Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бас консулмен кездесті

31.03.2023, 8:45 261

HALYQLINE.KZ

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келген Өзбекстан Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Аброр Фатхуллаевпен кездесті. Басқосуда аймақ басшысы көршілес екі ел арасындағы қалыптасқан ашық және сенімді қарым-қатынастың тамыры тереңде екенін атап өтті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

«Биыл Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жылдан астам уақыт болды. Осы жылдар ішінде рухани-мәдени және сауда-экономикалық әріптестік берік орнады. Өздеріңіз білетіндей, 2022 жылғы 22 желтоқсанда Ташкент қаласында өткен екі ел президенттерінің кездесуінде Қызылорда және Науаи облыстары арасында өңіраралық ынтымақтастықты дамытуға, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған Жол картасына қол қойылды. Қазір Науаи облысының хокимиятымен екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мақсатында өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, тауар айналымы және басқа да салаларда өзара ақпарат алмасамыз. Алдағы уақытта да сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі дамытуға мүмкіндігіміз бар. Сіздің Қызылорда облысына жұмыс сапарыңыз бауырлас елдердің ынтымақтастығын одан әрі нығайта түсетініне зор сенім білдіремін!», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Облыс әкімі жақын арада Өзбекстан Республикасында болатын Конституцияға түзетулер енгізу бойынша референдумның сәтті өтуіне тілектестік білдірді. Жауапты тұлғаларға Қызылорда облысының аумағында сайлау бекетін ұйымдастыруды тапсырды.

Өз кезегінде, Бас консул аймақ басшысына алғыс білдіріп, өзара тиімді әріптестікті одан әрі дамытуға мүдделі екенін жеткізді. Қазақстан тарапының Арал теңізін құтқару, экожүйесін қалпына келтіру бойынша атқарып жатқан жұмыстарына тәнті болғанын ерекше атап өтті.

Айта кетейік, Қызылорда облысының Өзбекстан Республикасымен жалпы шекарасы 700 шақырымнан асады. Өткен жылы екіжақты тауар айналымы 17 млн АҚШ долларын құрады. Оның ішінде экспорт 13,2 млн АҚШ долларын, импорт 3,8 млн АҚШ долларын құрайды. Негізінен, Қызылорда облысы Өзбекстанға күріш, астық өнімдері, цемент, мұнай өнімдерін экспорттаса, Өзбекстаннан Сыр өңіріне тоқыма тауарлары, құрылыс материалдары импортталады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: