HALYQLINE.KZ Осы аптадан бастап аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев арнайы жиында қала және аудандардың даму динамикасын саралап, негізгі экономикалық көрсеткіштерге талдау жасады. Апта ішінде Сырдария, Қармақшы, Жалағаш ауданының әкімдері көрсеткіштер бойынша есеп беріп, алдағы міндеттерін тізбектеп берді.
Басты талап – экономикалық өсімді арттыру. Макроэкономикалық көрсеткіштермен қарар болсақ, Сырдария ауданы 4-орында, Қармақшы ауданы 6-орынға ығысса, Жалағаш ауданы екінші орынға көтерілген. Әсіресе, Сырдария ауданы құрылыс жұмыстары көлемінің төмендеуіне жол берген жалғыз аудан. Ал, Қармақшы ауданында тамақ өндірісі бойынша теріс тенденция былтырдан бері жалғасып келеді. Жалағашта өсім қалыптасқанымен, төртінші деңгейлі бюджет жоспарын төмен бекіткен.
«Сырдария ауданында жергілікті өндіріске тиісті талдау жасалмау салдарынан корпоративтік табыс салығы өткен жылмен салыстырғанда 71,2 млн теңгеге азайған. Бұл жергілікті өндірістің дамуына, жергілікті бюджеттің тиімді қызмет етуіне кері әсерін тигізуде.
Биыл аудан бюджетінің кірісі жыл аяғына дейін 593,8 млн теңгеге орындалмау қаупі бар. Сондықтан жұмысты ширату керек», – деді облыс әкімі.
Халық табысын арттырудың төте жолы – жаңа жұмыс орындарын құру. Бұл ретте аталған үш ауданда ресми жұмыссыздар санын азайту және тұрақты жұмыс орындарын көбейту аса қажет. Облыс әкімі әр ауданның өзіне тиесілі инвестиция тарту арқылы жаңа жобаларды әкелу қажет екенін сол арқылы жаңа жұмыс орындарын ұлғайту жұмыстарына жете мән беруді тапсырды. Сондай-ақ, инвестиция тарту ісінде міндеттемелердің уақытылы орындалуын қадағалау қажет деді.
«Қармақшы ауданы бойынша 6 айдың қорытындысымен ресми жұмыссыздық деңгейі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,4 пайызға өскен. Ал, жоспарланған 2533 жаңа жұмыс орынның бар болғаны 1073-і ашылса, оның ішінде тұрақтысы 277 немесе 25,8%-ға ғана орындалған. Бұған қоса, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды квотамен жұмыспен қамту бойынша 39 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланғанымен, бүгінгі күнге бірде бір адам жұмысқа орналастырылмаған. Сондықтан жыл соңына дейін нақты шараларды қабылдаңыз»,-деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Талдау жиынында Нұрлыбек Нәлібаев кәсіпкерлік саласында оң динамика сақталған аудандарды атап өтіп, өнім өндіру және ішкі қажеттілікті өтеу мәселесіне ерекше назар аударуды тапсырды. Мәселен, Сырдария ауданында 2533 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 92,5 пайызы нақты жұмыс істейді. Ал, Қармақшы ауданында 3321 бизнес иелерінің 89,9 пайызы нақты жұмыс істейді. Жалағаш ауданында да оң тенденция бар. Ауданда жыл басынан 290 кәсіпкерлік субъектісі ашылған, нәтижесінде кәсіпкерлік субъектілердің 92,5 пайызы нақты жұмыс істейді.
«Жалағаш ауданының облыс орталығына жақын орналасуы бау-бақша және фермерлік кәсіпті дамытуға мүмкіндік береді. Ол үшін ауданда бақша, көкөніс өнімдерін өсіруге және етке негізделген мал, құс шаруашылығын дамытуға жеткілікті жағдай жасау қажет. Бұл ретте жұмысты күшейту қажет, – деді Н.Нәлібаев.
Жиында аймақ басшысы индустрияландыру бағдарламасы аясында жобаларды іске асыру бойынша Сырдарияда жұмыс қарқыны баяулағанын тілге тиек етті. Ал, Қармақшы ауданының әкіміне индустриялық аймақта 2017 жылдан бері жаңадан жоба болмағанын сынға алып, ауданда құс фабрикасын салуды жоспарлы уақытта жүзеге асырып, өзге де индустриялық жобаларды қарастыруды міндеттеді. Жалағаш ауданы әкіміне мия тамырын өңдеу зауытын іске қосу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Өндіріс орны биыл қайта іске қосылып, 190 жаңа жұмыс орны құрылады.
Есеп барысында облыс әкімі кадрлар тиімділігін арттыру мақсатында аудан әкімдіктері қызметкерлерінің еңбек өтіліне және жетістіктеріне талдау жасау қажет екенін айтты. Мәселен, Сырдария және Қармақшы ауданарындағы кейбір лауазымды тұлғалар «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңына енгізілген өзгерістерді назарға алмауы салдарынан бірқатар заң бұзушылықтарға жол берген. Сондай-ақ, өңір басшысы аудандағы мектеп және балабақша директорлары көптеген жылдар бойы бір қызмет орнында қалғанын ескертіп, заңнама аясында ротациялауды қарастыруды тапсырды. Қызмет барысында заңсыздыққа жол берген аудан әкімдерінің орынбасарлары, ауыл әкімдері мен бөлім басшылары жауапкершілікке тартылатынын жеткізді.
Айта кетейік, келесі аптада Шиелі, Жаңақорған, Арал, Қазалы аудандары мен Қызылорда қаласының даму динамикасы сарапқа түсіп, әкімдердің есебі тыңдалады. Мұндай жиындар тұрақты түрде жалғасатын болады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!