Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аудан әкімі Ақирек ауылында болды

16.04.2025, 7:00 402

Кеше аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев жұмыс сапарымен Ақирек ауылдық округіне барып, өңірде қолға алынып жатқан біршама жұмыстармен танысты. Алдымен 2023 жылы бастау алған «Самара-Шымкент-Бекбауыл» автомобиль жолының 21,2 шақырым болатын аудандық маңызы бар жолдың жай-күйімен танысты.

Қазіргі таңда аталған жолдың 20 шақырымына қиырышық тас (ГПС) төселініп, 1,2 шақырым жолына қажетті материладры нысан басына жеткізілуде. Жалпы құны 1,5 млрд теңгені құрайтын жол құрылысын «Строй модуль-Астана» ЖШС қолға алған. Құрылысы қарқынды жолдың бүгінде көптің үмітіне айналғаны белгілі. Мердігер мекеме ағымдағы жылдың шілде айына дейін жұмысты аяқтауды жоспарлауда. Аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы құрылысы жүріп жатқан жолда мердігер мекеме өкілдерімен жүздесіп, қолға алған жұмысты сапалы әрі мерзімінде бітіруді тапсырды.

Мұнан соң Сыр беткейдегі жұртшылықтың игілігі үшін қолға алынған ең ауқымды бастамалардың бірі – Қамыстыбастың тұсындағы автоматты газ тарату стансасының құрылыс жұмыстарымен танысты. «Бейнеу-Шымкент» магистарльды газ құбырынан 28 шақырым қашықтықтағы маңызды газ желісінің бүгінде 24 шақырымы тартылып, қалған 4 шақырымдай газ желісі алдығы уақытта толық аяқталады деп күтілеуде. Жобаның құрылыс жұмыстарын қолға алған «Транс Азия Констракшн» ЖШС мердігер мекемесі тарапынан құрылыс аумағында барлығы 12 техника, 25 адам жұмыс жүргізуде.

Бұл станса арқылы 18 елді мекендегі 15 мыңға жуық халыққа кезең-кезеңімен көгілдір отын жеткізуге мүмкіндік болады. Осыншама ағайынның арманын ақиқатқа айналдыратын ауқымды жобаның игілігін Қамыстыбастан бастап жақын ауылдар кезең-кезеңімен көре бастайды. Аудан басшысы мекеме жұмысшыларымен тілдесіп, бүгінгі күнге дейін жүргізілген жұмыстардың жай-жапсарына қанықты. Мекеме өкілдерімен тілдесіп, ауқымды жұмысты аяқсыз қалдырмай, айтылған мерзімде, белгіленген уақытта бітіруге күш салу керектігін жеткізді.

Ауданның туристік әлеуетін арттыруда Қамбаш көлінің маңызы зор. Биыл Сырдария өзенімен келетін су көлемінің мол болуы және «Аспай» су ағытқысының көмегімен Қамыстыбас-Ақшатау көлдер жүйесі толықтай су алды. Қамбаш көлінің де арнасы толып, бұрын жағалаудан 400-500 метрге алыстап кеткен көл жағажайдағы шағын үйлердің маңына келген. Демек бұл ұрымтал тұсты ұтымды пайдалану арқылы ауданның туристік әлеуетін арттырауға мол мүмкіндік.

Аудан әкімі Аққұмшық жағажайында жауапты азаматтармен тілдесіп, алдағы уақытта бұл маңды толық талапқа сай ету мәселесін көтерді. Жергілікті кәсіпкердың алдағы жоспарына назар қойып, оң өзгерістерге бастайтын бастамаларға қолдау болатынын жеткізді.

– Өздеріңіз білетіндей ауданда ең маңызды туристік аймақ саналатын Қамбаш көлінің биыл арнасы толды. Осы тұста бұл жерге жыл сайын алыс-жақын аймақтардан туристер келетінін ескерсек, биыл келушілердің санын еслеп артуы мүмкін деген ой бар. Бірақ біз ең алдымен осы жерге келген әрбір тынығушыға ерекше жағдай жасалуын ойлаймыз. Бұрынғы көзқарастан арылып, жабайы мәдениетті қойуымыз керек. Тауықтың күркесіндей бастырмаларда қонақ жайлап, ауданның дәрежесіне дақ түсіруге болмайды. Сондықтан осы маңдағы талапқа сай келмейтін демалыс орындарын көз тартар керемет ғимараттарға алмастыру қажет етіледі. Мәселен автотұрақ, түнгі жарық, тазалық және қоғамдық әжетхана мәселесі толық талапқа сай болуы тиіс. Осы маңнан табыс табам, жұмыс істеймін деуші кәсіпкерлерге қойылар талап сондай. Қазірден соған бейімделе бастау керек. Оған мүмкіндігі бар кәсіпкерлер жеткілікті, – деді аудан әкімі.

Осы мәселеге қатысты азаматтардың ұсынысына құлақ түрген аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы туристік әлеуетімізді арттыру жолында еңбек етемін деуші азаматтарға әркез қолдау балатынын жеткізді.

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: