HALYQLINE.KZ Мәжілісте бекітілген күн тәртібіне сәйкес аудан бюджетінің 11 ай қорытындысымен атқарылуы мен жыл қорытындысымен болжамды игерілуі және бюджетке түсетін түсімдердің орындалуы, аудан бойынша кәсіпкерлікті дамыту бағытында атқарылған жұмыстар, аудан бойынша 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобаның орындалуы, аудан бойынша дене шынықтыру және спорт саласында атқарылған жұмыстар қаралды. Мәжілістің күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудандық қаржы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Анар Құрманәлиева аудан бюджетінің атқарылуы туралы баяндаса, қосымша хабарламашы Жалағаш ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Руслан Байғазиев аудан бойынша бюджетке түсетін түсімдердің орындалуы туралы айтты.
Асқарбек Темірбекұлы Жалағаш ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Руслан Байғазиевқа жыл аяғына дейін жоспарланған салық түсімдерінің толық орындалуын, кент және ауылдық округ әкімдері орындалмай тұрған салық төлемдерінің толық бюджетке түсуін қамтамасыз етуді қатаң тапсырды. Келесі кезекте, мәжілісте бекітілген күн тәртібіне сәйкес аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ғабит Ербол аудан бойынша жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағытында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы баяндады. Биылғы жылдың 10 айында аудан бойынша 3023 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркеліп, 2845 немесе 94,1 пайызы нақты жұмыс тұр. Бұл өткен жылмен салыстырмалы түрде 120,2 пайызға орындалып отыр. Негізгі каптиалға тартылған инвестиция көлемі биыл 10 айда 2 млрд 394,2 млн теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 100,5 пайызды құрап отыр. Дегенмен аудан әкімі Асқарбек Темірбекұлы кәсіпкерлік саласын дамыту мақсатында әлі күнге дейін орындалмаған тапсырмалар бар екендігін атап өтті.
– Кәсіпкерлік саласын дамыту жұмыстарына бастамашы мен емес, Сіз болуыңыз қажет екендігін ескерткен болатынмын. Ауданда өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатында кәсіпкерлерге бұл саланың тиімділігі мен артықшылығын түсіндіру жұмыстарын жүргізу; несие алудың қадамдық жолдарын әзірлеп, кент және ауылдық округ әкімдеріне беру; кәсіпкерлік субъектілері аз және несие алу жоспарлары төмен ауылдарға түсіндірме жұмыстарын тұрақты түрде жүргізу тапсырылды. Дегенмен әлі де нәтиже көңіл көншітерлік емес, – деді аудан басшысы.
Жалпы кәсіпкерлікті дамыту бағытында кент және ауылдық округі әкімдерінің атқарып жатқан жұмыстары жеткіліксіз екендігін де тілге тиек етіп, 10 желтоқсанға дейін уақыт берді. Кәсіпкерлік саласы бойынша арнайы жиналыс өткізетінін де айтты. Мәжілістің үшінші мәселесі аудан бойынша биылғы жылы 2420 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған, осы жылдың 1 желтоқсанына 1982 жаңа жұмыс орындары ашылды. Бұл туралы аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Қанат Бөлембаев мәлімдеді. Аудан басшысы ауданның мәліметі облыстық тиісті басқарманың мәліметімен сәйкес келмейтіндігін, жыл қорытындысымен кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында аудан бойынша бекітілген жоспардың толығымен орындалуын қамтамасыз ету қажеттігін айтып, 3 күн ішінде нақты атқарылатын жұмыстарды баяндауын тапсырды.
Күн тәртібіндегі төртінші мәселе бойынша аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Жамалатов баяндады. Биылғы жылдың 11 айында 156 спорттық материалдық-техникалық база тіркелген. Ауданда дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 38 пайыз немесе 13501 адамды құрап отыр. Биылғы жылдың 11 айында ауданда барлығы 87 спорттық іс-шара өткізіліп, 14221 тұрғын тартылды. Облыстық бюджет есебінен кентте жаттығу және стритбол алаңы пайдалануға берілсе, кентте дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде.
Аудан басшысы бассейннің жұмысын сынға алып, жабық бассейннің тұрақты жұмыс істелуін, келушілерге заңда белгіленген нормаларға сәйкес қызмет көрсетуін қадағалауды тапсырды. Күн тәртібіндегі мәселелерден бөлек Асқарбек Есжанов білім беру мекемелеріне арнайы тексеру жүргізіп, кемшіліктерді қалпына келтіруді, білім ошақтарындағы балалардың қауіпсіздігін пысықтауды білім бөлімінің басшысына, мектеп директорларына қатаң тапсырды.
Мереке күндері халыққа қызмет көрсететін мекемелердің, оның ішінде төтенше жағдай, ауыз су, электр жүйесі, газбен қамту, ғаламтор желісінің жұмысында үзіліс болмауын, төтенше жағдайлар орын алғанда арнайы тұрғындар үшін жедел желі телефонымен қамтамасыз етуді тапсырды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!