Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аудан әкімі ауыл тұрғындарының мәселесін тыңдады

23.08.2022, 10:00 411

HALYQLINE.KZ Кеше Шиелі ауданының әкімі Нұржан Ахатов Алғабас, Бестам, Әбділдә Тәжібаев елдімекендерінің халқымен кездесті. бұл туралы Шиелі ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесуге ауыл тұрғындары, аудандық мәслихат хатшысы Т.Жағыпбаров, мекеме басшылары, зиялы қауым өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері қатысты.

Кездесу барысында тұрғындар тарапынан көшелерді жарықтандыру мен асфальттау, аяқ сумен қамтамасыз ету, интернет байланысының сапасы, мал жайылымына қатысты мәселелер көтерілді.

Аудан әкімі Нұржан Сәбитұлы ауыл тұрғындары көтерген әрбір мәселеге жауап беріп, мәселелерді шешу үшін жан-жақты қарап, сала мамандарымен бірлесе отырып, тиісті шаралар қабылданатындығын жеткізді.

Айта кетейік, биылғы жылы 175 млн. теңге бөлініп отыр. Оның ішінде 2 көшені орташа жөндеуге 40 млн теңге, газ құбыры және кварталішілік газ тарату желілерінің құрылысына 118 млн теңге, газ тарату желілерін салу жерге орналастыру актісін алуға 8 млн теңге қаралып отыр.

Сонымен бірге, тұрғындарды тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін 1 дана трансформатор алуға 2 млн 700 мың теңге бөлінді. Ауылдық округтің 40 тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ, әлеуметтік жұмыс орындарына 2 адам, жастар тәжірибесімен 13 адам, ақылы қоғамдық жұмыстарға 44 адам тартылды. Биылғы жылы Алғабас ауылы көгілдір отынға қосылып, ел игілігін көруде.

Бестам ауылдық округі бойынша биылғы жылы 116 млн.теңге бөлінді. «Ауыл ел бесігі» бағдарламасымен 7 көшені орташа жөндеуге 113 млн теңге және 1 дана трансформатор алуға 2 млн 700 мың теңге қаржы қаралып отыр. 2022-2023 жылдарға Бестам елді мекенін газдандыру жұмыстарының құрылысына құны 340,4 млн теңгеге жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. 2023 жылы республикалық бюджеттен қаржыландыру үшін өтінім ұсынылды.

Телікөл ауылдық округі бойынша биылғы жылы бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Ауылдың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеру бағытында 321 млн теңге қаржы бөлінді.

Ауылға кіре-беріс көпірді күрделі жөндеу жұмыстарына 305 млн. теңге, 3 көшені ағымдағы жөндеуден өткізуге 11,5 млн теңге қаралып тиісті жұмыстар жүргізілуде. Елді мекенді тұрақты электр энергиямен қамтамасыз ету үшін 1 дана трансформатор алуға 2 млн 700 мың теңге қаржы бөлінді.

Тәжібаев елді мекенін газдандыру жұмыстарының құрылысына жалпы құны 818,1 млн теңгеге жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың қарауына ұсынылды. Сараптаманың оң қорытындысы алынған жағдайда, жобаны қаржыландыру бойынша жұмыс атқарылатын болады. Кездесу соңында ауыл тұрғындары әкімнің жұмысына сәттілік тіледі, елдің абыз ақсақалдары алғыстарын білдіріп, ақбаталарын берді. Аудан әкімінің ауылдардағы келесі кездесуі 23 тамыз күні Жаңатұрмыс, Иіркөл, Бәйтерек ауылдық округтерінде жалғасады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: