Өткен аптада Ұлттық бала асырап алу агенттігінің ұйымдастыруымен Қызылорда қаласында «Баланың бақытты мекені – отбасы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – Қазақстанда Кәсіби қабылдаушы отбасы институтын енгізу туралы ақпарат беріп, пікір алмасу.
Дөңгелек үстелге Қызылорда қаласының әкімдігінің мүдделі тұлғалары (білім басқармасы, денсаулық сақтау басқармасы, әлеуметтік жұмыспен қамту), Қамқоршылық және қорғаншылық органдары, Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мекемелердің өкілдері қатысты.
2016 жылдан бері Ұлттық бала асырап алу агенттігінің көмегімен 1945 бала қазақстандық отбасыларға орналастырылды. Олардың 244-і Реабилитация жобасындағы диагнозы бар балалар және ол отбасыларға атаулы материалдық көмек, балалардың денсаулығын қалпына келтіру және оңалту түрінде қолдау көрсетілуде.
Алайда 4200-ге жуық бала әлі де ата-анасын интернаттық мекемелерде күтуде. Олардың басым бөлігі жасөспірімдер, ағайындылар және диагнозы бар балалар. Бұл мәселенің шешімі біздің елімізде үздік әлемдік тәжірибені – Кәсіби қабылдаушы отбасылар институтын енгізу болуы мүмкін.
Кездесу барысында Кәсіби қабылдаушы отбасыларға төленетін ақы, ата-ананың жұмысы мен пайда болу мүмкін мәселелер талқыланды.
Қамқоршылық қорғаушылық бөлімінің маманы, Ембергенова Анар: «Кәсіби қабылдаушы отбасының отағасына да, анасы да ай сайын 70 МРП төленеді. Ақша табуды көздегендер баланы тек ақша үшін алуы мүмкін» деп, балалардың болашағына қатысты алаңдауын білдірді.
Алайда жобаның басшысы, Рахметова Фарида: «Әрине кәсіби қабылдаушы отбасыға бала – табыс көзі болмауы керек. Үміткерлер алдын-ала терең диагностика мен арнайы оқытудан өтеді. Ата-анамен жұмыс барысында шынайы ниеті анықталады. Сонымен қатар баланы қабылдағаннан кейін отбасы қамқоршылық және қорғаншылық органдарының бақылауында болады» деп, пайда болған күмәнді сейілдірді.
Іс-шараның нәтижесінде мемлекеттік органдарға Кәсіби қабылдаушы отбасы институтының маңыздылығы мен мәні егжей-тегжейлі баяндалды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!