Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

БАҚ-тан бақ кетті ме?

04.07.2023, 19:00 236

Өмірге келгесін екі нәрседен қателеспеу керек деп жатады. Соның бірі – мамандақ таңдау. Болашақ өмірім осы таңдауға тікелей байланысты секілді. Өнер жолы – ауыр жол болса да шыдаймын деп өз-өзіме ант беріп,  журналистака мамандығын таңдадым. «Дәл осы мамандықты неге таңдадың?» деген сұрақты алыс-жақын таныстарым жиі қоятын болып кетті. Себебі журналистика саласындағы мамандарға қылмыстық істер мен түрлі айыптар тағылуда. Тіпті ақиқатты айтамын деп физикалық жарақат алғандар да бар екен. Сол себепті қаламын қару еткен жандардың тілшілік тіршілігінде не болып жатқанына аз-кем тоқталып өтсем.

Ең алдымен, билікке сын айтып жүрген журналист Думан Мұхаммедкәрім жайында айтсақ. Оны 28 мамырда 25 тәулікке тағы қамады. Оған 488 баптың 12-бөлігімен («бейбіт жиынның тәртібін бұзу») айып тағылған болатын. Ол бұл айыппен келіспей, 2 маусымда аштық жариялады. 3 маусымда Думан Мұхамедкәрімнің әке-шешесі Алмаз Тілепов пен Қалимаш Райымбеқызы ұлының босатылуын сұрап, олар да аштық жариялайтынын жеткізді. Олардың айтуынша, ұлы террорист емес, бар жазығы шындықты айтқаны деп есептейді. Шытырман оқиға секілді ұласқан бұл қылмыстық іс жалғасуда.

Биыл 30 наурызда Алматыда «Қаңтар оқиғасы кезінде әуежайды басып алу» ісі бойынша бес адамның соты басталған. Сол бес адамның қатарына журналист Әйгерім Тілеужан да бар. Журналисті әуежайды басып алуды ұйымдастырды деген айыппен бес жыл жаза кесуді прокурор сұраған екен. Жалпы,38 жастағы кәсіби аудармашы һәм тілші үкіметке қарсы наразылық митингілеріне шығып, қоғамдық-саяси мәселелерге қатысты ой-пікірін айтып, саяси реформалар жүргізуді талап еткен. Былтырғы қараша айынан бері үйқамақта отыр. Алғашында ол бұл істе куәгер болса, 2022 жылы қазан айында тергеушілер оны күдікті деп таныды.

Ең сорақысы, «Новая Газетаның» журналисі Елена Милашинаға жасалған қастаңдық. Ол Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың қылмыстарын бірнеше рет әшкерелеген тілші. Белгілі журналисті бетперде таққан бірнеше адам ұрып-соққан. Ол-ол ма? Тіпті шашын қырып тастаған екен.

Десе де, бұл оқиғалар журналистикаға деген махаббатымды өшіре алмады. Себебі Шерхан Мұртаза айтпақшы, «журналистің жегені жантақ, арқалағаны алтын» болса да, бұл салада еңбек етуге дайынмын. Төртінші билік өкілдері қоғамымызға әрдайым қажет. Еліміздің дамуы осы салаға тікелей байланысты десем, артық айтқаным емес.  Журналист болу әр адамның қолынан келе бермейтін мамандықтың бірі. Тек қана жүрегінің түгі бар жандар ғана, журналистика мамандығын таңдайды. Мен солардың бірі болып, ақпарат беру арқылы әлемді жақсартқым келеді. Кім нені жасырғысы келсе де, БАҚ-тың бағы ешқашан кетпейді.

Медина ШАЙКАМАЛ,

Ыбырай Алтынсарин атындағы №10 мектеп оқушысы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: