HALYQLINE.KZ Биыл Ауғанстан жерінен Кеңес әскерінің шығарылғанына 32 жыл толып отыр.
Осы орайда Жосалы кентіндегі «Жастар» саябағында орналасқан Ауған соғысының құрбандарын еске алуға арналған тағзым алаңында ауған жерінде қаза тапқан жауынгерлерді еске алу шарасы өтті.
Шараға ардагерлер кеңесінің төрағасы, аудандық Қорғаныс істер жөніндегі бөлімнің бастығы, Ауған соғысының ардагерлері мен жастар қатысты.
Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, аудандық «Ардагерлер кеңесінің» төрағасы Қ.Есдәулетов, «Ауғанстан және аймақтық соғыс ардагерлері кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы А.Ерманов сөз сөйлеп Ауған жерінде от пен оқтың ортасында жүріп, интернационалдық борышын орындаған азаматтардың ерліктері мәңгі сақталатынын жеткізді.
Жиын соңында Ауған жерінде ерлікпен қаза тапқан жерлестеріміздің рухына ауданның бас имамы Жақсыбек Әбенов құран бағыштады.
Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 32 жыл толуына орай Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары Ж.Омаров Ауған соғысы ардагерлерімен кездесті.
Кездесуде сөз алған аудан әкімінің орынбасары Омаров Жарқын Тұрмаханұлы «Кеңес дәуірінің тарихында ең қаралы беттерінің бірі – Ауған соғысы. Қармақшылық азаматтарда Отан алдындағы Интернационалдық борышын абыроймен адал атқарып, от пен оқтың ортасында жүріп, қанды шайқаста батылдық пен еріктің өшпес өнегесін көрсетті. Өздеріңіздің ерлікке толы қаһармандық істеріңіз жастарымызға үлгі бола беретініне сенімдемін. Ауған соғысы құрбандары мен ардагерлерін ұлықтау бүгінгі ұрпақтың парызы», – деді.
Басқосуда «Ауғанстан және аймақтық соғыс ардагерлері кеңесі»қоғамдық бірлестігінің төрғасы Асқар Ерманов сөз алып, Ауған соғысының тарих қатпарында ерекше оқиға ретінде сақталатынын тілге тиек етті. Сондай-ақ, кездесуге шақырып, құрмет білдіріп, ілтипат танытқан аудан әкімінің орынбасарына алғысын жеткізді.
Кездесу соңында аудан әкімінің орынбасары Жарқын Тұрмаханұлы жауынгер-интернационалистердің ерлігін ұлықтап, жастардың бойына патриоттық сезімнің қалыптасуына қосқан үлестері үшін Ауған соғысының бір топ ардагерлеріне аудан әкімінің алғыс хатын табыстады. Сонымен бірге Ауған жерінде азаматтық борышын өтуде қаза болған жерлестеріміздің отбасына сый-құрмет көрсетті.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!