Тұтастай елдің амандығы, бүтіндігі мен бірлігі сол мемлекет басшысының жауапкершілігіне кіреді. Дегенмен, бір ғана президент түгел бұқараның амандығын бақылап, мәселесін шешуге үлгермеуі мүмкін. Сол үшін әр өңірге басшылар тағайындап, жоқты бар етіп, барды көбейтуді бұйырады. Мұндай уақытта әкімдерге түсетін күш пен сенім орасан зор. Осындайда елдің алғысын алу үшін бар маңдай терін төге жүріп қызмет ететін жандар барынша сол өңірге сыйлы, беделі асқақ күйінде жұрт жадында сақталады. Сол үшін әкімдік қызметке келерде барынша жауапкершілікті сезіну мен тұрғындардың өтінішін қанағаттандыруды басты мақсатқа айналдырып алған жөн. Дегенмен, бұл – түсінікті дүние. Ал әкімдерге қандай жағдай жасалған және олар қайда тұрады? Бұл сұрақтарға көбі жауап іздей бермейді. Сауалға жауап іздеп, Қызылорда облысы әкімінің аппарат басшысына хат жолдадық. Онда шаһар мен жеті ауданның әкімі қайда тұратыны және мемлекеттен қандай көмек болатыны жөнінде сұрадық. Жауап төмендегідей.
«Журналистердің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» деген афоризм осы мәселеге де қатысты секілді. Әкім болумен қатар, халқына жақын болуды құп көргендерге өзі басқаратын ауданнан қызметтік үй берілетінін білдік. Бірақ, қала әкіміне бөлек тұрғын үй берілмеген екен. Ал, Жаңақорған әкімі Мұрат Жолкелдіұлы үкімет меншігіндегі 148,4 шаршы метр жерді қамтитын тұрғын үйде тұрса, Шиелі ауданының әкімі Нұржан Сәбитұлына 123,1 шаршы метрді алатын тұрғынжай берілген. Сол сияқты, Сырдария ауданының әкімі Мұрат Нәлхожаұлы 111,7 шаршы метрді құрайтын қызметтік үйде тұрады. Жалағаштық әкім Асқарбек Темірбекұлы болса, 240,7 шаршы метрлік үйде қоныстанған. Одан кейінгі Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбекұлына 128 шаршы метрді алатын тұрғын үй берілсе, Қазалы ауданы әкімі Мұхтар Әуесұлы 167,7 шаршы метрді құрайтын үйде тұрады. Арал ауданына әкім болған Серік Сағитжанұлына 144,1 шаршы метрді алатын үй берілген. Міне, аудан әкімдері тұратын үйдің ауданы осыған тең. Бірақ, жеті аудан әкіміне берілген тұрғын үйдің ауданы мен жер көлемі әртүрлі. Дегенмен, бұл цифрларға қарап, сол ауданның жағдайына баға беруге болмайды. Бір таңғаларлығы аудан әкімі аппараттарының теңгерімдегі тұрғын үйлерді күтіп-ұстауға қаржы қаралмапты және соңғы жылдары күрделі жөндеу жұмысы да жүргізілмеген. Бұл мәліметтер облыс әкімінің аппарат басшысының орынбасары Е.Бәкіровтың мәліметтерінен алынды.
Ауданның әл-ауқаты мен тұрғындардың жағдайын бақылап, атқаруға тиісті шараларды қабылдау үшін түрлі бағыттағы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Аудандардың өзара бәсекелестікке қабілеттілігінде өсім бар. Оны бұған дейін басылым бетінде жариялап, жұмыстарымен ақпараттандырдық. Осыдан кеп, ойлы оқырманның кеудесінде «мемлекеттік қызметкерлердің барлығына неге қызметтік үй қарастырылмайды?» деген сауал келуі мүмкін.
Әрине, ол заңды. Соңғы уақыттары жастарды ауыл-ауданға бағыттаудың біршама тетігі қарастырылса да, одан жасалатын жағдай көңіл көншітпейді. Жалақының да көлемі мәз емес. Сондықтан, қызметке орналасқан әрбір адам ол жерде қалғысы келмей, өзге жұмыс көзіне ауысуды ойлайды. Ал, ауданға әкім болып барған мемқызметкерлер қаншама уақыт бойы қызмет бабында жүріп, үкіметтің берген үйінде тұрудан жалтармайды. Сонда, жоғарыда айтқан күрделі жөндеу жұмыстарының аз жасалуы оның ұзақ уақытқа дейін сақталып тұруына әсер ететінін түсінеміз. Ал, жалақы жөніне келсек, табыстың мөлшері аз деп айтуға келмейді. Бірақ, жаңағы жастардың да, тағайындалған әкімдердің де статусы – мемлекеттік қызметкер. Айтқымыз келгені, әкімдерге жағдай жасалмайды емес, жасалады, тіпті, оларға қызметтік үй де, көлік те қарастырылып қойған. Ауданға бағдарламаның бабымен келгендерге де осындай жағдай жасап қойса, бәлсінбей, қызметін атқара берер еді ғой. Біз мұны салыстырмалы түрде жеткіздік. Ал «аудан әкімдері қайда тұрады, оларға жағдай жасалған ба?» деген сұраққа оралсақ, үкімет өз-өзін ешқашан тамұққа тастамайды, биікке шығарып, жағдайын жақсартады. Билік басында жүріп, халықтан төмен дәрежеде өмір сүру – мүлде елестетуге де келмейтін дүние. Әл-Фарабише айтсақ, «Халыққа қызмет етемін деген басшының ойында байлық, ілгері мансап тұрмауы керек. Ол шын ниетімен ғана іске кіріссе тілегіне жетеді, ал дүние қуаласа, бұл жолда іздегенін адал таппауы мүмкін». Осы түйіннің артында қаншама ойдың ұшы шығып жатыр. Тарқатқан сайын, тініне бойлай бересің. Дегенмен, тоғыз ауыз сөздің тобықтай түйіні біздің елде басшы да, қосшы да аш қалмайды, үкімет жәрдемдеседі, халық болып көмек көрсетеді. Осы жағдай әрбір тұрғынға да бұйырса екен деген тілегіміз бар. Қалғанына – уақыт төреші.
Ердәулет СӘРСЕНҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!