HALYQLINE.KZ Кеше ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің Қызылорда облысына жұмыс сапары аясында әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларын өндіру және сату мәселелеріне арналған көшпелі жиын өтті.
Жиынға республиканың 19 өңірі мен ірі қалаларынан 120-дан астам өкілдер келіп қатысуда.Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сыр өңірінде осындай үлкен шараның өткізілуі аймақтың басты өніміне қатысты екенін атап өтті.
«Облысымыздың кейінгі жылдардағы серпінді даму қарқыны туралы білесіздер. Биыл жалпы инфляция деңгейі 104,8%-ды құраған болса, өткен жылдың сәйкес кезеңінде 108,8% болған еді. Бұл – еліміздегі баға тұрақтандыру бойынша қабылданған жаңа тәсілдердің оң нәтижесі. Біз баға тұрақтандыруда сауда желілерінен алшақтап, өндіруші құрылымдарға бетбұрыс жасадық. Бүгінгі ауқымды шарамыз, бастамамыз арқылы көздеген мақсатымыз – ішкі нарықта өнім өндірушілер мен өңірлердің әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары арасында делдалсыз тікелей сауда қарым-қатынасын орнату», – деді аймақ басшысы.
Жиында орталық атқарушы органдар және барлық өңір әкімдерінің орынбасарлары, азық-түлік тауарөндірушілері әлеуметтік маңызды тауарлар бағасының қазіргі жағдайына қатысты баяндама жасады. Өзара тиімді форвардтық шарттар жасасып, «Тауарларды қадағалаудың ұлттық жүйесі» пилоттық жобасын таныстырды. Мұнан бөлек, мәжілісте экспорттық әлеует және даму перспективалары талқыланып, жергілікті атқарушы орган өкілдері халық кең тұтынатын өнімдердің бағасын тұрақтандыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды баяндады.
Еске салсақ, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин бастаған делегация мүшелері ауыл шаруашылығы нысандарының жұмысымен танысып, «Жері күрішті, елі ырысты Қызылорда» атты 2 күндік күріш көрме-жәрмеңкесінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Әрі қарай Үкімет басшысының орынбасары Қызылорда облысының бизнес-қауымдастығы өкілдерімен кездесті.
Ертең Үкімет делегациясы Сыр өңірінің су шаруашылығы нысандарына барып, «Абзал және К» ТС күріш алқабын аралайды. Сондай-ақ Н.Ілиясов ауылының абаттандыру жұмыстарымен, әлеуметтік нысандарымен танысады деп жоспарлануда.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!