Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Балалардың дамуына үлкен мүмкіндік

10.03.2022, 11:20 668

Бала – адам өмірінің жалғасы, ұлт болашағы. Егеменді елдің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақтың қолында. «Баланың тәрбиесі – мемлекеттің маңызды міндеті» деген Платонның сөзі бар. Билік басындағылардың балалардың болашағына ден қойғаны қуантарлық жағдай. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Ол жыл басында «Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі», – деп мәлімдеген болатын. Сонымен қатар Президент билік тарапынан денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру саласында балаларды қорғауға нақты іс-шаралар жасалуы керектігі  жөнінде  сөз  қозғады.

 «Адамға тіл, құлақ қандай керек болса, білім де сондай керек» дейді Ахмет Байтұрсынұлы. Сол себепті де Президент Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласын күннен-күнге жақсар­тып, дамытуды  қолға  алуда. Ол  қыркүйектегі  Қазақ­стан халқына арналған жолдауында сапалы білім беруге ерекше назар аударды. Атап айтқанда, отандық ғылымды дамытып, дарынды балаларды қолдауды, балаларды кәсіпке ерте баулуды тапсырды. Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлерге ешқандай конкурсқа қатыспай-ақ білім грантын беру мәселесін қарастыру керектігін айтты. Сонымен қатар, мектептердегі орын тапшылығын сөз етіп, 2025 жылға дейін мыңға жуық мектеп салуға тапсырма берді. «Білім сапасы жақсарса, тұтас ұлттың бәсекеге қабілеті артады» деп санайтын мемлекет басшысының осы тапсырмаларының арқасында  білім  саласында  оң  өзгерістер  болады  деп  сенеміз.

Әр балаға бөбек кезінен ұлт­тық құндылықтарымызды дәріптеп, болашақта елі үшін бір кірпіш боп қалануын қадаға­лауымыз қажет. Ол үшін ең әуелі құндақта жатқаннан «бесік жырын» тыңдатып, қазақы ертегімен сусындатқан жөн. Сонда ғана бала есейе келе өз ұлтының қадір-қасиетіне құрметпен қарап, ұлтын сүюді үйренетін болады. Мектеп жасындағы балаларға ұлттық құндылықтарды дәріптейтін қосымша пәндер жүргізіліп, қазақтың салт-дәстүрлері кеңінен таныстырылғаны да – ұлт болашағы үшін керекті дүние. Және балалардың жазғы демалыс уақытында Қазақстандағы өзге қалаларды аралап, түрлі демалыс орындарына барып, еліміздің таза табиғатымен тынығып әрі сол жақта ұйымдас­тырылған сайыстарға қатысса, бойы сергіп, өмірге талпынысы артады деген пікірдемін.

2020 жылғы мәлімет бойынша Қазақстанда 14 жасқа дейінгі 76 592,7 бала сырқаттанады. Соңғы уақыттарда еліміздегі танымал өнер адамдары сирек кездесетін ауруға шалдыққан балалардың еміне халықтан ақша жинауды қолға алған болатын. Ең алғашқы көмек тараздық Еркін Айсезімге берілді. Бір жарым жастағы бүлдіршін жұлынның бұлшықет атрофобиясымен ауырады. Оның бір уколының құны 1 миллиард теңге тұрады. Айсезімнің ата-анасы бір жылға жуық уақытта алты жүз млн теңге жинаған. Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева бастаған бір топ блогерлер халықтың көмегімен 3 күннің ішінде қалған 300 млн теңгені  жинап  берді.

– Айсезімге үш ай болғанда біз аурудың белгілерін байқай бастадық. Нақты жұлын бұлшықет атрофобиясымен ауыратынын анықтау үшін бес ай уақыт кетті. Уколға ақша жиналғанымен әлі алған жоқпыз. Себебі, қазір Айсезімнің жағдайы нашар болып тұр. Алла қаласа Ресей еліне емделуге баруға дайындалып жатыр­мыз. Жағдайы жақсарса, уколды сол жақта алуымыз мүмкін. Ресей­де осы уколды алғаннан ке­йін балалардың жағдайы айтарлықтай жақсарған. Министрлік осы балаларға уколды сатып алып бермесе де, қолдануға қажетті керек-жарақтарды алып беру жағынан жағдай жасаса жақсы болушы еді, – дейді Айсезімнің әкесі  Сағыныш  Еркінұлы.

 Бүгінде өзге балалардың еміне де халықтан ақша жинау көбеюде. Қазіргі уақытта елімізде жұлынның бұлшықет атрофобиясымен ауыратын 120-дан аса адам бар. Олардың жастары да әртүрлі. Дәл осы 1 млрд теңге­лік укол Қазақстандағы тағы да 7 сәби­ге ауадай қажет. Алайда оның бәріне сбор жасап жинап беретін халықта қомақты қаржы болса,  кәнеки?!

Осы кезде 11 қаңтарда Президенттің тапсырмасымен құрыл­ған «Қазақстан халқына» қоры еске түседі. Бұл қор денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау саласындағы мәселелерді шешумен айналысады. Қазір қордың  шотында 116,8 млрд теңге бар. Аталған аурумен ауыратын бүлдіршіндердің отбасымен қатар, көптеген мұқтаждар қорға өтініштерін жолдаған. Бүгінгі таңда олар қор басқармасының жауабын тағатсыздана күтіп отыр.

«Қазақстан халқына» қоры­нан көмек алуға өтініш беру үшін төмендегі шарттарды орын­дауыңыз  керек:

1) atamekenim.kz цифрлық порталы  арқылы көмек алу туралы  өтініш  беріңіз;

2) Сіз жататын халықтың санаттарымен жұмыс істейтін және өтініміңізді қабылдауға дайын ҮЕҰ деректер базасын пайдаланып мәліметтеріңізді тексереді немесе қажет болған жағдайда сізден қосымша құжаттарды сұрайды;

3) ҮЕҰ-дан жиналған құжаттар пакеті өтініштерді қарау және ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл жасайтын қордың бөлімшесіне жіберіледі. Қаржыландыру көлемі анықталғаннан кейін өтінім сараптамалық комитеттің қарауына беріледі;

4) Құрамына ҮЕҰ, қоғам, мемлекет органдар өкілдері, жергілікті және халықаралық сарап­шылар кіретін қордың сараптамалық комитеті өтінішіңізге жан-жақты  баға  береді;

5) Сараптамалық комитеттің бағасы бар өтінішіңізді қор басқармасы қарайды, олар оны қаржыландыру туралы шешім қабылдайды. Егер ол қордың мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес келмесе, өтінім қабылданбауы  мүмкін;

6) Басқарма мақұлдағаннан кейін сіздің өтінішіңіз қаржыландырылады. Әдетте, қаражат сіздің өтінішіңізді орындайтын ҮЕҰ  шотына аударылады. Мысалы, ем алуды төлеу, дәрі-дәрмек  сатып  алу  және т.б.

Қорыта айтсақ, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт То­қаев бекіткен «Балалар жылында» бала­лардың  дамуына  үлкен  мүмкіндік туып тұр. Осыған дейін­гі «Жастар жылы» мен «Волонтер жылында» да жастар мен еріктілерге жақсы жағдай жасалған болатын. Биылғы жылдан да сондай нәтиже күтеміз. Сонымен қатар, өз медицинамыз емдей алмайтын балалар үшін шетелден әр жыл сайын білікті мамандарды шақыртып бүлдіршіндеріміздің өмірін сақтауға, денсаулығын жақсартуға бір қадам  жасаса  екен…

Жәния  ТӨРЕБЕКОВА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: