қызметкер ретінде аудандағы ресурстарды барынша қолданып, бюджет қаражатын толық әрі мерзімінде игеріп, жобалардың сапалы жүзеге асуын қамтамасыз етіңіз.
Құқық қорғау органдарының басшыларына аудан әкімімен бірлесіп, жұмыс істеуді қатаң тапсырамын! — деді Н.Нәлібаев.
Алмасбек Әбілқасымұлы 1982 жылы дүниеге келген. Қызылорда гуманитарлық университетінде экономист, Қазтұтыну одағының Қарағанды экономикалық университетінде заңгер мамандықтары бойынша білім алған. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша магистр дәрежесін иеленген. Әр жылдары Қарауылтөбе ауылдық округінің әкімі, Қызылорда қаласы әкімі аппаратының, қалалық бірнеше бөлімнің басшысы, облыс әкімі аппаратында бөлім басшысы, Шиелі ауданы әкімінің орынбасары, облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары, басқарма басшысы лауазымдарында нәтижелі қызмет етті. 2024 жылдың шілде айынан бастап «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы қызметін атқарып келді.
Иә, халық өз таңдауын жасады. Ал, жаңа әкім ертесіне-ақ ел алдына шықты. Биографиясы келгенімен, географиясы келмесе де, енді А.Әбілқасымұлының бұған дейін қазалылықтардың, тіпті жергілікті қоғам белсенділерінің де «тілін тауып», екі жыл ішінде аудан орталығын жасантып, тіні бар тірлік еткен М.Шермағанбеттің жолын жалғай алғаны керек. «Кадр бәрін шешеді» деген темірдей тегеурінді қағида ешуақытта да мәнін жоймақ емес. Қазіргі жаңа Қазақстанның қалыптасуына жасампаздық жұмыс істеліп жатқан кезеңде бізді тек жоқтан бар жасайтын талантты, білікті (жердің көгін көктейтіндей), қабілетті, қасиетті және жаны да, ары да таза кадрлар ғана ілгерілете алады. Ендеше, жаңа әкім жеке басының жүріс-тұрысы, сөзі, тұрмысы, жұмыс істеу мәдениетімен, іскерлігімен, ізденуімен, жаңашылдығымен жұртқа өнеге болып, ешбір оқшауланбай, өз халқымен бірге күліп, бірге қиналуы тиіс. Енді оны уақыт көрсетеді.
Н.НҰРМАҒАНБЕТОВ
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!