Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Байқоңыр қаласын дамыту – маңызды қадам

11.03.2023, 13:45 362

Бүгін Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қ.Нұртайдың төрағалығымен, бейінді басқарма басшыларының қатысуымен арнайы жиналыс өткізілді.

Жиында Байқоңыр қаласын дамытудың ұзақ мерзімді бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары қаралып, іске асырылған жобалар мен алдағы жоспарлар талқыланды.

Бүгінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тікелей тапсырмасына сәйкес, Байқоңыр қаласының және тұтастай кешеннің ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз ету мәселелері бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

«Байқоңыр» кешенін газбен қамтамасыз ету бойынша келісім негізінде мұндағы көп қабатты тұрғын үйлер, шағын және орта бизнес нысандары көгілдір отынға қосылды. Бұрын қала тұрғындары газдың 1 текше метріне 800-900 теңгенің шамасында, валюта бағамына байланысты төлеп келген. Қазіргі таңда төлем облыстық орташа тарифпен теңестіріліп, 14,6 теңгені құрайды.

Осы уақытқа дейін Байқоңыр қаласының жылу-электр станциясы қымбат мазутпен жұмыс істеп келді, бұл өз кезегінде тарифке әсер ететін.

Қазіргі уақытта Байқоңыр қаласының әкімшілігі «Байқоңырэнерго» ӨЭБ ЖБТ жылу-электр станциясын мазуттан табиғи газға ауыстыру бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл өз кезегінде, коммуналдық қызметтер тарифінің төмендеуіне оң әсер етеді.
Тұрғын үй мәселелерін шешу үшін Қазақстан Республикасының қаражаты есебінен 2019 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен елу пәтерлі бес тұрғын үй пайдалануға беріліп, «7А» шағын ауданы құрылды.

Сонымен қатар, 2021 жылдан бері осы шағын ауданнан «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тағы да елу пәтерлі бес тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жобаның жалпы құны – 3 млрд 187 млн теңгені құрап отыр.

Инженерлік инфрақұрылымды жаңарту үшін құны 12 млрд теңгені құрайтын сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғырту жұмыстары басталды.

Бұл жұмыстарға 2022 жылы 901,2 млн теңге, 2023 жылға 1 млрд теңге бөлініп, 2025 жылға дейін аяқтау жоспарлануда.
Жиын соңында Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қ.Нұртай қаланың даму мәселелері Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының назарында екенін, осындай кең көлемдегі жұмыстар одан әрі жалғасын табатынын атап өтті.

Төретам кенті және Ақай елді мекендерінде 2022 жылы басталған газдандыру жұмыстарын сапалы әрі уақытылы аяқтауды тапсырды.

Байқоңыр қаласы бойынша әлі де түйіні тарқатылмаған мәселелерді атап көрсетіп, оларды кезең-кезеңімен шешу бойынша тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: