Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ауыл тұрғындары әкімді сайлай алады

05.05.2021, 16:45 396

HALYQLINE.KZ Парламент мәжілісі ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуге мүмкіндік беретін заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. Мәжілісте «Сайлау туралы» конституциялық заңға өзгерістер енгізу туралы заң жобасы қаралды.

Құжат президенттің бастамасымен әзірленді. Оған сәйкес, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдері тікелей сайланады.

«Қазіргі таңда елімізде 2 345 әкімшілік-аумақтық бірлік бар. Оның ішінде биыл екінші жартыжылдықта 836 әкім тікелей дауыс беру арқылы сайланады», – деді ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев.

Айтуынша, мемлекеттік қызмет туралы заңға сәйкес біліктілік талаптарына сай және Қазақстанның 25 жасқа толған кез келген азаматы сайлана алады.

Сондай-ақ саяси партиялар мүшелері және сайлаушылардың жалпы санының кемінде 1% қолын жинаған кандидаттар сайлауға түсуге құқылы.

«Бұл ретте, аудан әкімінің, егер кандидаттар болмаған не біреуі ғана ұсынылған жағдайда, екі не бір кандидат ұсынуға құқығы бар», – деді министр.

Заң жобасында барлық кандидат үшін ең төменгі жалақы мөлшерінде сайлау жарнасын енгізу көзделген. Сайлау 40 күн бұрын жарияланады, ал сайлаудың өзі қазіргі әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталуына 10 күн қалғанда өтеді. Сайлау өткеннен кейін үш күн ішінде қорытынды шығарылады.

Сайланған әкім жүргізіп жатқан жұмысы туралы халыққа есеп береді.

Сонымен қатар заң жобасына сәйкес, мәжіліс сайлауы кезінде саяси партиялардың өту шегі 7%-тен 5%-ке дейін төмендетіледі және барлық деңгейдегі сайлау бюллетеньдеріне «барлығына қарсымын деген» графа қосылады.

 Мәжіліс депутаттары заң жобасын бірауыздан мақұлдады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: