HALYQLINE.KZ Бүгін Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев Әйтеке би кентінің тұрғындарымен кездесіп, талап-тілектерін тыңдады.
«Жеңіс» саябағында өткен жиында Мұхтар Әуесұлы ең әуелі жиылған көпшілікті қасиетті Құрбан айт мерекесімен құттықтады. Мұнан соң жыл басынан бері ауданда атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды тілге тиек етіп, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Ұсыныс-пікірлерге кезек келгенде тұрғындар өздерінің мұң-мұқтаждарын аудан басшысының назарына ұсынып, ойларын ортаға салды. Нақтыласақ, бірнеше көшеге жаяу жүргіншілер жолы қажет екені, жол жайы және түнгі жарықшамдар орнату мен ауыстыру мәселесі көтерілді. Сонымен қатар тұрғындар аудандағы биылғы асфальтталған көшелерге жол белгілерін көптеп орнату керектігін, қоғамдық көліктің уақытылы қатынауын бақылауды және тағы бірқатар өзекті мәселелерді аудан басшысының назарына салды.
Аудан басшысы тұрғындардың талап-тілегі ескерусіз қалмайтындығын, қажетті шаралар бірлесіп атқарылатындығын жеткізді. Сондай-ақ, айтылған ұсыныстарға байланысты жауапты сала жетекшілеріне бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Басқосу соңында Әйтеке би кентінің тұрғындары аудан көлеміндегі атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, алдағы жұмыстарға сәттілік тіледі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!