Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова облыстық мәнерлеп сырғанау және шорт трек федерациясының төрағасы Байтақ Тұрсынбаевпен кездесті.
Басқосуда мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, ересектер арасында 3 дүркін Қазақстан чемпионы Элизабет Тұрсынбаеваның атынан өңірде мәнерлеп сырғанаудан халықаралық жарыс өткізу мәселесі талқыланды. Өңір басшысы бұл сұрақтардың алдағы уақытта қарастырылатынын айтты.
«Элизабет – біздің мақтанышымыз. Мәнерлеп сырғанау спорт түрінен Қызылорда облысын ғана емес Қазақстанды әлемге танытып жүрген дарынды спортшымыз. Ұсынысыңызды қарастырамыз. Өздеріңіз білетіндей, әлемді жаулаған індетке байланысты қазіргі уақытта көпшілік шаралар, жарыстар өткізуге рұқсат жоқ. Алдағы уақытта бұл мәселе назарда болады», – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
Кездесу соңында Байтақ Тұрсынбаев облыс әкіміне көтерген мәселеге қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.
Еске салайық, Элизабет Тұрсынбаева 2000 жылы 14 ақпанда дүниеге келген. 2005-2011 жылы Москва қаласының «Москвич» эксперименттік жоғары спорт шеберлігі мектебінде тәлім алып, 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы Қ.Мұңайтпасов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат колледжін бітірген. Ол халықаралық турнирлердің көпдүркін жеңімпазы және жүлдегері. 2019 жылы Жапонияның Сайтама қаласында өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!