Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Балаға мейірімді аурухана» атағын алды

23.02.2022, 17:30 1062

HALYQLINE.KZ Ұлт денсаулығының басты мәселелерінің бірі – бала денсаулығын қорғау, оның ішінде нәрестелердің денсаулығына ерекше назар аудару. Осы мәселе аймақ басшысының тікелей бақылауында. Өңірде жүзеге асырылған жүйелі жұмыстың арқасында бірқатар медициналық ұйымына халықаралық деңгейде «Вавy–friendly hospitals. Балаға мейірімді қарым қатынас ауруханасы» атағы берілді.

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «BalaJan» ҚҚ Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Ольга Шишигина, белгілі дәрігер, акушер-гинеколог Зәуреш Аманжолова мен «BalaJan» медицина қызметкерлері одағы» қоғамдық қорының Президенті және құрылтайшысы Эльнар Құрманғалиевамен кездесті.

Басқосу барысында облыс бойынша ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында қолға алынған жұмыстар талқыланды. Аймақ басшысы ана мен бала мәселесіне ұдайы мән беру басты назарда екенін алға тартып, бірлескен жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.

Айту керек, өңірде Дүниежүзілік денсаулық ұйымы ұсынған «Емізу практикасын қорғау, қолдау және ынталандыру» бағдарламасы қабылданды. Осы бағдарлама бойынша Қызылорда облысының медициналық ұйымдары республикалық деңгейде сертификациядан, ресертификациядан өтіп, халықаралық деңгейінде «Вавy–friendly hospitals. Балаға мейірімді қарым-қатынас ауруханасы» атағына ие болды.

Сондай-ақ, облыс бойынша 5 емдеу, алдын-алу ұйымы «Алтын тақта» номинациясымен марапатталды. Олар – облыстық Ана мен бала орталығы, көпбейінді облыстық балалар ауруханасы, Арал және Қазалы ауданаралық ауруханалары мен №3 қалалық емхана.

Айта кетейік, бағдарламаның негізгі мақсаты – тек ана сүтімен емізу үлесін 95%-ға дейін арттыру арқылы жаңа туған нәрестелердің аурушаңдық пен өлім-жітімін төмендету. «BalaJan» қоғамдық қорының өкілдері Сыр өңірінде осы бағытта қарқынды жұмыс жүргізілгенін атап өтіп, алдағы уақытта да бірлесе жұмыс жасауға ниет білдірді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: