Жалағаш ауданы – ауыл шаруашылығы саласына негізделген аймақтың бірі. Аудандағы 335 шаруашылықтың 199-ы егінмен, ал 136-сы мал шаруашылығымен айналысады. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының бекітілген сызбасына сәйкес 37 676 гектар жерге егін егілген. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимов айтты.
– Ауыл шаруашылығы – өңір экономикасының негізгі саласының бірі. Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес ауданда егіс алқабын әртараптандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл суды аз қажет ететін дақылдар өткен жылмен салыстырғанда 597 гектарға көбейтілген. Егін шаруашылығымен бірге ауданда мал шаруашылығы да даму үстінде. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда аудандағы жылқы басының саны 5,8 пайызға, мүйізді ірі қара 4,4 пайызға артқан. Сонымен қатар, кейінгі жылдары ауданда жол құрылысы қарқын алып, елді мекендердің ішкі көшелері орташа және күрделі жөндеуден өткізілуде. Осы мақсатта биыл 5 жоба іске асырылып жатыр. Қазіргі таңда Жалағаш ауданы бойынша елді мекендерге бағытталған негізгі күре жолдардың барлығына күрделі жөндеу жұмыстары жасалды. Ел Президентінің, үкімет басшысының және аймақ басшысының қолдауымен ауданаралық жолдардың мәселелері толық шешімін тапты. Одан бөлек, елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша нақты жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда аудан халқы 100 пайыз орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтамасыз етілген, – деді Ардақ Әбдіғаппарұлы.
Бүгінде Жалағаш ауданындағы тұрғындардың 45,1 пайызы көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Өткен жылы басталған Ақсу, М.Шәменов елді мекендерін газдандыру жұмыстары қыркүйек айында аяқталып, жылу беру маусымына дейін іске қосылады деп күтілуде. Бұл жобалар жүзеге асырылған уақытта аудан тұрғындарының 57,8 пайызы газбен қамтылатын болады.
– Ауданды көгілдір отынмен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады. Биыл Қаракеткен, Далдабай және Бұқарбай батыр елді мекендерін газдандыруға жоба-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптама өтуде. Сонымен қатар, Жалағаш кентіндегі №123, №246 орта мектептерін табиғи газға ауыстыру бойынша да құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, биыл аудандық бюджет есебінен 2 әлеуметтік нысан газ отына қосылатын болады,- деді Ардақ Әбдіғаппарұлы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!