«Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Б.Байбек Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келді. Ол алдымен Жаңақорған ауданы Бірлік ауылының тұрғындарымен кездесіп, мұнан кейін Шиелі ауданындағы шаруа қожалықтарының жұмысымен танысты.
Жаңақорған ауданы Бірлік ауылының тұрғындары кездесуде балабақша мен газ мәселесін көтерсе, Шиелі ауданындағы шаруалар мемлекеттен берілетін жеңілдіктерді алуды оңтайландыруды сұрады. Аймақ басшысы Бірлік ауылында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында алдағы уақытта балабақша салынатынын және тұрғындар жақын арада «көгілдір отынның» шапағатын көретіндігін айтты. Ал, шиелілік шаруалар мәселесіне қатысты Б.Байбек тиісті салалық министрлікке субсидиялық жеңілдіктер туралы жеткізетіндігін мәлімдеді.
Кездесуден кейін «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Б.Байбек пен облыс әкімі Қ.Ысқақов Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Абай жолымен» атты республикалық ақындар айтысының ашылу салтанатына қатысты. Аймақ басшысы айтыс – сөздің аламаны, халқымыздың өр рухының нәрі, сонымен қатар, идеологиялық тәрбиенің өткір құралы екенін атап өтті.
– Қасиетті Сырдың бойы қазақ өнерінің қара шаңырағы және ортаймас ордасы екені – мойындалған шындық. Бұл киелі өлке ұлт өнерін асқақтатқан талай дүлдүлдер мен жүйріктерді дүниеге әкелген. «Мысалы, сырнаймен төгілте жыр төккен Нартай, Сыр әуенін әуелете салған Әбілда Жүргенбаев, Мүтәліп Қыраубаев, сөз өнерін өрістеткен Манап Көкенов, Бибігүл Жаппасбаева, кеше ғана сексеннің сеңгіріне шыққан ақиық ақын Зәмеддин Ибадуллаев, ұстаздық пен айтысты қатар алып жүрген Серік Ыдырысов және айтыстың Ақтаңгері, екі мәрте «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязовтың сөз сайысында ел намысының туын түсірмеген Кенжебай, Әбілқайыр, Нұрмат, Мейірбек сынды арынды ақындардың шабыттарын шыңдап, аққанат жырларын аспандатқан мекен, – деді облыс әкімі Қ.Ысқақов.
Қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған республикалық «Абай жолымен» атты ақындар айтысына республикадан барлығы 12 ақын келді. Ал, ақындардың өнеріне Халық ақыны, Қазақстан Республикасының мәдениет және білім саласының үздігі Әсия Беркенова, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, республикалық «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ғалым Жайлыбай, жырау, Қазақ Ұлттық өнер академиясының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткеріж- Алматов Алмас пен ақын, журналист, публицист, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Әшімжан Жанарбек және Қ.Мырзалиев атындағы өнер орталығының директоры Бауыржан Халиолла қазылық етті.
Республикалық ақындар айтысының ашылуынан кейін «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Б.Байбек пен облыс әкімі Қ.Ысқақов партия қатарына жаңа мүшелерді қабылдау салтанатты шарасына қатысты.
Айта кетейік, Сыр елінде өтіп жатқан ақындар айтысының бас жүлдесін екі дүркін алтын домбыраның иесі, айтыстың ақтаңгері Мұхтар Ниязов иеленді. Жеңімпаздарды «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Б.Байбек пен «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Қ.Ысқақов құттықтап, марапаттады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!