HALYQLINE.KZ Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетовтың халықпен кездесуі Жіңішкеқұм және Атанши ауылдық округтерінде жалғасты. Аудан басшысы алдымен Жіңішкеқұм ауылдық округінде болып ауыл халқына 2022 жылғы жеткен жетістіктерді баяндап, алдағы жоспарларды ортаға салды.
«Балалар жылына орай, Арал қаласынан 2 ойын-сауық орталығы ашылып, демеушілер есебінен 6 ойын алаңы пайдалануға берілді. Сондай-ақ, ауданда 5 балабақша іске қосылып, бүлдіршіндерімізді қуантып отыр.
Урбанизация және демографиялық процестерге байланысты 2025 жылға дейін білім ордалары салу көзделіп отыр. Осы орайда, «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында биыл 2 мектептің құрылысы басталады. Ал, өздеріңіз білетіндей №248 орта мектептің құрылысы облыс әкімінің қолдауымен демеушілер есебінен жасалынуда. Көктем айында жұмыстар қайта басталады. Сондай-ақ білім нысанын өз қаражатынан жүргізіп жатқан кәсіпкермен мектептің ғимаратын сапалы әрі уақытылы жаңа оқу жылына дейін аяқтау бойынша келіссөздер жүргізілді», – деді аудан әкімі С.Сермағанбетов.
Мұнан соң аудан әкімі шалғайда орналасқан Атанши ауылдық округіне ат басын бұрды. Серік Сағитжанұлы өткен жыл Арал ауданы үшін жемісті жылы болғандығын, ауыл шаруашылығы бойынша аудандар арасында үздік болып танылғандығын және егістік көлемін ұлғайту бойынша да сан-салалы жұмыстардың атқарылғандығын жеткізді. «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мақсатында 2022-2024 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы саласын дамытудың Жол картасы әзірленіп, бекітілді. Жол картасы аясында 3 бағыт бойынша 30 жоба іске асырылып, ауданға 792 млн теңге инвестиция тартылса, 200-ге жуық адам жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етілетін болады.
Қазіргі таңда, ауданды егін шаруашылығына бейімдеу жұмыстары қолға алынуда, 2021 жылы 166,7 гектар жерге егін егілсе, 2022 жылы бұл көрсеткіш 704,2 гектарға жетті. Ал, 2024 жылға дейін 3000 гектарға жеткізуді жоспарлап отырмыз» деп алдағы міндеттерге де тоқталды. Есепті кездесуден соң аудан әкімі ауыл тұрғындарын жекелеген мәселелер бойынша қабылдады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!